Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қала аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс, жылу желілерін жаңғырту және жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының барысын тексерді.
Алдымен қала әкімі «Ынтымақ» тұрғын үй алабында салынып жатқан бес қабатты, 200 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылыс барысын көрді. Қазіргі уақытта нысандарда ішкі әрлеу және қасбеттерді әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қасбет жұмыстарын 15 қазанға дейін толық аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар тұрғын үйлердің аумағын абаттандыру жұмыстары қатар атқарылуда. Қала әкімі мердігер ұйымға құрылыс сапасына баса мән беріп, белгіленген мерзімдерді қатаң сақтауды тапсырды.
Одан кейін әкім «Беркек» коттедж қалашығында салынып жатқан жаңа қазандықтың құрылысымен танысты. Бүгінде нысандағы жұмыстардың 90% аяқталған. Қала әкімі нысанды сапалы әрі уақытылы іске қосу бойынша жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді.
Сондай-ақ қала әкімі 11 және 12-шағын аудандарда жүргізіліп жатқан жол құрылысы жұмыстарын тексерді. Қазір мұнда жаңа жол салу жұмытары қарқынды жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Біржан сал көшесінде «Ұлттық жоба» аясында жүргізіліп жатқан жылу желілерін жаңғырту жұмыстары назарға алынды. Қала әкімі жауапты мамандарға жылу маусымына дейін желілерді толық дайындап, барлық жұмысты сапалы аяқтауды тапсырды.
Аралау барысында «Креативті орталық» ғимаратында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары да тексерілді. Қазіргі уақытта ғимаратты жаңғырту және заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі жөндеу сапасын қамтамасыз етіп, бекітілген құрылыс кестесін қатаң сақтауды тапсырды.