Қалалық Мәдениет үйінде қала әкімі Азамат Бекеттің қатысуымен Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шара өтті.
Мерекелік жиында қала әкімі сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, көпжылдық адал еңбегімен ерекшеленген мамандарға марапаттар табыстады. Атап айтқанда, 3 қызметкер «Ақтөбе қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, тағы 15 маман қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында осы салада 30-40 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан мамандар да бар.
Салтанатты жиында Азамат Бекет сала қызметкерлерінің қоғамдағы орны мен еңбегінің маңыздылығына тоқталып, құттықтау сөз сөйледі.
«Әлеуметтік қорғау саласы – қоғамдағы ізгілік пен адамгершіліктің, мейірім мен жанашырлықтың айқын көрінісі. Өйткені бұл саладағы әрбір маманның жұмысы адам тағдырымен, халықтың әл-ауқатымен және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықпен тығыз байланысты.
Өмірде әртүрлі қиындықтарға тап болған мұқтаж жандарға көмек көрсету – үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті және ең алдымен жүрек жылуын талап ететін жұмыс.
Сіздер күн сайын қарттардың жағдайын жасап, ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіп келесіздер.
Бүгінде Ақтөбе қаласының әлеуметтік қорғау жүйесінде 350-ден астам маман еңбек етеді. Олардың қатарында әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының, үйде қызмет көрсету бөлімдерінің және отбасын қолдау орталықтарының қызметкерлері бар.
Бұл – жүздеген адамның өміріне араша түсіп, олардың тұрмыс сапасын жақсартуға үлес қосып жүрген үлкен ұжым. Әрқайсыңыздың еңбектеріңіз қоғам үшін маңызды.
Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік қолдаудың тиімділігін күшейтуге мән беріп келеді. Біздің ортақ міндетіміз – ешбір азаматтың назардан тыс қалмауына, көмекке мұқтаж жандардың қажетті қолдау алуына жағдай жасау.
Құрметті сала қызметкерлері!
Сіздердің еңбектеріңіз әрдайым көзге көріне бермеуі мүмкін. Алайда бір адамның мәселесінің шешілуі, бір отбасының қиындықтан шығуы, бір азаматтың өмірге деген сенімінің артуы – сіздердің жұмыстарыңыздың нақты нәтижесі.
Осы орайда сала ардагерлеріне көпжылдық адал еңбегі мен тәжірибесі үшін ерекше алғысымды білдіремін. Ал бүгінгі таңда осы жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген барша маманға табандылықтары мен кәсібіне деген адалдығы үшін ризашылығымды жеткіземін», – деді Азамат Бекет.
Айта кетейік, қаладағы әлеуметтік көмек көрсету орталығында, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығында, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығында және Отбасын қолдау орталығында 350-ден астам маман жұмыс істейді.
Оның ішінде 116 әлеуметтік қызметкер бар. Олардың 80-і жалғызбасты қарттар мен I-II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, 36-сы мүгедектігі бар балаларға күтім жасау бойынша әлеуметтік қызмет көрсетеді. Үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер күндізгі уақытта ұсынылады.
Мерекелік шара қалалық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.