Қарақия ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері білім беру ұйымдарында жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, сталкингтің алдын алу және жеке қауіпсіздік тақырыбында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында оқушыларға сталкинг ұғымы, оның негізгі белгілері, адамның жеке өмірі мен психологиялық қауіпсіздігіне тигізетін кері әсері түсіндірілді. Сонымен қатар интернет кеңістігінде және күнделікті өмірде жеке қауіпсіздікті сақтау жолдары бойынша нақты кеңестер берілді.
Полиция қызметкерлері оқушыларға жеке мәліметтерін бөгде адамдарға жарияламауды, әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде сақ болуды ескертті.
Сондай-ақ қудалау, қорқыту немесе жүйелі түрде мазалау белгілері байқалған жағдайда мұндай әрекеттерді елемей қалмай, дер кезінде ата-анасына, мұғалімге немесе полицияға хабарлау қажеттігі айтылды.
Полиция қызметкерлері жасөспірімдерді өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға, күмәнді жағдайларға бейжай қарамауға және кез келген қауіп туралы сенімді ересектерге уақытылы хабарлауға шақырды.
Мұндай профилактикалық кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және сталкинг, буллинг пен өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Қарақия ауданының полиция бөлімі азаматтарды жеке және цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Қауіпсіз қоғам – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз.