Қарағандының Федоровка және Үлкен Михайловка елді мекендеріндегі тұрғын үйлерді газ желісіне қосу басталды. Төртінші іске қосу кешені толық аяқталып, пайдалануға берілді, алғашқы тұтынушылар көгілдір отынға қол жеткізді, деп хабарлайды Қарағанды қаласының әкімдігі.

Газ желілерінің құрылысы 2025 жылғы желтоқсанда аяқталған. Жоба аясында жоғары, орта және төмен қысымды 54 шақырымнан астам газ құбыры тартылып, тұрғын үйлерге дейін шамамен 1800 шығу желісі дайындалды.

– Төртінші іске қосу кешенінің құрылысы толық аяқталды. Жоба аясында жоғары, орта және төмен қысымды газ желілері тартылып, үйлерге дейін шамамен 1800 шығу желісі дайындалды, – деді Қарағанды қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Қазір тұрғындар қажетті құжаттарды рәсімдеп, газ желілеріне кезең-кезеңімен қосылып жатыр. Бүгінде 360 техникалық шарт берілді, ал өтініштер қабылдау жалғасуда.

Дайын газ желілеріне тұрғындарды қосу неліктен тек қазір басталғанын «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының бас инженері Ділдабек Күлтеміров түсіндірді.
– Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық қажетті қабылдау-тапсыру рәсімдері жүргізілді. Алайда ол кезде берілген техникалық шарттар аз болды, яғни үйлердің жеткілікті бөлігі газға қосылуға дайын болмады. Жүйенің тұрақты жұмыс істеуі үшін, әсіресе желінің соңғы учаскелерінде, белгілі бір мөлшерде тұтынушы болуы қажет. Егер тұтас бір көшеде бір-екі үй ғана қосылса, желінің тұрақты жұмыс режимін қамтамасыз ету қиындай түседі. Қазір белсенді түрде өтініштер түсіп жатыр, бұдан әрі тұрғындарды кезек тәртібімен қоса береміз. Техникалық шарттар тегін беріледі, – деп түсіндірді Ділдабек Күлтеміров.

Газға алғашқылардың бірі болып Людмила Тарасова қосылды. Соңғы он жыл бойы оның үйі көмірмен жылытылған.
– Күніне он шелек көмір жағатынмын. Үй үлкен болғандықтан, оны жылыту оңай емес. Көмірді сарайдан әкелу керек, ал қыста алдымен қарды тазалайсың. Түнде де тұрып, пешке көмір салып жүрдім. Жасым 80-ге жақындап қалды, енді біраз тынығатын болдым. Газды біз ұзақ күттік, – дейді Людмила Тарасова.

Газға қосылу үшін алдымен техникалық шарт алу қажет. Одан кейін лицензиясы бар монтаждау ұйымына жүгіну керек. Сонан соң мамандар газдандыру жобасын әзірлеп, аумақта және үйдің ішінде қажетті жұмыстар жүргізеді.
Жұмыстар аяқталған соң «QazaqGaz Aimaq» мамандары жабдықтар мен ішкі газ желілерінің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексереді. Содан кейін үй газ желісіне қосылады.
Техникалық шарт алу үшін өтінішті «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалына, Ермеков көшесі, 29 мекенжайы бойынша беруге болады. Сондай-ақ өтінішті eGov.kz порталы, eGov Mobile қосымшасы немесе Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы онлайн рәсімдеуге мүмкіндік бар.

«QazaqGaz» тұтынушылары үшін компания iOS және Android платформаларына арналған мобильді қосымша да әзірледі. Оның көмегімен есептегіш көрсеткіштерін беріп, газ тұтыну көлемін бақылауға болады. Атап айтқанда, ағымдағы және өткен айлардағы мәліметтерді, сондай-ақ көрсеткіштер мұрағатын көруге мүмкіндік бар.
Сонымен қатар тұрғындарға қолданыстағы жылыту жүйелерін әзірге бұзбауға кеңес берілді. Көмір және электр қазандықтарын, сондай-ақ басқа да жылу көздерін резервтік жүйе ретінде сақтап қойған жөн. Бұл жылыту маусымын қауіпсіз әрі тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.
Қарағандыны газдандыру жобасы төрт кезек пен 16 іске қосу кешенін қамтиды. Бүгінде бірінші, екінші, үшінші, төртінші және бесінші іске қосу кешендері газға қосылған.
Қазір «Күнгей» және «Таугүл» шағынаудандарын қамтитын алтыншы іске қосу кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылғы қазанда аяқтау жоспарланған.
Бұл ретте «Күнгей» және «Таугүл» тұрғындары құрылыс жұмыстарының толық аяқталуын күтпей-ақ, техникалық шарт алуға өтініш беріп, кейін газға қосылуға қажетті құжаттарды дайындай алады.