КИБЕРҚАУІПТЕН ҚОРҒАНУ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

КИБЕРҚАУІПТЕН ҚОРҒАНУ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Шымкент қаласында «Киберқауіпсіздік күні: цифрлық гигиена және деректерді қорғау технологиялары» тақырыбында қалалық форум-семинар өтті. Қала әкімдігі мен қалалық Цифрландыру басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған жиын тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, интернет-алаяқтықтың алдын алуға және кибергигиена мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, IT-мамандар мен осы бағытта білім алып жатқан студенттер қатысты. Форум барысында ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заманауи қорғаныс технологиялары таныстырылып, қатысушыларға киберқауіптердің алдын алуға қатысты практикалық кеңестер берілді.

Мамандар интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдеріне де тоқталып, тұрғындарға сақтық шараларын еске салды. Қалалық Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Шыңғыс Жайлаубектің айтуынша, алаяқтар көбіне банк, коммуналдық қызмет және басқа да ұйымдардың қызметкері ретінде хабарласады. Әсіресе үйде отырған қарт адамдар олардың алдауына жиі түседі.⠀

—Көбіне шетелден қоңырау шалады. Олардың тек орыс тілінде сөйлеп, қазақ тілін түсінбеуі — күмән тудыратын белгілердің бірі. Мұндай жағдайларда азаматтар сақтық танытып, жеке мәліметтерін айтпағаны жөн», – дейді Шыңғыс Жайлаубек.

Сондай-ақ ол алаяқтыққа тап болған жағдайда құзырлы органдарға неғұрлым тез хабарласу керегін ескертеді. Себебі қаражаттың шоттан шығарылып кетуіне санаулы минуттар жеткілікті. Жыл басынан бері осындай жағдайға тап болып, тиісті мекемеге дер кезінде хабарласқан азаматтардың жоғалған қаражатының шамамен 220 миллион теңгесі қайтарылған.

Сонымен қатар қала аумағында дропперлікке қатысты 38 жағдай тіркеліп, оның 15-і сотқа жолданған. Мамандар мұндай құқық бұзушылықтарға тартылмау үшін өз банк шоттарын бөгде адамдарға пайдалануға бермеу қажеттігін ескертеді.⠀

Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің 3-курс студенті Мерей Құдайбергеннің сөзінше, оқу орнында студенттерге интернеттегі қауіптер туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі.

– Жасанды интеллект дамып келе жатқан қазіргі кезеңде алаяқтықтың да жаңа түрлері пайда болып жатыр. Сондықтан кез келген ақпаратқа сене бермей, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға мұқият болған дұрыс, – деп санайды Мерей Құдайберген.

Форум-семинардың күн тәртібінде киберқауіпсіздікке қатысты практикалық кеңестермен қатар, қатысушылардың білімін сынайтын интерактивті онлайн-квиз де ұйымдастырылды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1294017?lang=kk