Қарттар күніне орай Көкшетау қаласында өткен облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 200 тоннадан астам жаңа өнім жеткізілді. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қала тұрғындарына өз өнімдерін ұсынып, жәрмеңкеде 50 павильонға орналастырылған 100 сауда орнын қамтыды.
Сауда сөрелерінде сатып алушылар арасында ең жоғары сұранысқа ие өнімдер ұсынылды. Атап айтқанда, 50 тоннаға жуық ет өнімдері, 20 тонна сүт өнімдері, сондай-ақ 40 тоннаға жуық көкөніс пен картоп жеткізілді. Сонымен қатар жәрмеңкеден балық, жұмыртқа, ұн, жарма, өсімдік майы, маусымдық өнімдер мен көшеттерді сатып алуға болады.
«Жәрмеңкеге облыстың он ауданынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып отыр. Тұрғындардың ұсынылған өнімдерге белсенді қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз. Біздің аграршылар үшін мұндай жәрмеңкелер игі дәстүрге айналса, тұрғындар үшін қажетті өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.
Жәрмеңке қазан айы бойы өтетін Қарттар күніне арналған айлық аясындағы іс-шаралардың бірі болды. Осы кезеңде өңірде аға буын өкілдерін қолдауға бағытталған бірқатар іс-шара өткізу жоспарланған.
Саудада тұрақтандыру қорындағы өнімдерге ерекше сұраныс байқалды. Қала тұрғындарына сиыр еті, қант, күріш, бірінші сұрыпты ұн, тұз, күнбағыс майы, макарон өнімдері, сондай-ақ картоп пен сәбіз нарықтағы бағадан 10–15%-ға төмен бағамен ұсынылды.
«Жәрмеңке өткен сайын осында келіп, қажетті азық-түліктерімді сатып аламын. Бүгін Зеренді ауданынан әкелінген жылқы етін сатып алдым – еттің балғын екені бірден көрініп тұр, бағасы да қолжетімді. Мұндай жәрмеңкелер қала тұрғындары үшін өте пайдалы. Мұнда сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға болады. Жолдасым екеуміз бірге келуге тырысамыз – әрі қажетті заттарымызды аламыз, әрі жақсы көңіл-күймен қайтамыз», – дейді қала тұрғыны Салима Сахаева.