Астанада еліміздегі трансплантологияны дамыту мүмкіндіктері мен перспективалары талқыланды

Астанада еліміздегі трансплантологияны дамыту мүмкіндіктері мен перспективалары талқыланды

Астанада ағзаларды трансплантациялау саласының қазіргі жағдайы мен оны дамыту перспективаларына арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жиынға қаланың медициналық ұйымдарының басшылары мен трансплантология саласының мамандары қатысты.
Қатысушылар трансплантациялық қызметтің қазіргі жағдайын, бар проблемаларды және осы бағытты одан әрі дамытуға арналған міндеттерді талқылады. Жиында донорлық мәселесіне және халықты бұл бағытта кеңінен ақпараттандыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас трансплантологы Мэлс Асықбаевтың айтуынша, бүгінде елдегі трансплантация саласының одан әрі дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі факторлардың бірі – донорлық ағзалардың тапшылығы.
Оның сөзінше, ағза ауыстыруды күтіп жүрген пациенттердің саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта Астанада шамамен 750 пациент трансплантация кезегінде тұр. Олардың басым бөлігіне бүйрек ауыстыру қажет. Күту тізімінде балалар да бар.

Бүгінде еліміздің трансплантациялық қызметі құрамына 40 донорлық стационар және 11 трансплантация орталығы кіреді. Сондай-ақ жүйеде санитариялық авиация, HLA-типтеу жүргізетін бес зертхана және басқа да мамандандырылған бөлімшелер бар. Құрылған инфрақұрылым күрделі операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді. Алайда жүйенің мүмкіндігін одан әрі кеңейту тікелей донорлықты дамытуға байланысты.
Трансплантациялық көмектің негізгі бөлігі бүйрек пен бауырды ауыстыруға тиесілі.

Қоғамды ақпараттандыру да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Мэлс Асықбаевтың айтуынша, мамандардың негізгі міндеттерінің бірі – халыққа трансплантацияның қажеттілігін түсіндіру, донорлық туралы ақпарат беру және бұл рәсім жөнінде объективті түсінік қалыптастыру.

Ақпараттық-түсіндіру жұмысы түрлі форматта жүргізіледі. Атап айтқанда, 10 қазанда атап өтілетін Донор күніне орай жедел медициналық жәрдем қызметкерлері мен Астана тұрғындары арасында түсіндіру іс-шараларын өткізу жоспарланып отыр.
Мамандар Ұлттық трансплантация орталығымен де бірлесіп жұмыс істейді.

Діни ұйымдармен ынтымақтастыққа да ерекше көңіл бөлінеді. Трансплантация қажеттілігі мен донорлықтың маңызы туралы ақпарат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен өзара іс-қимыл аясында, соның ішінде жұма намазы кезінде халыққа жеткізіледі.
Ақпараттандырудың және саналы таңдау жасаудың маңызды құралдарының бірі – қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз шешімін eGov порталы арқылы рәсімдеу мүмкіндігі. Азаматтар көзі тірісінде қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісімін немесе бас тартуын тіркей алады. Бұл ретте ағзалар мен тіндерді немесе олардың жекелеген түрлерін көрсетуге болады. Өтініш толтырылғаннан кейін деректер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанда трансплантациялық медицинаны одан әрі дамыту үшін қажетті инфрақұрылым мен тәжірибе қалыптасқанын атап өтті.

Алайда келесі маңызды қадам қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беретін адамдардың санын арттыру, донорлықты үйлестіру жұмысын тиімді жүргізу және халықтың сенімін нығайту болуы тиіс.

Жылдар бойы өзіне сәйкес келетін ағзаны күтетін пациенттер үшін донорлықты дамыту – жай ғана статистика емес. Бұл операцияны күтуге, қалыпты өміріне қайта оралуға және болашаққа мүмкіндік алуға жол ашатын маңызды қадам.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1289650?lang=kk