Маңғыстау облысы прокуратурасымен «Алаңсыз үй» жобасы аясында Достық үйінде»«Зорлық-зомбылықсыз отбасы – бақытты қоғамның негізі» тақырыбында тренинг өткізілді.
Іс-шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мәслихат депутаттары, білім беру саласының қызметкерлері, кәсіпкерлер, көпбалалы аналар, сондай-ақ 200-ге жуық әйел қатысты.
Тренингтің негізгі мақсаты – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, зардап шеккендердің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамда қауіпсіз әрі үйлесімді отбасылық ортаны қалыптастыру.
Тренинг барысында спикерлер отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары, отбасылық құндылықтарды сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау бағыттары бойынша баяндама жасап, практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар үшін психологиялық және құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша консультациялар ұйымдастырылды.
Іс-шараның маңызды бөлігі – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тікелей тап болған әйелдің арнайы қонақ ретінде қатысуы болды. Ол өз басынан өткерген қиындықтары, қалыпты өмірге қайта оралу жолы және дер кезінде көмекке жүгінудің маңыздылығы туралы жеке тарихымен бөлісті. Оның өмірлік тәжірибесі зорлық-зомбылыққа бейжай қарамаудың және қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсетудің маңыздылығын көрсетті. Әрбір адам қауіпсіздікке, құрметке және қорқынышсыз өмір сүруге құқылы.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар отбасы институтын одан әрі нығайтудың, профилактикалық жұмыстарды жалғастырудың және қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Маңғыстау облысының прокуратурасы