Төлеби ауданынан тағылымды сапарға аттанған 50-ден астам қария мен әже тарихи-мәдени және рухани маңызы зор қасиетті орындарға зиярат етті.
Сапар барысында аға буын өкілдері Сайрам ауданындағы Ибрахим ата кесенесіне, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесіне және Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, киелі орындардың тарихымен танысты.
Қариялар қасиетті мекендерге зиярат етіп, рухани тынығып, өзара әңгіме-дүкен құрды. Сапар барысында арнайы дастархан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылды.
Тағылымды сапар аға буын өкілдеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың өзара араласуына, рухани тынығуына және тарихи-мәдени мұралармен жақынырақ танысуына мүмкіндік берді.
Сапар соңында қариялар осындай игі бастамаға қолдау көрсетіп, саяхатты ұйымдастырған азаматтар мен демеушілерге ризашылықтарын білдірді.
Қарияларды қадірлеу, олардың еңбегін бағалау және өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа насихаттау – ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың маңызды бағыттарының бірі. Мұндай игі бастамалар аға буын өкілдеріне деген құрметті арттырып, олардың қоғамдағы белсенділігін қолдауға ықпал етеді.