Жеке көмекші қызметі өз бетінше жүріп-тұруы қиын мүгедектігі бар адамдарға көрсетіледі. Қызметтің негізгі мақсаты – олардың мобильділігін, дербестігін арттыруға және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау.
Жеке көмекші – мүгедектігі бар адамға жүріп-тұру кезінде және қажетті орындарға бару барысында сүйемелдеу көрсететін маман. Атап айтқанда, жұмыс немесе оқу орнына, медициналық және мемлекеттік ұйымдарға, әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне және басқа да қажетті орындарға бару кезінде сүйемелдеу жүзеге асырылады.
Жеке көмекші мынадай қызметтерді көрсете алады:
- үйден шығу және белгіленген маршрут бойынша жүріп-тұру кезінде сүйемелдеу;
- қоғамдық көлікті пайдалану кезінде көмек көрсету;
- мемлекеттік органдарға, медициналық, әлеуметтік және басқа да ұйымдарға бару кезінде сүйемелдеу;
- ғимараттар мен үй-жайлардың ішінде жүріп-тұру кезінде көмек көрсету;
- оқу, жұмыс істеу, мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді алу, сондай-ақ қоғамдық өмірге қатысу үшін қажетті күнделікті жүріп-тұруға жәрдемдесу.
Маңызды: жеке көмекші медициналық қызметкер болып табылмайды және күтушінің функцияларын атқармайды. Қызмет медициналық көмек көрсетуді, емдеуді, медициналық рәсімдерді орындауды немесе адамды тұрақты бақылауды қамтымайды.
Жеке көмекші қызметінің басты мақсаты – мүгедектігі бар адамның өз бетінше жүріп-тұруына жағдай жасау, оның мобильділігін арттыру және қоғамдық, еңбек, білім беру және әлеуметтік өмірге белсенді қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету.