Қарағанды облыстық мәслихатында облыс әкімінің орынбасарлары А.У.Әлденейдің, Р.А.Кенжебековтің және Ш.Н.Сүйінбаевтың қатысуымен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.
Қаралған мәселелердің бірі облыстық мәслихаттың қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаудың, сұрыптаудың және кәдеге жаратудың ұтымды әрі экологиялық қауіпсіз жүйесін ұйымдастыру жөніндегі шешімінің орындалуы болды. Отырыс барысында атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен одан әрі шешуді талап ететін мәселелер талқыланды.
Қарағанды облысының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілетін өзгерістер, сондай-ақ Осакаров ауданының Қасенбай ауылын тарату мәселесі қаралды.
Денсаулық сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Азаматтардың жекелеген санаттарын қосымша дәрілік заттармен қамтамасыз ету, облыс әкімі жанындағы Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңес құру, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем станциясын салу жобасын «кілтке» құрылысы жобаларының тізбесіне енгізу жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Ветеринария саласында Қарағанды облысының аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларының жобасы қаралды.
Сонымен қатар депутаттар өңірлік рәміздер жобасын, сәулет-қала құрылысы кеңесін құру жөніндегі ұсыныстарды, сондай-ақ облыстық мәслихаттың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мәселелерін талқылады.
«Қарағанды облысының (қаласының, ауданының) Құрметті азаматы» атағын беру қағидаларының жаңа редакциясы жеке қаралды.
Барлық мәселелер бойынша бейінді тұрақты комиссиялардың кеңейтілген отырыстарында жан-жақты талқылау жүргізілді.
Бірлескен отырыстың қорытындысы бойынша қаралған мәселелер мен әзірленген ұсыныстар Қарағанды облыстық мәслихатының кезекті сессиясының қарауына енгізілетін болады.