«Полиглот» сайысында білім мен біліктілік сынға түсті

«Полиглот» сайысында білім мен біліктілік сынға түсті
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері арасында «Полиглот» интеллектуалдық сайысы өтті.
Тәртіп сақшылары арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тілдік ортаны қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, патриоттық рухты нығайту және қоғамдағы полиция қызметінің оң имиджін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған сайысқа Полиция департаментінің құрылымдық бөліністерінен құралған командалар қатысты.
Байқау қатысушыларының өнерін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының төрағасы – Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы.
Сонымен қатар қазылар алқасы құрамында Облыстық қоғамдық келісім және тіл орталығының ағылшын тілі оқытушысы Бердіғали Индира Қазыкерейқызы және Департаменттің Жеке құрам инспекциясының бастығы полиция подполковнигі Әбішев Нұрлан Айбергенұлы болды.
Интеллектуалдық сайыс төрт кезеңнен тұрды. Додаға полиция қызметкерлерінен құралған «Барыс», «Тіл қазынасы», «Зымыран» және «Айбын» атты төрт команда қатысты.
Сайыста қатысушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі, тіл байлығы, логикалық ойлау қабілеті, тапқырлығы мен шапшаңдығы сынға түсті. Командалар берілген тапсырмаларды орындау барысында өзара білімдерін ортаға салып, белсенділік пен ұйымшылдық танытты. Әр кезең қатысушылар үшін қызықты әрі мазмұнды өтіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырумен қатар көптілділік пен тіл мәдениетін насихаттауға бағытталды.
«Тіл – ұлттың рухани қазынасы, ал бірнеше тілді меңгеру – адамның білім көкжиегін кеңейтіп, ойлау қабілетін дамытатын үлкен мүмкіндік. Сондықтан бүгінгі сайыс тек білім мен біліктілікті сынайтын жарыс емес, сонымен қатар ізденіске, тіл үйренуге және өзін-өзі дамытуға ынталандыратын маңызды іс-шара деп білемін. Қазіргі таңда бірнеше тіл білу – заман талабы. Әсіресе ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін сауатты сөйлеу, өз ойын еркін жеткізу және әртүрлі ортада тіл табыса білу аса маңызды.
Осы орайда жеке құрамның тілдік әлеуетін арттырып, рухани және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін осындай тағылымды іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүрген Облыстық қоғамдық келісім және тіл орталығының мамандарына шынайы алғысымды білдіремін!» деді
О. Омаров.
«Полиглот» интеллектуалдық сайысы полиция қызметкерлерінің танымдық қабілетін арттырып, шығармашылық ізденісіне серпін беріп, әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, үздік нәтиже көрсеткен командалар мен белсенді қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1297782?lang=kk