АСТАНАДА «ӨКПЕНІҢ ИНТЕРСТИЦИАЛДЫҚ АУРУЛАРЫ» II ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

АСТАНАДА «ӨКПЕНІҢ ИНТЕРСТИЦИАЛДЫҚ АУРУЛАРЫ» II ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

 

Астанада «Өкпенің интерстициалдық аурулары» II Қазақстандық форумы өтті. Бұл – респираторлық медицинаның ең күрделі бағыттарының бірі болып саналатын өкпенің интерстициалдық ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылауға және тәжірибе алмасуға арналған кәсіби алаң.

Форумның жұмысына Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден 20 спикер, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірінен респираторлық медицина саласының 92 маманы қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – диагностикасы мен емі қазіргі пульмонологияның күрделі міндеттерінің бірі болып қала беретін өкпенің интерстициалдық аурулары (ӨИА) саласындағы мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыру.

Қатысушыларға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гульнара Сәрсенбаева, ҚР ПІБ Медициналық орталығының бас директоры Роза Қарабаева, Еуропалық респираторлық қоғамның (ERS) президенті, профессор Joanna Chorostowska, Ресейдің бас пульмонологы, академик Сергей Авдеев, Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас пульмонологы, профессор Талант Сооронбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас пульмонологы Назира Латыпова және «Ұлттық респираторлық қоғам» ҚБ төрайымы Айжан Пак құттықтау сөз сөйледі.

Форумның барысында өкпенің интерстициалдық аурулары бар пациенттерді диагностикалау, емдеу және ұзақ мерзімді мониторингтеуге қатысты мәселелердің кең ауқымы қаралды, оның ішінде этиологиясы белгілі аурулармен қатар,себептері белгісіз болып қалатын идиопатиялық түрлеріне де ерекше назар аударылды.

Ерте диагностикалаудың заманауи әдістеріне және антифиброздық терапияны уақтылы тағайындауға, сондай-ақ ӨИА жіктеуіндегі өзгерістер мен пациенттерді қадағалап-қараудың жаңа тәсілдеріне айрықша көңіл бөлінді.

ҚР ПІБ Медициналық орталығының Республикалық респираторлық медицина орталығы ӨИА-ны диагностикалау және емдеу бойынша өз тәжірибесін, оның ішінде нақты клиникалық практикадан алынған жағдайларды ұсынды. Орталық заманауи сараптамалық жабдықтармен қамтамасыз етілген және тыныс алу ағзаларының күрделі ауруларын диагностикалаудың жоғары
технологиялық әдістерін енгізуде.

Орталық жұмысының маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстанда алғаш рет өкпенің интерстициалдық аурулары бар пациенттердің электрондық тіркелімінің құрылуы. Оның базасында пациенттердің жағдайын бағалап, антифиброздық терапияны тағайындауға көрсетілімдерді айқындайтын мультидисциплинарлық сараптамалық комиссия жұмыс істейді.

Жыл сайын еліміздің әр өңірінен келген жүздеген пациент Орталықта мамандандырылған медициналық көмек алады, оның ішінде диагностика жүргізу, емдеу тактикасын айқындау және кейінгі динамикалық бақылау қызметтері көрсетіледі.

Форумның жұмысына Ресейдің жетекші сарапшылары да қатысты. Олардың қатарында өкпе артериялық гипертензиясы саласының маманы Наталья Царева және ауыр тыныс жеткіліксіздігі бар пациенттерге респираторлық қолдау көрсету бойынша сарапшы Гульнара Нұрәлиева бар.

«Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ UMC клиникалық академиялық кардиохирургия департаментінің директоры Талғат Лесбековтің баяндамасы да ерекше қызығушылық тудырды. Ол Қазақстанда өкпе трансплантациясын дамытудың негізгі бағыттары туралы ақпарат ұсынды.

Форум аясында өзекті ғылыми деректер мен бұған дейін Барселонада өткен Еуропалық респираторлық қоғамның (ERS) жыл сайынғы халықаралық конгресінің негізгі қорытындылары да таныстырылды. ҚР ПІБ Медициналық орталығының Респираторлық медицина орталығының мамандары конгресс жұмысына қатысты.

Форумның қорытынды сессиясы күрделі клиникалық жағдайларды талдауға арналды. Оларды ҚР ПІБ Медициналық орталығының Респираторлық медицина орталығының жас мамандары Сагади Н.М. және Даузова А.С., Алматы қаласының пульмонологы Нигматова Д.С., сондай-ақ Нидерландтағы Маастрихт университетінің докторанты, Қырғызстаннан келген Мирзалиева Г.М. ұсынды.

Форумның қатысушылары ӨИА-ны диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерімен танысып, практикалық тәжірибе алмасты және жетекші сарапшылармен бірге күрделі клиникалық жағдайларды талқылауға мүмкіндік алды.

Іс-шараның қорытындысы бойынша өткізілген интерактивті сауалнама мамандардың ұсынылған материалдарға қызығушылығының жоғары екенін және осы бағыттағы кәсіби тәжірибе алмасуды одан әрі жалғастырудың өзектілігін көрсетті.

«Өкпенің интерстициалдық аурулары» II Қазақстандық форумының өткізілуі республикалық респираторлық көмек көрсету жүйесін дамыту және өңірлердегі мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыру жолындағы кезекті қадам болды. Мұндай білім беру алаңдары халықаралық заманауи тәсілдерді клиникалық практикаға енгізуге және тыныс алу ағзалары аурулары бар пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Форумды Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының ауруханасы Boehringer Ingelheim компаниясының қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шара ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2026 жылға арналған ғылыми-практикалық конференциялар жоспарына сәйкес өткізілді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1300457?lang=kk