Атыраудағы “Жұлдыз” шағынауданында жаңа спорт кешені ашылды

Атыраудағы “Жұлдыз” шағынауданында жаңа спорт кешені ашылды

Атырау қаласының “Жұлдыз” шағынауданында бұқаралық спортты дамытуға арналған жаңа екі қабатты дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Нысанның салтанатты ашылуына Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қатысты.
Өңір басшысы спортпен шұғылдануға жағдай жасаудың және спорт инфрақұрылымын дамытудың маңызын атап өтті.

—Спорт инфрақұрылымын дамыту — біздің жұмысымыздағы басты бағыттардың бірі. Біз заманауи әрі көптің қолы жететін спорт нысандарын сала отырып, балалар мен жастардың белсенді, салауатты өмір салтын ұстануына негіз қалаймыз. Жаңа кешен шағынаудан мен осы маңайдағы елді мекендердің тұрғындарына жайлы жағдайда спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Мұнда республикалық және халықаралық додаларда Атырау облысының намысын абыроймен қорғайтын болашақ чемпиондар тәрбиеленеріне сенімдімін,— деді Болат Ақшолақов.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Атырау облысы тұрғындарының 46%-ы тұрақты түрде дене шынықтырумен және спортпен айналысады. Жалпы халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейі — 71%. Өңірде бұқаралық спортты одан әрі дамыта түсу мақсатында салынып жатқан жаңа нысандардың құрылысы жалғасуда. Қазіргі уақытта облыс бойынша 23 спорт кешені бой көтеріп келеді, олардың 10-ы биыл пайдалануға берілмек.

“Жұлдыз” шағынауданындағы спорт кешенінің құрылысы 2025 жылғы наурызда басталды. Мердігер — “Батыс Альянс Строй” ЖШС. Заманауи спорт нысаны 1,5 гектар аумақта орналасқан және бір мезгілде 500 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Кешенде 40-тан астам бапкер қызмет етпек.

Балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына толық жағдай жасалған. Кешенде грек-рим күресі, таэквондо, дзюдо, еркін күрес, бокс, каратэ, футбол, волейбол, баскетбол және гандбол секциялары жұмыс істейді. Фитнес залдары да қарастырылған. Көрермендерге 180 орындық трибуна қойылған.

Спорт секцияларына “Жұлдыз” шағынауданының тұрғындары ғана емес, сол маңайдағы ауылдарда тұратын балалар мен жасөспірімдер де жазыла алады. Олардың қатарында Ақжар, Ақсай, Бесікті, Томарлы, Бірлік, Мирас, Геолог, Көктем, Талғайран және басқа да елді мекендер бар.

Жаңа нысанның ашылуы тұрғындарға тегін спорт секцияларын қолжетімді ете түсіп, балалар мен жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызбақ.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1293973?lang=kk