19 қыркүйекте Целиноград ауданының Шалқар және Оразақ ауылдық округтерін жалғап тұрған көпір маңында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және жыл сайын әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамдарды қоршаған ортаның тазалығын сақтауға жұмылдыратын «World CleanUp Day» дүниежүзілік акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті.
Іс-шараға аудан тұрғындары, жастар, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, еріктілер, қоғамдық белсенділер және табиғат жанашырлары қатысып, жалпы саны 200-ге жуық адамды құрады. Қатысушылардың бірлескен күшімен Нұра өзенінің жағалауы мен оған іргелес аумақтар тұрмыстық қалдықтар мен басқа да қоқыстардан тазартылды.
Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы экологиялық бастаманы қолдап, сенбілікке қатысушылармен бірге белсенді түрде еңбек етті. Өз сөзінде ол экологиялық мәдениетті қалыптастырудың, әрбір азаматтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігінің және туған өлкенің табиғатын сақтау жолында күш біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Өткізілген акция аумақты абаттандыруға нақты үлес қосып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастыруға, қоғамдық белсенділігін арттыруға және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау мәдениетін нығайтуға ықпал етті.
Бұл күні Целиноград ауданының барлық ауылдық округтері мен елді мекендерінде экологиялық акциялар мен сенбіліктер ұйымдастырылды. Тұрғындар, еңбек ұжымдары, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері қоғамдық орындарды, саябақтарды, скверлерді, көшелерді, жол бойындағы аумақтарды және демалыс орындарын тазалау жұмыстарына белсене қатысты. Іс-шаралар барысында санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram