Шымкент қалалық өзбек драма театры XXIV театр маусымын жаңа шығармашылық жоспарлар мен тың қойылымдарға толы мазмұнды бағдарламамен ашты.
Театр маусымының шымылдығы қырғыз драматургі Сұлтан Раевтің «Ханшаның көз жасы» драмасымен түрілді. Қойылымның режиссері Қуандық Қасымов.
«Ханшаның көз жасы» адам тағдыры, билік пен адамдық болмыс, сезім мен таңдау, махаббат пен адалдық секілді мәңгілік тақырыптарды қозғайтын психологиялық-драмалық шығарма. Қойылым арқылы адамның ішкі жан дүниесіндегі арпалыс, өмірдің күрделі сынақтары мен маңызды шешімдердің тағдырға әсері сахна тілімен жеткізіледі.
Спектакльдің негізгі өзегінде адамның өз болмысына, ар-ожданына және таңдаған жолына жауапкершілігі. Кейіпкерлердің тағдыры арқылы көрермен өмірдің мәні, рухани құндылықтар, жалғыздық, сезім және адамдық қасиетті сақтау туралы ой түйеді.
Қойылымның сахналық шешімінде режиссерлік ізденіс пен актерлік шеберлік өзара үйлесім тапқан. Сахналық музыка, декорация, жарық пен костюмдер қойылымның эмоционалдық әсерін күшейтіп, оқиғаның тарихи әрі көркемдік атмосферасын ашуға мүмкіндік берген.
Салтанатты кеш барысында театр ұжымының шығармашылық жетістіктері мен алдағы жоспарлары таныстырылып, жаңа маусымның көрермен үшін мазмұнды әрі жаңашыл болатыны атап өтілді.
«Ханшаның көз жасын» тамашалаған көрермендер актерлердің сахнадағы шынайы ойыны мен қойылымның идеялық мазмұнына жоғары баға беріп, шығармашылық ұжымға жылы лебіздерін білдірді.
XXIV театр маусымында Шымкент қалалық өзбек драма театры театр репертуарын жаңа спектакльдермен толықтырып, көрермендерге түрлі жанрдағы қойылымдар мен мәдени-шығармашылық жобалар ұсынылмақшы.
Театр қоғамның рухани айнасы десек, сахнадағы әрбір қойылым көрерменге ой салып қана қоймай, адамгершілік құндылықтарды дәріптеп, өнер мен өмірдің арасындағы байланысты тереңдете түседі.
Шымкент қалалық өзбек драма театры барша көрерменді XXIV театр маусымында жаңа қойылымдармен бірге болуға, театр әлемінің сырлы сахнасынан өзіне ой түйіп, көңіл-күйді бөлісуге шақырады.