«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы және Дүниежүзілік тазалық күні аясында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 19 қыркүйек облыстық сенбілік күні болып жарияланды.
Аталған бастаманы Екібастұз қаласының тұрғындары белсенді қолдады. Сенбілік барысында қала аумағын абаттандыру және тазарту жұмыстары жүргізіліп, демалыс күндері 1000-нан астам ағаш отырғызу жоспарланды.
Жалпы облыста абаттандыру айлығы аясында 6000-нан астам жасыл желек отырғызу көзделген.
Атап айтқанда, Энергетиктер көшесінде Екібастұз ГРЭС-1 қолдауымен 1400-ден астам ағаш және 600-ден астам бұта отырғызу жоспарлануда. Отырғызылған көшеттердің толық жерсінуін қамтамасыз ету үшін оларға тиісті күтім жасалады. Сонымен қатар көктем мезгілінде аталған аумақта көгал төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Экологиялық акцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, қала құраушы кәсіпорындар, бизнес субъектілері және белсенді қала тұрғындары қатысты.
Қаламызды абаттандыруға атсалысып, бастамамызды қолдаған кәсіпорын басшыларына және бейжай қарамайтын тұрғындарға алғыс білдіремін.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.