АҚТӨБЕЛІК АҚЫН ХРОМТАУДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЙТЫСТА БАС ЖҮЛДЕ АЛДЫ

АҚТӨБЕЛІК АҚЫН ХРОМТАУДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЙТЫСТА БАС ЖҮЛДЕ АЛДЫ

Хромтау қаласында «Адал еңбек – ел мұраты» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Ұлттық өнерді ұлықтаған сөз додасына Алматы, Астана, Түркістан қалалары, Жамбыл және Ақтөбе облыстарынан 10 ақын қатысып, өзара бақ сынады.

Айтыстың негізгі тақырыбы – адал еңбек пен елге қызмет ету, туған жердің қадірі, қоғамдағы өзекті мәселелер және ел бірлігі. Ақындар суырыпсалмалық шеберліктерін көрсетіп, көрерменге мазмұнды әрі әсерлі жыр жолдарын ұсынды.

Өнер додасына Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, белгілі ақын Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Құрамда Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткерлері Дәулеткерей Кәпұлы, Мэлс Қосымбаев, ҚР Құрылтайының депутаты Жанарбек Әшімжан, ҚР Мәдениет саласының үздігі Оралбай Кометия және сарапшы Өміржан Көпбосын болды.

Шара барысында Ақтөбе облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов облыс әкімінің құттықтау хатын оқып берді. Ұлттық өнерді насихаттаудың және оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуының маңыздылығын атап өтті.

Айтыстың қорытындысы бойынша:

Бас жүлде — Қайырхан Жұбаниязов (Ақтөбе облысы)
І орын — Қазырет Бердіхан (Алматы қаласы)
ІІ орын — Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы)
ІІІ орын — Жәнібек Бейбітов (Ақтөбе облысы)

Қалған қатысушыларға «Айтысқа белсенді қатысқаны үшін» арнайы марапаттар табысталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов құттықтап, марапаттарын табыстады.

«Адал еңбек – ел мұраты» республикалық айтысы ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, еңбекті елдік құндылық ретінде насихаттап, жас ұрпақты маңдай термен жетістікке жетуге үндеген тағылымды мәдени шара болды.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-hromtau/press/news/details/1294974?lang=kk