Жаңалық

Жаңалық
ОРДАБАСЫДА «ДАЛА ДӘМІ» ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕ 30 ТОННА АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНІМІ САТЫЛЫМҒА ШЫҒАРЫЛДЫ
Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан ауылында «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған ауданның 10 ауылдық округінен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпкерлер қатысып, тұрғындарға өз өнімдерін ұсынды.
Жәрмеңкеде жалпы көлемі 30 тонна болатын азық-түлік өнімі саудаға шығарылды. Атап айтқанда, «Ордабасы құс» ЖШС-нің күркетауық еті, «Инфрастрой ЛТД» ЖШС-нің тауық еті, сондай-ақ балық, көкөніс, бақша дақылдары, бал және сүт өнімдері сатылды.
Тұрғындар үшін барлық өнім нарықтағы бағадан 20 пайызға төмен бағамен ұсынылды. Бұл жергілікті халықтың сапалы азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып алуына мүмкіндік берді. Жәрмеңкенің өту барысымен аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы танысты. Олар саудаға шығарылған өнімдердің түрлері мен бағаларын зерделеп, тауар өндірушілермен және тұрғындармен пікірлесті.
Айта кетейік, «Дала дәмі» жәрмеңкесі жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға, өнімді делдалсыз тікелей тұтынушыға жеткізуге және азық-түлік бағасының қолжетімді болуына бағытталған.
Алдағы уақытта жәрмеңке әр сенбі сайын Темірлан ауылында тұрақты түрде ұйымдастырылып, тұрғындарға жергілікті өнімдерді тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік бермек.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kogamdyk-damu/press/news/details/1304584?lang=kk