Билік елдегі мектеп жүйесін жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Атап айтқанда, соңғы бес жылда Қазақстанда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды. Олардың ішінде 460,4 мың оқушыға шақталған 217 «Келешек мектебі» бар, ал қазіргі уақытта тағы 59,3 мың орындық 101 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Инфрақұрылымды дамытумен қатар, білім беру сапасын арттыру үшін инновациялық технологиялар да қолға алынуда. Биылдан бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы шағын жинақты мектептерде жасанды интеллектіні (ЖІ) қолдану пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Жобаның алғашқы кезеңіне 500 мектеп қатысуда. Мұнда жасанды интеллект әр оқушының жеке деңгейіне қарай тапсырмаларды іріктеу, оның оқу нәтижелерін талдау және біліміндегі олқылықтарды анықтау мақсатында қолданылуда. Алдағы уақытта, яғни 2029 жылға қарай бұл тиімді жобаны Қазақстандағы барлық 2,5 мың шағын жинақты мектепке толық енгізу жоспарланып отыр.