Хабарландыру! Қарағанды қаласының Дизайн коды бойынша жұмыстарды қоғамдық талқылау.

Хабарландыру!  Қарағанды қаласының Дизайн коды бойынша жұмыстарды қоғамдық талқылау.

Хабарландыру!

 

Қарағанды қаласының Дизайн коды бойынша жұмыстарды қоғамдық талқылау.

Танысу үшін жоба Қарағанды қаласы әкімі аппаратының сайтында орналастырылған: https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karagandy

Өтетін орындары:

-        04.11.2026 ж. 17.00 сағ., Достық үйі (Қарағанды қаласы, Кеншілер даңғ., 64);

- 06.11.2026ж. 17.00 сағ., Жаңа Майқұдық Мәдениет үйі (Қарағанды қаласы, Магнитогорская көш., 19).

Бұл жұмыстардың тапсырушысы – «Қарағанды қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ.

Қосымша ақпаратты мына мекенжай бойынша алуға болады: Қарағанды қ., Н.Назарбаев даңғылы, 39, каб. № 405, Қарағанды облысының азаматтарды қабылдау орталығы, № 7, № 8 терезе, тел.: 8-701-984-25-94, 8-7212-42-11-24.

Ескертулер мен ұсыныстар электрондық мекенжайға жіберілсін: kararx@mail.ru

ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ДИЗАЙН-КОДЫ

1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-тарау. Мақсаттары, міндеттері және қолданылу аясы

  1. Осы Қарағанды қаласының дизайн-коды (бұдан әрі – Дизайн-код) Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне сәйкес әзірленді және Қарағанды қаласының қалалық ортасының үйлесімді әрі стилистикалық тұрғыдан біртұтас сыртқы келбетін қалыптастыруға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді.
  2. Осы Дизайн-кодтың мақсаты – қаланың бірыңғай әрі танымал визуалды бейнесін қалыптастыру, қалалық орта мен қоғамдық кеңістіктердің қолайлылығын арттыру, сәулеттік, ақпараттық, жарнамалық шешімдер мен абаттандыру шешімдерінің өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету, ғимараттардың қасбеттерінде, көшелерде, алаңдарда және өзге де қоғамдық кеңістіктерде визуалды ретсіздікті барынша азайту, ғимараттардың сәулеттік мәнерлілігін және көшелердің қала құрылыстық композициясын сақтау, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін қалалық ортаның қауіпсіздігін, қолжетімділігін және пайдалануға қолайлылығын қамтамасыз ету.
  3. Дизайн-кодтың міндеттері қасбеттердің сәулеттік келбетіне, оларды әрлеуге және түс шешімдеріне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеу, сыртқы (визуалды) ақпарат пен сыртқы (визуалды) жарнаманы түрлері, габариттері, орналастыру орындары мен тәсілдері бойынша ретке келтіру, абаттандыру элементтеріне, көгалдандыруға, жарықтандыруға және шағын сәулет нысандарына қойылатын талаптарды айқындау, сондай-ақ аумақтың функционалдық мақсаты мен қоршаған құрылыстың сипатына қарай талаптарды саралау болып табылады.
  4. Дизайн-кодтың қолданысы белгіленген шекаралар (қала шегі) шегіндегі Қарағанды қаласының бүкіл аумағына таралады.
  5. Дизайн-кодтың талаптары меншік нысанына қарамастан, жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті болып табылады. Жергілікті атқарушы органдар Дизайн-кодтың талаптарын өз құзыреті шегінде шешімдер қабылдау және келісу рәсімдерін жүзеге асыру кезінде ескереді.
  6. Дизайн-код Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне, «Жарнама туралы», «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес қолданылады.
  7. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында осы Дизайн-кодта көзделген талаптардан өзгеше талаптар белгіленсе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар қолданылады.

2-тарау. Негізгі ұғымдар

  1. Осы Дизайн-кодта келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) сәулеттік жарықтандыру – ғимараттың, құрылыстың сәулеттік композициясын, бөлшектенуін және пластикасын айқындауға арналған, тәуліктің қараңғы уақытында оның қасбетін жасанды жарықтандыру;

2) афиша – мәдени, спорттық немесе спорттық-бұқаралық іс-шара туралы іс-шараны дайындау және өткізу кезеңінде орналастырылатын сыртқы (визуалды) ақпарат объектісі;

3) афиша тұғыры – афишаларды және (немесе) сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыруға арналған, цилиндрлік немесе көпқырлы пішіндегі жеке тұрған конструкция;

4) витрина – үй-жай мен көше арасындағы визуалды байланысты қамтамасыз ететін және тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді экспозициялауға арналған, бірінші (цокольдік) қабат деңгейіндегі қасбеттің әйнектелген ойығы;

5) витрина аймағы – витринаның немесе терезенің әйнегінің ішкі бетінен көлденеңінен өлшенетін, тереңдігі 50 сантиметрден аспайтын үй-жай бөлігі;

6) витриналар мен терезелерді ішкі безендіру – витрина аймағында орналастырылатын және жалпы пайдаланылатын аумақтан көрінетін бейнелер, жазулар, сәндік элементтер мен экспозиция;

7) уақытша жарнамалық конструкция – мәдени, спорттық, спорттық-бұқаралық немесе өзге де жария іс-шараны дайындау және өткізу кезеңінде оны өткізу аумағында орналастырылатын кез келген түрдегі жарнамалық конструкция;

8) кіреберіс тобы – ғимаратқа немесе үй-жайға кіреберісті құрайтын қасбет элементтерінің жиынтығы: есік блогы, кіреберіс алаңы, сыртқы баспалдақ, пандус, күнқағар (қалқа), жанасшұңқыр және олардың қоршаулары;

9) маңдайшаларды қайталап орналастыру – өлшеміне, пішініне және орындалу тәсіліне қарамастан, бірдей атауды, тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін немесе дараландырудың өзге де құралын толық немесе ішінара қайталайтын екі немесе одан да көп маңдайшаны пайдаланушының бір кіреберіс тобы немесе бір қасбет учаскесі шегінде орналастыру;

10) тұрғын ғимарат – көппәтерлі тұрғын үйді және тұруға арналған өзге де ғимаратты, оның ішінде орналасқан үй-жайлардың мақсатына және олардың дербес кіреберістерінің болуына қарамастан, оларға жапсарлас салынған, кіріктірілген-жапсарлас салынған және стилобат бөліктерін, осындай бөліктердің пайдаланылатын шатырлары мен жабындарын, сондай-ақ цокольдік, жертөле, жерасты және жартылай жерасты бөліктерін қамтитын ғимарат;

11) терезе және витрина ойықтарының қорғаныш құрылғылары – әйнектелген беттер мен үй-жайды қорғауға арналған роликті жапқыштар, торлар, экрандар және өзге де құрылғылар;

12) қасбеттің инженерлік және техникалық жабдықтары – ауаны баптау және желдету жүйелерінің сыртқы блоктары, желдету торлары мен шахталары, түтін мұржалары, жылу генераторларының сыртқы блоктары, антенналар мен қабылдау (тарату) құрылғылары, кәбіл желілері, есепке алу аспаптары, шкафтар, қалқандар және ғимараттың, құрылыстың сыртқы беттеріне орналастырылатын өзге де жабдықтар;

13) ақпараттық тақтайша – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұтынушыларға жеткізілуге жататын пайдаланушы туралы мәліметтерді қамтитын және пайдаланылатын үй-жайдың кіреберісіне орналастырылатын сыртқы (визуалды) ақпарат объектісі;

14) ақпараттық өріс – сыртқы (визуалды) ақпарат объектісі немесе жарнамалық конструкция бетінің ақпаратты (бейнені) орналастыруға арналған бөлігі;

15) көше санаты – осы Дизайн-кодта белгіленген, орналастырылатын объектілердің сыртқы келбетіне қойылатын талаптардың бірыңғай деңгейі қолданылатын көшелердің (көше учаскелерінің) тобы (К1, К2, К3, К4);

16) консольдік маңдайша – қасбет жазықтығына перпендикуляр бағытта кронштейнге орнатылатын маңдайша;

17) шатыр үстіндегі қондырғы – ғимараттың шатырында карниз (парапет) сызығынан жоғары орналастырылатын, оның ішінде жарнамалық ақпаратты жеткізуге арналған ақпарат тасығыш;

18) лайтбокс – бір немесе екі алдыңғы бетінде ішкі біркелкі жарықтандыруы және тұрақты ақпараттық өрісі бар жалпақ көлемді қорап түріндегі жарнамалық конструкция, ондағы бейнені ауыстыру баспа тасымалдағышты алмастыру немесе механикалық тәсілмен, жарықдиодты (цифрлық) экрандар мен динамикалық бейнелерді пайдаланбай жүзеге асырылады;

19) медиаборд – ақпараттық өрісі жарықдиодты (цифрлық) экран түрінде орындалған жеке тұрған жарнамалық конструкция;

20) медиафасад – ғимараттың, құрылыстың қасбетінің немесе оның бір бөлігінің сәулеттік шешіміне кіріктірілген және оның бетінде бейнелерді көрсетуге мүмкіндік беретін жарық шығаратын жүйе;

21) медиаэкран – ақпараттық өрісі жарықдиодты (цифрлық) экран түрінде орындалған және ғимараттың, құрылыстың қасбетіне орналастырылатын жарнамалық конструкция;

22) сыртқы (визуалды) ақпарат – мәтіндік, графикалық, жарықтық және өзге де нысандарда ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерінде, жеке конструкцияларда және қалалық ортаның өзге де элементтерінде орналастырылатын, адамдардың белгісіз тобының көру арқылы қабылдауына арналған және Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасына сәйкес сыртқы (визуалды) жарнамаға жатпайтын ақпарат;

23) сыртқы (визуалды) ақпарат объектісі – сыртқы (визуалды) ақпарат орналастырылатын конструкция немесе өзге де ақпарат тасығыш;

24) жеке тұрған маңдайша – пайдаланушының жер учаскесінің шегінде жеке тірекке (стелаға, пилонға) орнатылатын маңдайша;

25) шағын форматтағы жеке тұрған жарнамалық конструкция – бір жағындағы ақпараттық өрісінің ауданы 4 шаршы метрден аспайтын жеке тұрған жарнамалық конструкция;

26) жеке тұрған жарнамалық конструкция – ғимараттар мен құрылыстардан бөлек, жеке тірекке (іргетасқа) орнатылатын жарнамалық конструкция;

27) бастапқы сәулеттік шешім – ғимараттың, құрылыстың жобалау құжаттамасында көзделген не архивтік, жобалық немесе иконографиялық материалдармен расталған қасбеттің сәулеттік шешімі;

28) жылжымалы жарнамалық конструкция (штендер) – іргетасы жоқ және қандай да бір бетке бекітілмейтін, объект жұмыс істейтін уақытта үй-жайдың кіреберісіне орналастырылатын, бір немесе екі бетінде сыртқы (визуалды) жарнама орналастырылатын жылжымалы конструкция;

29) жаяу жүргіншілер коммуникациясы – жаяу жүргіншілердің қозғалысына арналған тротуар, жаяу жүргіншілер жолы, аллея, жаяу жүргіншілер аймағы және жалпы пайдаланылатын аумақтың өзге де бөлігі;

30) төсеме негіз – маңдайшаның жеке әріптері мен белгілері бекітілетін тұтас мөлдір емес негіз (панель);

31) пайдаланушы – ғимаратты, үй-жайды, стационарлық емес объектіні немесе жер учаскесін меншік құқығында не өзге де заңды негізде иеленетін және онда қызметін жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

32) жарық қорабы – алдыңғы бетінде мәтіндік және (немесе) графикалық ақпарат орналастырылған, ішінен жарықтандырылатын көлемді қорап түріндегі ақпарат тасығыш, оның ішінде жарнамалық ақпарат тасығыш;

33) жиынтық ақпараттық конструкция – кіреберіс тобының жанында немесе ғимараттың ішінде орналастырылатын және ғимараттың екі немесе одан да көп пайдаланушысы туралы мәліметтерді қамтитын сыртқы (визуалды) ақпарат объектісі;

34) ғимараттың қасбетіне маңдайшаларды орналастыру схемасы – нақты ғимарат үшін маңдайшаларды орналастыру аймақтарын, осьтерін, шекті габариттерін, рұқсат етілген түрлері мен тәсілдерін айқындайтын графикалық құжат;

35) жаяу жүргіншілер қозғалысына арналған ортақ пайдаланылатын аумақ – алаң, саябақ, бақ, сквер, бульвар, жағалау, жаяу жүргіншілер көшесі және жаяу жүргіншілер аймағы;

36) маңдайшаларды орналастырудың үлгілік схемасы – осы Дизайн-кодқа __ қосымшада келтірілген және ғимараттың қасбетіне маңдайшаларды орналастыру схемасы болмаған кезде қолданылатын қасбет (құрылыс) түріне арналған маңдайшаларды орналастыру схемасы;

37) уәкілетті орган – сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын Қарағанды қаласының жергілікті атқарушы органының құрылымдық бөлімшесі;

38) қасбет – ғимараттың немесе құрылыстың сыртқы жағы, оның ішінде сыртқы қабырғалары, цоколі, терезе, есік және витрина ойықтары мен олардың толтырмалары, кіреберіс топтары, балкондары, лоджиялары, эркерлері, карниздері, күнқағарлары, қалқалары, сәулеттік және сәндік элементтері, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын аумақтан көрінетін бөлігіндегі шатыры;

39) пайдаланушының қасбеттік учаскесі – пайдаланушы алып жатқан үй-жайдың (үй-жайлардың) сыртқы шекаралары шегіндегі қасбет бөлігі, ал қасбетке тікелей шығатын жолы жоқ үй-жайлар үшін – ғимараттың қасбетіне маңдайшаларды орналастыру схемасында айқындалған аймақ;

40) фриз – кіреберіс тобының, витрина немесе терезе ойықтарының үстінде орналасқан және ғимараттың сәулеттік шешімінің бөлігі болып табылатын қасбеттің, күнқағардың немесе қалқаның көлденең жолағы;

41) цоколь – ғимараттың немесе құрылыстың іргелес аумақтың жабынынан жоғары орналасқан және материалы және (немесе) түсі арқылы ерекшеленетін сыртқы қабырғасының төменгі бөлігі;

  1. Осы Дизайн-кодта қолданылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасында, оның ішінде Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінде, «Жарнама туралы», «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» және «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған мағыналарда қолданылады.

3-тарау. Көшелердің санаттары

  1. Осы Дизайн-кодтың талаптарын саралап қолдану мақсатында Қарағанды қаласының көшелері санаттарға бөлінеді.
  2. Осы Дизайн-кодта көшелердің келесі санаттары белгіленеді:

1) К1 — салтанатты магистральдар мен даңғылдар;

2) К2 — тарихи қалыптасқан құрылыс аумағындағы көшелер;

3) К3 — аудандық магистральдар мен шағын аудандардың көшелері;

4) К4 — тұрғын аудандар мен жеке тұрғын үй құрылысы аумақтарының жергілікті көшелері.

  1. Көшені (көше учаскесін) белгілі бір санатқа жатқызу кезінде мынадай белгілер ескеріледі:

1) К1 үшін — қызыл сызықтар шегіндегі көше ені, әдетте, 40 метрден астам және 50 метрді қоса алғанда; жалпы қалалық көлік қатынасындағы маңызы; көлік қозғалысы қарқындылығының жоғары болуы; жаяу жүргіншілер қозғалысы қарқындылығының жоғары немесе орташа болуы; жалпы қалалық маңызы бар объектілер мен қала құрылысының басым объектілерінің болуы;

2) К2 үшін — қызыл сызықтар шегіндегі көше ені, әдетте, 20 метрден астам және 30 метрді қоса алғанда; қаланың тарихи қалыптасқан құрылыс аумағында орналасуы; көлік қозғалысы қарқындылығының негізінен орташа болуы; жаяу жүргіншілер қозғалысы қарқындылығының жоғары немесе орташа болуы; тарихи-мәдени мұра объектілерінің, сондай-ақ сәулеттік ортасы құндылық белгілеріне ие ғимараттар мен құрылыстардың болуы;

3) К3 үшін — ширина улицы в красных линиях как правило свыше 30 до 40 метров включительно, районное транспортное значение либо обслуживание микрорайонов, высокая или средняя интенсивность транспортного движения, высокая интенсивность пешеходного движения;

4) К4 үшін — қызыл сызықтар шегіндегі көше ені, әдетте, 10 метрден 20 метрге дейін қоса алғанда; жергілікті көлік қатынасындағы маңызы; көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысы қарқындылығының төмен болуы; жеке тұрғын үйлер салынған аумақтарды қоса алғанда, тұрғын үй құрылысының басым болуы.

  1. Осы Дизайн-кодтың 13-тармағында көзделген белгілер жиынтығында ескеріледі. Көшенің (көше учаскесінің) жекелеген белгіге сәйкес келмеуі оны тиісті санатқа жатқызуға кедергі болмайды.
  2. Қарағанды қаласы көшелерінің (көше учаскелерінің) санаттары осы Дизайн-кодқа __-қосымшаның __-бөліміне сәйкес Қарағанды қаласы көшелерінің санаттар бойынша тізбесімен және осы Дизайн-кодқа __-қосымшаның __-бөліміне сәйкес Қарағанды қаласы көшелерінің санаттары схемасымен белгіленеді.
  3. Жаңадан пайда болған немесе тізбеге және схемаға енгізілмеген көшелер (көше учаскелері) осы Дизайн-кодтың 13-тармағында көзделген белгілер негізінде санаты айқындала отырып, тізбеге және схемаға енгізілуге жатады. Көшенің (көше учаскесінің) сипаттамалары өзгерген жағдайда оның санаты да осы тәртіппен өзгертіледі.
  4. Көшелердің санаттары бойынша тізбеге және көшелер санаттарының схемасына өзгерістер енгізу Қарағанды қаласының дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
  5. Көшелердің санаттар бойынша тізбесі мен көшелер санаттарының схемасы арасында алшақтық болған жағдайда, тізбе қолданылады.
  6. Осы тарауда белгіленген көше санаттары сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерде көзделген көше-жол желісінің сыныптамасы ескеріле отырып, келесідей арақатынаста қолданылады:

1) К1 санатына негізінен жалпы қалалық маңызы бар магистральдық көшелер сәйкес келеді;

2) К3 санатына негізінен аудандық маңызы бар магистральдық көшелер, сондай-ақ шағын аудандардың тұрғын үй құрылысы аумақтарындағы жергілікті маңызы бар көшелер мен жолдар сәйкес келеді;

3) К4 санатына негізінен жергілікті маңызы бар көшелер мен жолдар, сондай-ақ өтпе жолдар сәйкес келеді;

4) К2 санаты көшенің көлік қатынасындағы маңызына қарамастан белгіленеді.

  1. Жаяу жүргіншілер қозғалысы режимі белгіленген ортақ пайдаланылатын аумақтарда орналастырылатын объектілерге осы Дизайн-кодта К2 санаты үшін белгіленген шектеулер қолданылады. Бұл ретте көрсетілген аумақтар К2 санатына жатқызылмайды.
  2. Қасбеттері жаяу жүргіншілер қозғалысы режимі белгіленген ортақ пайдаланылатын аумақтарға қараған ғимараттар мен құрылыстарға осы Дизайн-кодтың талаптары тиісті қасбет қараған көшенің санатына сәйкес, ал мұндай көше болмаған жағдайда осы Дизайн-кодтың 20-тармағына сәйкес қолданылады.
  3. Көше (көше учаскесі) көшелер санаттарының тізбесі мен схемасына енгізілгенге дейін онда орналастырылатын объектілерге К4 санаты үшін белгіленген талаптар қолданылады.
  4. Қасбеттері әртүрлі санаттарға жататын екі немесе одан да көп көшеге қараған ғимараттар мен құрылыстарға қатысты осы Дизайн-кодтың талаптары әрбір қасбетке жеке-жеке, тиісті қасбет қараған көшенің санатына сәйкес қолданылады. Объектіні белгілі бір санатқа нақты жатқызу мүмкін болмаған жағдайда, неғұрлым қатаң шектеулер көзделген санат үшін белгіленген талаптар қолданылады.
  5. Көшеге қаратылмаған аула жақтағы, орамішілік және өзге де қасбеттер К4 санатына жатады.
  6. Бір көшенің әртүрлі учаскелері әртүрлі санаттарға жатқызылған жағдайда, мұндай учаскелердің шекаралары көшелердің қиылысу нүктелеріне немесе жоспарлау құрылымының өзге де сәйкестендірілетін элементтеріне байланыстырыла отырып, көшелердің санаттар бойынша тізбесінде айқындалады.
  7. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес белгіленген тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарының шекараларында тиісті көшенің санатына қарамастан, осы Дизайн-кодта К2 санаты үшін белгіленген талаптар қолданылады. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының талаптары басым тәртіппен қолданылады.

4-тарау. Қалалық ортаны реттеудің негізгі қағидаттары

  1. Қалалық ортаның сыртқы келбетін реттеу келесі қағидаттарға негізделеді:

1) тұтастық — ғимарат, құрылыс, сондай-ақ оған және оған іргелес аумаққа орналастырылатын объектілер көшенің, алаңның немесе қалыптасқан қала құрылысы ансамблінің бірыңғай визуалды ортасының бөлігі ретінде қабылданады, ал жекелеген объектінің шешімі қасбет пен көшенің композициясына бағынады;

2) ауқымға сәйкестік — объектінің өлшемдері, бөлшектену құрылымы мен түс шешімі ғимараттың, көшенің және жаяу жүргіншілер кеңістігінің ауқымына сәйкес келеді;

3) визуалды (көрнекі) ұстамдылық пен реттелгендік — орналастырылатын объектілердің саны, алуан түрлілігі, жарықтығы мен ауданы олардың мақсатына қажетті деңгеймен шектеледі, ал оларды орналастыру бірыңғай аймақтарда, ортақ осьтер бойында және ғимаратқа арналған бірыңғай шешімге сәйкес жүзеге асырылады;

4) сәулеттік шешімді сақтау — объектілерді орналастыру және қасбетте жұмыстар жүргізу сәулеттік және сәндік элементтердің жоғалуына, жабылып қалуына немесе бұрмалануына әкеп соқпайды, ал К2 санатындағы көшелерде бастапқы сәулеттік шешімнен ауытқуға жол берілмейді;

5) ақпараттың түсініктілігі — сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерді бағдарлауды және бір-бірінен ажыратуды қамтамасыз етеді, ал назарды ақпарат тасығыштардың көлемі, жарықтығы мен саны арқылы аударуға бағытталмайды;

6) жарнаманың қалалық ортаға бағынуы — сыртқы (визуалды) жарнама қалалық ортаның элементі ретінде орналастырылады және қасбеттің сәулеттік шешімінен, көшенің, алаңның және қалыптасқан қала құрылысы ансамблінің қабылдануынан басым болмауға тиіс;

7) тәуліктің қараңғы уақытындағы жайлылық — жарықтандыру шешімдері жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерді шағылыстыратын әсер туғызбауға, жарық сәулелерін тұрғын үй-жайлардың терезелеріне бағыттамауға және қасбеттерді тұтас жарықтандыруға жол бермеуге тиіс;

8) қауіпсіздік пен қолжетімділік — объектілерді орналастыру және пайдалану өмір мен денсаулыққа қауіп төндірмеуге, көше-жол желісіндегі көрінуді шектемеуге және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын қоса алғанда, жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірмеуге тиіс;

9) сараланған тәсіл — талаптардың көлемі көше санатына және аумақты пайдалану режиміне қарай айқындалады;

10) реттеудің мөлшерлестігі — талаптар көзделген мақсаттарға сай мөлшерлес қолданылады және қалалық ортаның сыртқы келбетін қалыптастыру міндеттеріне анық сәйкес келмейтін ауыртпалықтарға әкеп соқпайды;

11) құқықтық айқындық — осы Дизайн-код қолданысқа енгізілгенге дейін орналастырылған объектілерге оның талаптары осы Дизайн-кодта белгіленген негіздер мен мерзімдерде ғана қолданылады.

  1. Осы Дизайн-кодпен реттелетін объектілерді орналастыруға жол берілетіндігі туралы мәселелерді шешу кезінде қауіпсіздік талаптарына, ғимараттар мен құрылыстардың сәулеттік келбетін сақтауға және жаяу жүргіншілерге қолайлылық жасауға басымдық беріле.
  2. Осы Дизайн-кодтың 27-тармағында көзделген қағидаттар осы Дизайн-кодтың 2–5-бөлімдерінде тікелей реттелмеген мәселелерді шешу кезінде, сондай-ақ бірнеше рұқсат етілген шешімнің бірін таңдау кезінде қолданылады. Қағидаттар осы Дизайн-кодта көзделмеген талаптарды қоюға дербес негіз болып табылмайды.
  3. Осы Дизайн-кодтың талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген рәсімдер шеңберінде, сондай-ақ осы Дизайн-кодта көзделген үлгілік схемалар мен үлгілік шешімдер арқылы іске асырылады. Осы Дизайн-код дербес рұқсат беру рәсімдерін белгілемейді.

2-БӨЛІМ. ҒИМАРАТТАР МЕН ҚҰРЫЛЫСТАРДЫҢ ҚАСБЕТТЕРІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

5-тарау. Қасбеттерге қойылатын жалпы талаптар

  1. Осы бөлімде ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерінің сәулеттік келбетіне, оларды әрлеуге, түс шешіміне, сәулеттік элементтеріне, әйнектелуіне, инженерлік және техникалық жабдықтарына, шатырларына және сәулеттік жарықтандырылуына, сондай-ақ қасбеттерді күтіп-ұстауға қойылатын талаптар белгіленеді.
  2. Осы бөлімнің талаптары сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтермен қатар қолданылады.
  3. Осы Дизайн-код ғимараттар мен құрылыстарды жобалауға, олардың конструкцияларына, беріктігіне, орнықтылығына, жылу қорғауына және қауіпсіздігіне қойылатын техникалық талаптарды белгілемейді және олардың сыртқы келбетіне, әрлеу материалдарына, түс шешіміне, сондай-ақ қасбеттерге орналастырылатын элементтердің орналасу орындары мен тәсілдеріне қойылатын талаптар бөлігінде қолданылады.
  4. Осы бөлімнің талаптарын сақтау міндеті:

1) ғимараттың, құрылыстың меншік иесіне (заңды пайдаланушысына) – қасбеттің сәулеттік келбеті, оны әрлеу, түс шешімі және күтіп-ұстау бөлігінде;

2) үй-жайдың меншік иесіне (заңды пайдаланушысына) – алып отырған үй-жайының шегіндегі қасбет элементтеріне, оның ішінде витриналарға, кіреберіс топтарына, терезе мен есік толтырмаларына, сондай-ақ оларға орнатылатын жабдықтарға қатысты;

3) кондоминиум объектісіндегі үй-жайлардың меншік иелеріне – кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне қатысты жүктеледі.

  1. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне жататын қасбеттің сыртқы келбетін өзгерту Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен алынған пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің келісімімен жүзеге асырылады.
  2. Осы бөлімнің талаптары осы Дизайн-кодтың 3-тарауында белгіленген көшелердің санаттары (К1, К2, К3, К4) ескеріле отырып, сараланған түрде қолданылады. Қасбеттері жаяу жүргіншілер режимінде пайдаланылатын ортақ пайдаланылатын аумақтарға қараған ғимараттар мен құрылыстарға осы Дизайн-кодтың 20-тармағы қолданылады.
  3. Тарихи-мәдени мұра объектілеріне, сондай-ақ осындай объектілердің қорғау аймақтарының шекараларында орналасқан ғимараттар мен құрылыстарға қатысты Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасының талаптары басым тәртіппен қолданылады. Аталған объектілердің қасбеттеріне әсер ететін жұмыстар ғылыми-жобалау құжаттамасы және көрсетілген заңнамада көзделген келісулер негізінде орындалады.
  4. Осы бөлімнің талаптары:

1) жаңадан тұрғызылатын, реконструкцияланатын, сондай-ақ оларға қатысты күрделі жөндеу жүргізілетін немесе қасбетінің сәулеттік шешімі өзгертілетін ғимараттар мен құрылыстарға – толық көлемде;

2) қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарға – осы Дизайн-кодтың 115-тармағында көзделген мән-жайлар туындаған кезде қолданылады.

  1. Жеке тұрғын үйлерге қатысты осы бөлімнің талаптары К1 санатындағы көшеге қараған қасбеттерге әрлеу материалдары, түс шешімі, әйнектелу, инженерлік және техникалық жабдықтарды орналастыру және қасбеттерді күтіп-ұстау бөлігінде қолданылады.
  2. Қасбеттердің сәулеттік шешімдерін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінде және құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларында көзделген рәсімдер шеңберінде қарайды. Уәкілетті органның ғимараттардың, құрылыстардың және үй-жайлардың меншік иелерімен (заңды пайдаланушыларымен) осы бөлімнің талаптарын қолдану мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау тәртібі Қарағанды қаласының Дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларында айқындалады.

6-тарау. Сәулеттік шешім және қасбеттің тұтастығы

  1. Қасбеттердің сәулеттік композициясы тиісті қасбеті қараған көшедегі қалыптасқан құрылыс салудың ауқымы мен сипатына сәйкес келуге тиіс.
  2. Көшелерге, алаңдарға және өзге де қоғамдық кеңістіктерге қараған қасбеттер ғимарат шегінде бірыңғай стильде, бірыңғай әрлеу материалдары жиынтығын және бірыңғай түстік шешімді қолдана отырып орындалады.
  3. Көшелерге, алаңдарға және өзге де қоғамдық кеңістіктерге қарамаған аула жақтағы, шеткі және техникалық қасбеттер осы бөлімде көзделген әрлеу материалдары мен түс шешімдерін қолдана отырып орындалады. Аталған қасбеттерге сәулеттік пысықталу деңгейінің бірдей болуына қатысты талап қойылмайды.
  4. Қасбеттің тұтастығы көлемдік-кеңістіктік композицияда, жіктелуінде, беттерінің пластикасында, түстік шешімінде, бөлшектері мен әрлеу материалдарында көрініс тапқан бірыңғай сәулеттік тұжырымдама арқылы қамтамасыз етіледі.
  5. Қасбеттің көлденең және тік жіктелуі ғимараттың конструкциялық шешіміне сәйкес орындалады. Терезе мен есік ойықтарының, қабырға бөліктерінің және шығыңқы элементтердің ырғақтық үйлесімі қасбет шегінде сақталады.
  6. К2 санатындағы көшелерге қараған қасбеттерде реконструкциялау, күрделі жөндеу және реставрациялау жұмыстары сәулеттік элементтерді, жіктелуін, ойықтардың ырғақтық үйлесімін, шатырдың пішіні мен қасбеттің пропорцияларын сақтай отырып жүргізіледі. Жоғалған сәулеттік элементтерді қалпына келтіру архивтік, жобалық немесе иконографиялық материалдар негізінде жүзеге асырылады.
  7. К2 санатындағы көшелерге қараған қасбеттерде жапсарлас құрылыстарды орналастыруға жол берілмейді. Сондай-ақ К2 санатындағы көшелерде көлемдік-кеңістіктік немесе қасбеттік шешімі көше құрылысының қалыптасқан ырғағы мен биіктік белгілерін бұзатын не іргелес ғимараттардың сәулеттік элементтерін жауып қалатын ғимараттарды орналастыруға жол берілмейді.

7-тарау. Әрлеу материалдары және түс шешімдері

  1. Қасбеттерді әрлеу материалдары климаттық әсерлерге, механикалық зақымдануға, түсінің оңуына, ластануға және көктайғаққа қарсы реагенттердің әсеріне төзімді болуға, сондай-ақ пайдалану барысында сыртқы келбетін сақтауға тиіс.
  2. Қасбеттерді әрлеу үшін қасбеттерге арналған сылақ жүйелері, табиғи және жасанды тас, керамогранит, керамикалық тақталар, клинкер, қаптама кірпіш, сәулеттік бетон, фиброцемент панельдері, металл кассеталар мен зауыттық жабындысы бар панельдер, шыны, қорғаныш өңдеуден өткізілген ағаш, терракота элементтері, сондай-ақ осы Дизайн-кодтың 48-тармағының талаптарын сақтауды қамтамасыз ететін өзге де материалдар қолданылады.
  3. Көшелерге қараған қасбеттерде келесі материалдарды қолдануға жол берілмейді:

1) профилденген табақтар мен толқынды табақ материалдар;

2) винил және металл сайдинг;

3 бағдарланған жоңқалы тақталар, ағаш-жоңқалы тақталар және ағаш-талшықты тақталар;

4) өңделмеген ағаш пен өңделмеген фанера;

5) әрлеу материалы ретінде қолданылатын баннерлік мата, кенептер, торлар және үлдір жабындар;

6) қорғаныш әрлеу қабаты жоқ пенополистирол және өзге де көбікті материалдар;

7) қолдан жасалған, зауытта дайындалмаған панельдер мен бұйымдар;

8) ғимараттың сәулеттік шешіміне сәйкес келмейтін фактураларға еліктейтін әрлеу материалдары.

  1. Іргетастың жерүсті бөлігі ылғалға, механикалық зақымдануға және көктайғаққа қарсы реагенттердің әсеріне төзімді материалдармен әрленеді.
  2. Шатырдың түс шешімі қасбеттің түс шешімімен үйлесуге тиіс.
  3. Су ағызу жүйелері, балкондар мен лоджиялардың қоршаулары, күнқағарлар, қалқалар, инженерлік жабдықтың қорғаныш экрандары, антенналар және өзге де техникалық элементтер қасбет пен шатырдың түсімен үйлесетін түске боялады.
  4. К2 санатындағы көшелерге қараған қасбеттерде әрлеу материалдарын ғимараттың бастапқы сәулеттік шешіміне түрі, фактурасы және түсі бойынша сәйкес келетін материалдарға ауыстыруға жол беріледі. Қасбеттің пластикасы мен бедерін өзгертетін материалдарды қолдануға жол берілмейді.
  5. Бір қасбет шегіндегі түстер саны үштен аспауға тиіс: қасбет жазықтықтарының негізгі түсі, сәулеттік және сәндік элементтердің акценттік түсі және іргетастың жерүсті бөлігінің түсі. Бұл талап жобалық немесе архивтік құжаттамамен расталған ғимараттың бастапқы сәулеттік шешімінде көзделген түстерге қолданылмайды.
  6. К1, К2 және К3 санатындағы көшелерге қараған қасбеттердің түс шешімін өз бетінше немесе уәкілетті органның тиісті келісімінсіз өзгертуге жол берілмейді.

8-тарау. Сәулеттік элементтер, кіреберіс топтары және қорғаныш құрылғылары

  1. Қасбеттердің сәулеттік және сәндік элементтері (карниздер, пилястрлар, сандриктер, терезе мен есік жақтаулары, балкондар, лоджиялар, эркерлер, руст, сылақтан жасалған сәндік әшекейлер және өзге де бөлшектер) қасбеттің құрамында сақталуға тиіс. Оларды демоньаждау (бөлшектеу), жауып тастауға, пішінін бұрмалауға және жасыруға жол берілмейді.
  2. К2 санатындағы көшелерге қараған қасбеттерде жөндеу, реставрациялау және реконструкциялау жұмыстары бастапқы сәулеттік шешімге сәйкес сәулеттік және сәндік элементтерді сақтай отырып және (немесе) қалпына келтіре отырып жүргізіледі.
  3. Қолданыстағы ғимараттың кіреберіс тобы өзгертілген кезде оның шешімі осы бөлімнің талаптарына сәйкестендіріледі.
  4. Қасбетте екі немесе одан да көп кіреберіс тобы болған жағдайда, олар бірыңғай конструкциялық, материалдық және түстік шешімде орындалады.
  5. Кіреберіс топтарының үстіндегі күнқағарлар мен қалқалар келесідей параметрлер сақтала отырып орналастырылады:

1) қасбет жазықтығынан шығыңқы бөлігі – 1,5 метрден аспауға тиіс;

2) төменгі жиегінің жаяу жүргіншілер жолының жабын деңгейінен биіктігі – кемінде 2,5 метр болуға тиіс;

3) ені – кіреберіс тобының енінен әр жағынан 0,5 метрден артық болмауға тиіс.

  1. Күнқағарлар мен қалқалар жоғарғы қабаттардағы терезе ойықтарын, қасбеттің сәулеттік және сәндік элементтерін жауып қалмауға тиіс. Күнқағарлар мен қалқалардың жабыны ретінде профилденген табақтарды, баннерлік матаны, тірек қаңқасы жоқ поликарбонатты және осы Дизайн-кодта қолдануға тыйым салынған өзге де материалдарды пайдалануға жол берілмейді.
  2. Сыртқы баспалдақтар, кіреберіс алаңдары, пандустар мен жарық түсетін шұңқырлар осы Дизайн-кодтың 49-тармағында көзделген материалдарды қолдана отырып, кіреберіс тобымен бірыңғай шешімде орындалады. Аталған элементтердің қоршаулары ғимарат шегінде бірыңғай конструкциялық және түстік шешімде орындалады.
  3. К2 санатындағы көшелерге қараған тұрғын емес немесе коммерциялық қасбеттердегі терезе және витрина ойықтарына қорғаныш құрылғыларын (роллеттер, торлар, экрандар) орнатуға жол берілмейді.

9-тарау. Әйнектелген конструкциялар

  1. Жарық өткізетін конструкциялар (терезелер, витраждар, витриналар, жарық өткізетін шатырлар) қасбеттің композициясына сәйкес, терезе мен витрина ойықтарының пропорциялары мен бөліністері сақтала отырып орындалады.
  2. Бір қасбет шегіндегі терезелер мен витриналардың толтырмалары түсі, материалы, профилі және жақтауларының бөлінісі бойынша бірыңғай шешімде орындалады. Қасбет шегінде әртүрлі үлгідегі әйнектелген конструкцияларды қолдануға жол берілмейді.
  3. К2 санатындағы көшелерге қараған қасбеттердегі тұрғын емес және коммерциялық үй-жайлардың витриналары мен кіреберіс топтарын айна тәрізді және массасында боялған әйнекпен әйнектеуге жол берілмейді.
  4. Осы Дизайн-кодтың 3-бөлімінде көзделген жағдайларды қоспағанда, витриналар мен терезелердің әйнектерін бояуға, мөлдір емес материалдармен желімдеп жабуға, қаптап бітеуге және өзге де тәсілдермен жауып тастауға жол берілмейд.
  5. Көшелерге қараған балкондар мен лоджияларды әйнектеу ғимарат шегінде немесе қасбеттің сәулеттік тұрғыдан аяқталған бөлігі шегінде бірыңғай қағидат бойынша орындалады. Бұл ретте профиль, түс, бөлініс және ашылу түрі бірдей болуға тиіс. Әртүрлі үлгідегі әйнектелген конструкцияларға жол берілмейді.
  6. К2 санатындағы көшелерге қараған балкондар мен лоджияларды әйнектеуге осы Дизайн-кодтың 71-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жол берілмейд.
  7. К2 санатындағы көшелерге қараған балкондар мен лоджияларды әйнектеуге келесі шарттар бір мезгілде сақталған жағдайда жол беріледі:

1) ғимарат үшін балкондар мен лоджияларды әйнектеудің бірыңғай шешімі қамтылған эскиздік жоба әзірленген;

2) әйнектеу туралы шешімді кондоминиум объектісіндегі үй-жайлардың меншік иелері Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен қабылдаған;

3) әйнектеу бүкіл ғимарат үшін профиль, түс, бөлініс, ашылу түрі және әйнектеудің жоғарғы деңгейінің белгісі бірдей бірыңғай шешім бойынша орындалады;

4) әйнектеу профилі, бөлінісі мен түсі ғимараттың сәулеттік шешіміне сәйкес келеді;

5) әйнектеу балконның (лоджияның) қоршау жазықтығы шегінде, қасбет жазықтығынан сыртқа шығарылмай және ойықтың габариттері ұлғайтылмай орындалады;

6) әйнектеу ғимараттың сыртқы сұлбасын өзгертпейді, қасбеттің сәулеттік және сәндік элементтерін жауып қалмайды және ойықтардың ырғағын өзгертпейді;

7) тарихи-мәдени мұра объектілеріне және олардың қорғау аймақтарының шекараларында орналасқан объектілерге қатысты Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасының талаптары сақталады.

  1. К2 санатындағы көшелерге қараған ғимарат үшін әйнектеудің бірыңғай шешімі көзделген эскиздік жоба болмаған жағдайда, жекелеген балконды (лоджияны) әйнектеуге жол берілмейді.

10-тарау. Қасбеттердегі инженерлік-техникалық жабдықтар

  1. Қасбеттің инженерлік-техникалық жабдықтары жасырылуға немесе қасбеттің сәулеттік композициясына енгізілуге тиіс.
  2. К2 санатындағы көшелерге қараған қасбеттердегі инженерлік-техникалық жабдықтар эскиздік жобада айқындалған қасбеттің техникалық аймақтарында орналастырылады. Эскиздік жоба болмаған жағдайда, жабдықтар көшеге қарамайтын қасбеттерге орналастырылады.
  3. Қасбеттің инженерлік-техникалық жабдықтарын келесідей орындарда орналастыруға жол берілмейді:

1) қасбеттің сәулеттік және сәндік элементтерінде;

2) терезе, есік және витрина ойықтарында;

3) кіреберіс топтарының үстінде және күнқағарларда;

4) іргетастың жерүсті бөлігінде және жаяу жүргіншілер жолының жабын деңгейінен 2,5 метрден төмен биіктікте;

5) көшеге қараған балкондар мен лоджиялардың қоршауларында.

  1. К1, К3 және К4 санатындағы көшелерге қараған қасбеттерде орналастырылатын ауаны баптау жүйелерінің сыртқы блоктары ғимарат үшін бірыңғай шешімде орындалған және осы Дизайн-кодтың 53-тармағына сәйкес боялған сәндік экрандармен жабылады.
  2. Кондиционерлеу жүйелерінің сыртқы блоктарынан шығатын конденсат ішкі су бұру жүйесіне ұйымдастырылған түрде әкетіледі. Конденсатты қасбет жазықтығына, жаяу жүргіншілер жолының жабынына және жүріс бөлігіне ағызуға жол берілмейді.
  3. Осы Дизайн-кодтың 79-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, К2 санатындағы көшелерге қараған қасбеттерде кондиционерлеу жүйелерінің сыртқы блоктары мен өзге де инженерлік жабдықтарды орналастыруға жол берілмейді.
  4. Кондиционерлеу жүйелерінің сыртқы блоктарын К2 санатындағы көшелерге қараған қасбеттерде орналастыруға мынадай шарттар бір мезгілде сақталған жағдайда жол беріледі:

1) жобалық шешіммен жабдықты көшеге қарамайтын қасбеттерге, шатырға немесе ғимараттың ішкі үй-жайларына орналастырудың техникалық мүмкіндігі жоқ екені расталған;

2) ғимарат үшін жабдықты орналастыруға арналған техникалық аймақтар мен оны жасыру жөніндегі шешімдер айқындалған эскиздік жоба әзірленген;

3) жабдық тек эскиздік жобада айқындалған техникалық аймақтарда, бүкіл ғимарат үшін бірыңғай шешім бойынша, сәндік экранның бірдей түрімен, орналастыру деңгейлері мен аралықтары бірдей етіп орналастырылады;

4) сыртқы блок осы Дизайн-кодқа __-қосымшаның __-бөлімінде көзделген үлгілік шешімге сәйкес орындалған сәндік экранмен жабылады және осы Дизайн-кодтың 53-тармағына сәйкес боялады;

5) осы Дизайн-кодтың 75 және 77-тармақтарының талаптары сақталады;

6) тарихи-мәдени мұра объектілеріне және олардың қорғау аймақтарының шекараларында орналасқан объектілерге қатысты Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасының талаптары сақталады.

  1. К2 санатындағы көшеге қараған қасбетте кондиционерлеу жүйесінің сыртқы блогын эскиздік жоба болмаған жағдайда орналастыруға жол берілмейді.
  2. Антенналар, қабылдау және тарату құрылғылары шатырға немесе көшеге қарамайтын қасбеттерге орналастырылады. Аталған құрылғыларды К1, К2 және К3 санатындағы көшелерге қараған қасбеттерде орналастыруға жол берілмейді.
  3. Су ағызу жүйелері ұйымдастырылған түрде орындалады, ғимарат шегінде бірыңғай шешімде қарастырылады және қасбеттің сәулеттік әрі сәндік элементтерін қиып өтпей, қасбет жазықтығына бекітіледі.
  4. Кабель желілері, байланыс желілері және әлсіз токты жүйелер жасырын түрде жүргізіледі. Көшеге қараған қасбет жазықтығы бойымен кабель желілерін жүргізуге, сондай-ақ олардың салбырап тұруына жол берілмейді.

11-тарау. Шатыр және ғимараттың жоғарғы бөлігін аяқтайтын элементтер

  1. Шатырдың пішіні, конфигурациясы мен материалы ғимараттың сәулеттік шешімімен айқындалады. Шатырда осы Дизайн-кодтың 68-тармағында көзделмеген материалдар мен түс шешімдерін қолдануға жол берілмейді.
  2. Шатырға орналастырылатын жабдық (желдету қондырғылары, машиналық үй-жайлар, антенналар, күн коллекторлары, инженерлік жүйелердің элементтері) көшенің қарама-қарсы жағынан көрінбейтіндей етіп қасбет жазықтығынан шегіндіріле орналастырылады немесе қасбеттің сәулеттік шешіміне сәйкес орындалған қорғаныш экрандарымен жабылады.
  3. Жобалау құжаттамасын әзірлемей және оны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен келіспей, шатырға қондырмалар, мансардалар мен қосымша көлемдер орнатуға жол берілмейді.
  4. Қасбеттері К2 санатындағы көшелерге қараған ғимараттарда шатырдың пішінін, еңісін және биіктік белгілерін өзгертуге, сондай-ақ шатыр терезелерін, түтін мұржаларын, парапеттерді және ғимараттың жоғарғы бөлігін аяқтайтын өзге де элементтерді бөлшектеуге жол берілмейд.
  5. Шатыр қоршаулары ғимарат шегінде бірыңғай конструкциялық және түстік шешімде орындалады.

12-тарау. Қасбеттерді сәулеттік жарықтандыру

  1. Қасбеттерді сәулеттік жарықтандыру бүкіл қасбет үшін бірыңғай шешім бойынша, ал қасбеттің паспорты болған жағдайда, соған сәйкес орындалады. Жарықтандыру қасбеттің сәулеттік композициясын, бөліністері мен пластикасын айқындауға тиіс.
  2. Сәулеттік жарықтандыру аспаптары, кабель желілері мен бекіту элементтері жасырылуға немесе қасбеттің сәулеттік композициясына енгізілуге тиіс.
  3. Сәулеттік жарықтандыру біркелкі және жыпылықтамайтын болуға тиіс. Жыпылықтайтын, пульсациялық, стробоскопиялық, динамикалық, анимациялық немесе түсін өзгерту әсерлері бар жарықтандыруды қолдануға жол берілмейді.
  4. Сәулеттік жарықтандыру тұрғын үй-жайлардың терезелеріне бағытталған жарық сәулелерін түсірмеуге, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің көзін қарықтырмауға, сондай-ақ қасбетті тұтас жарықпен шамадан тыс жарықтандыру әсерін тудырмауға тиіс.
  5. К2 санатындағы көшелерге қараған қасбеттерде жарықтандыру аспаптарын жасырын орналастыру шартымен тек құйып жарықтандыруға және контурлық жарықтандыруға жол беріледі. Жарықтандыру аспаптарын қасбеттің сәулеттік және сәндік элементтеріне орналастыруға жол берілмейді.
  6. Жарықтандыру аспаптары істемейтін немесе ішінара істемейтін сәулеттік жарықтандыру жүйесін пайдалануға жол берілмейді.

13-тарау. Қасбеттерді күтіп-ұстау, талаптарды бұзудың салдары және өтпелі ережелер

  1. Ғимараттың, құрылыстың немесе үй-жайдың меншік иесі (заңды пайдаланушысы) қасбеттің тиісті техникалық, санитариялық және эстетикалық жай-күйін қамтамасыз етуге міндетті, оның ішінде:

1) қасбетті ластанудан, жазулардан, хабарландырулар мен жапсырмалардан тазарту;

2) зақымдалған немесе жоғалған әрлеу қабатын, сылақ пен бояу қабаттарын қалпына келтіру;

3) сәулеттік және сәндік элементтердің, күнқағарлардың, қалқалардың, су ағызу жүйелері мен қоршаулардың зақымдануын жою;

4) инженерлік жабдықтың зақымдалған қорғаныш экрандарын қалпына келтіру және бояу;

5) коррозия, тұз дақтары, әрлеу қабатының ажырауы және биологиялық зақымдану іздерін жою.

  1. Қасбеттерінде келесідей ақаулары бар ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануға жол берілмейді:

1) сәулеттік және сәндік элементтердің болмауы, қирауы немесе зақымдануы;

2) әрлеу қабатының ажырауы, үгітілуі немесе болмауы, сондай-ақ қасбеттің жекелеген бөліктерінде әртүрлі материалдармен жөндеу жүргізілген іздердің болуы;

3) су ағызу жүйелерінің, күнқағарлардың, қалқалар мен қоршаулардың зақымдануы, деформациялануы немесе боялмауы;

4) қорғаныш экрандарының зақымдануы және кабель желілерінің ашық жүргізілуі.

  1. Осы Дизайн-код талаптарын бұза отырып орналастырылған немесе өзгертілген қасбет элементтері Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қарағанды қаласының дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларында белгіленген тәртіппен осы талаптарға сәйкестендірілуге немесе қасбетті бастапқы қалпына келтіре отырып, бөлшектелуге тиіс.
  2. Осы Дизайн-код қолданысқа енгізілгенге дейін болған ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін, сондай-ақ оларға орналастырылған элементтерді оның талаптарына сәйкестендіру мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

1) ғимаратты немесе құрылысты реконструкциялау, күрделі жөндеу немесе қасбет шешімін (оның ішінде түс палитрасын) өзгерту кезінде;

2) қасбеттің әрлеу материалдарын ауыстыру немесе оның түс шешімін өзгерту кезінде;

3) терезе және витрина толтырмаларын, кіреберіс топтарын, күнқағарларды, қалқалар мен қорғаныш құрылғыларын ауыстыру, жөндеу немесе қайта жабдықтау кезінде;

4) қасбетке орналастырылған инженерлік-техникалық жабдықты ауыстыру немесе қайта жабдықтау кезінде;

5) тиісті ғимараттың немесе құрылыстың нобайлық жобасын әзірлеу кезінде.

  1. Осы Дизайн-код қолданысқа енгізілгенге дейін К2 санатындағы көшелерге қараған қасбеттерге орнатылған балкондар мен лоджиялардың әйнектелген конструкциялары, сондай-ақ кондиционерлеу жүйелерінің сыртқы блоктары тиісті ғимараттың нобайлық жобасын уәкілетті орган қараған күннен бастап 48 айдан кешіктірілмейтін мерзімде осы Дизайн-кодтың 71 және 79-тармақтарының талаптарына сәйкестендірілуге тиіс.
  2. Осы Дизайн-код қолданысқа енгізілгеннен кейін оның талаптарын бұза отырып орналастырылған немесе өзгертілген қасбет элементтері 99-тармақта көзделген мән-жайларға қарамастан, Қарағанды қаласының дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларында белгіленген тәртіппен қасбетті бастапқы қалпына келтіре отырып, бөлшектелуге тиіс.

3-БӨЛІМ. ОРНАЛАСТЫРЫЛАТЫН СЫРТҚЫ (ВИЗУАЛДЫ) АҚПАРАТҚА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

14 -тарау. Сыртқы (визуалды) ақпаратқа қойылатын жалпы талаптар

  1. Осы бөлім Қарағанды қаласының аумағында сыртқы (визуалды) ақпараттың түрлеріне, сыртқы көрінісіне, габариттік өлшемдеріне, орналастырылатын орындары мен тәсілдеріне, мазмұнына, күтіп-ұсталуына, пайдаланылуына және бөлшектелуіне қойылатын талаптарды белгілейді.
  2. Сыртқы (визуалды) ақпаратқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сыртқы (визуалды) жарнамаға жатпайтын объектілер жатады.
  3. Сыртқы (визуалды) жарнамаға қойылатын талаптар осы Дизайн-кодтың 4-бөлімінде белгіленген. Осы бөлімнің талаптары сыртқы (визуалды) жарнамаға қолданылмайды.
  4. Сыртқы (визуалды) ақпаратқа келесілер жатады:

1) маңдайшалар;

2) ақпараттық тақтайшалар;

3) жиынтық ақпараттық конструкция;

4) витриналар мен терезелердің ішкі безендірілуі;

5) мәдени, спорттық немесе спорттық-бұқаралық іс-шаралардың афишалары;

  1. Осы Дизайн-кодтың 104-тармағында көзделген түрлерге жатпайтын сыртқы (визуалды) ақпарат тасымалдағыштарын орналастыруға жол берілмейді.
  2. Маңдайшаны орналастыруды келісу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Осы Дизайн-код сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерін орналастыруды келісудің қосымша рәсімдерін белгілемейді. Уәкілетті органның осы бөлімді қолдану мәселелері бойынша сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерінің иелерімен өзара іс-қимыл жасау тәртібі Қарағанды қаласының дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларында айқындалады.
  3. Осы Дизайн-кодтың 109-тармағында көзделген ғимараттарды қоспағанда, ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттеріне маңдайшалар осы Дизайн-кодқа ___ қосымшаға сәйкес маңдайшаларды орналастырудың үлгілік схемалары бойынша орналастырылады.
  4. Маңдайшаларды орналастырудың үлгілік схемалары мыналарды айқындайды:

1) маңдайшаларды орналастыруға рұқсат етілген қасбет аймақтарын;

2) қасбеттегі маңдайшаларды орналастырудың бірыңғай көлденең осін айқындау қағидаларын;

3) маңдайшалардың шекті габариттік өлшемдері мен оларды бекіту тәсілдерін.

  1. Сауда орталықтарының, сауда-ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, вокзалдардың, спорттық және мәдени-ойын-сауық объектілерінің, сондай-ақ дербес пайдаланушылар пайдаланатын бес және одан да көп үй-жай орналасқан өзге де ғимараттардың қасбеттеріне маңдайшалар ғимарат қасбетіне маңдайшаларды орналастыру схемасына сәйкес орналастырылады. Бұл схема келесілерді айқындайды:

1) маңдайшаларды орналастыруға рұқсат етілген қасбет аймақтарын;

2) маңдайшаларды орналастырудың бірыңғай көлденең осін (осьтерін;

3) маңдайшалардың шекті габариттік өлшемдерін;

4) маңдайшалардың рұқсат етілген түрлерін, материалдары мен оларды бекіту тәсілдерін;

5) маңдайшаларды жарықтандыру шешімдерін.

109.1 Ғимарат қасбетіне маңдайшаларды орналастыру схемасын ғимараттың меншік иесі маңдайшаларды орналастырудың үлгілік схемалары негізінде әзірлейді және Қарағанды қаласының дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға жолдайды. Ғимарат қасбетіне маңдайшаларды орналастыру схемасының құрамы мен ресімделуіне қойылатын талаптар аталған қағидаларда айқындалады.

109.2 Уәкілетті органға жолданған ғимарат қасбетіне маңдайшаларды орналастыру схемасын тиісті ғимараттың қасбетіне маңдайша орналастыратын барлық тұлғалар орындауға міндетті. Осы схемадан ауытқи отырып маңдайша орналастыруға жол берілмейді.

109.3 Ғимарат қасбетіне маңдайшаларды орналастыру схемасы болмаған жағдайда, маңдайшаларды орналастырудың үлгілік схемалары қолданылады.

  1. Осы бөлімнің талаптары осы Дизайн-кодтың 1-бөлімінің 3-тарауында белгіленген көшелердің санаттарын (К1, К2, К3, К4) ескере отырып, сараланған түрде қолданылады. Қасбетті белгілі бір санатқа жатқызу, қасбет екі немесе одан да көп көшеге қараған жағдайда санатты айқындау, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарының шекараларында К2 санатының талаптарын қолдану аталған тарауға сәйкес жүзеге асырылады.
  2. Сыртқы (визуалды) ақпараттың мәтіндері Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының талаптарын, оның ішінде мемлекеттік және өзге де тілдердегі мәтіндердің орналасу кезектілігі мен өлшемдерінің арақатынасына қойылатын талаптарды сақтай отырып беріледі.
  3. Сыртқы (визуалды) ақпарат объектілері тиісті үй-жайға сәйкес келетін қасбет бөлігі шегінде орналастырылады және оның шекарасынан шықпауға тиіс.
  4. Сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерімен келесідей элементтерді жабуға жол берілмейді:

1) терезе және есік ойықтарын, витраждар мен панорамалық әйнектелген конструкцияларды;

2) қасбеттің сәулеттік және сәндік элементтерін;

3) қалалық навигация көрсеткіштері мен оның өзге де элементтерін;

4) жол белгілерін, бағдаршамдар мен қауіпсіздік белгілерін;

5) инженерлік жабдық элементтері мен олардың қорғаныш экрандарын;

6) мемориалдық тақталар мен ескерткіш белгілерді.

  1. Сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерін орналастыру жаяу жүргіншілер мен көлік құралдарының қозғалысына, ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануға, аумақты тазалауға және күтіп-ұстауға кедергі келтірмеуге тиіс.
  2. Шығыңқы сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерінің астындағы жаяу жүргіншілер жолы жабынының деңгейінен жоғары бос кеңістіктің биіктігі кемінде 2,5 метр болуға тиіс.
  3. Сыртқы (визуалды) ақпарат объектісі орналастырылғаннан кейін жаяу жүргіншілер жолының бос өту бөлігінің ені кемінде 2,0 метр болуға тиіс.
  4. Сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерін келесі орындарға орналастыруға жол берілмейді:

1) реттелмейтін көше қиылыстарындағы көріну үшбұрышының шегінде, егер объектінің биіктігі жүру бөлігінің деңгейінен 0,5 метрден асатын болса;

2) магистральдық коллекторлардың, құбыржолдардың, кабель желілері мен электр беру желілерінің техникалық (қорғау) аймақтарында;

3) осы Дизайн-кодта өзгеше көзделген жағдайларды қоспағанда, жарықтандыру тіректеріне, ағаштарға және жасыл желектерді қоршауға;

4) осы Дизайн-кодта тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, тарихи-мәдени мұра объектілеріне.

  1. Саябақтардың, бақтардың, скверлердің, бульварлар мен жағалаулардың аумақтарында сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерін орналастыру көгалдандыру композициясын бұзбауға, көрініс ашылатын нүктелер мен монументтік өнер элементтерін көлегейлемеуге тиіс.

15-тарау. Маңдайшалардың түрлері, материалдары және оларды орналастырудың жалпы қағидалары

  1. Қарағанды қаласының аумағында келесідей нысанда орындалған маңдайшаларды орналастыруға рұқсат етіледі:

1) төсеме негізсіз көлемді жеке әріптер мен белгілер және (немесе) жазық жеке әріптер мен белгілер түрінде;

2) төсеме негізі бар көлемді жеке әріптер мен белгілер және (немесе) жазық жеке әріптер мен белгілер түрінде;

3) жарық қораптары түрінде;

4) шатырға орнатылатын құрылымдар түрінде;

5) консольдік құрылымдар түрінде;

6) жеке тұрған маңдайшалар түрінде;

Осы тармақта көзделмеген маңдайшаларды орындаудың өзге де нысандарына жол берілмейді.

  1. Маңдайша ретінде жүгіртпе жолдарды, баннерлерді, плакаттарды, штендерлерді (өзге де тасымалды құрылымдарды), афишаларды, постерлерді, полотноларды, созылмалы баннерлерді, ту түріндегі құрылымдарды, жапсырмаларды, өздігінен жабысатын үлдірлерді, баспа панноларын, қағаздан, матадан, винилден жасалған және соларға ұқсас өзге де ақпарат тасығыштарды пайдалануға, сондай-ақ ғимараттардың қасбеттерінің, витриналарының, терезелерінің, есіктерінің және өзге де элементтерінің бетіне тікелей түсірілген мәтіндік, графикалық және аралас бейнелерді қолдануға жол берілмейді.
  2. Маңдайшалар конструкцияның сенімділігін және пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, климаттық әсерлерге, механикалық зақымдануға және түсінің оңуына төзімді материалдардан, оның ішінде сіңдіргіш құраммен өңделген ағаштан, металдан, пластиктен, композиттік және соларға ұқсас өзге де материалдардан жасалуға тиіс.
  3. Өңделмеген фанераны, баннерлік матаны, торларды, қолдан жасалған пластик панельдерді, профилденген табақтарды, пенопластты және қасбетте ұзақ уақыт пайдалануға арналмаған өзге де материалдарды қолдануға жол берілмейді.
  4. Маңдайшаларды ғимараттардың, оларға жапсарлас салынған құрылыстардың және стационарлық емес сауда объектілерінің қасбеттері мен шатырларына, сондай-ақ осындай объектілердің кіреберіс топтарындағы күнқағарлардың және (немесе) қалқалардың фриздеріне орналастыруға рұқсат етіледі.
  5. Бір кіреберіс тобының немесе пайдаланушы алып отырған қасбет бөлігінің шегінде маңдайшаларды қайталап орналастыруға жол берілмейді. Ғимараттағы маңдайшалардың саны тиісті пайдаланушы пайдаланатын кіреберістер санынан аспауға тиіс.
  6. Жертөле және (немесе) цоколь қабаттарындағы үй-жайларда орналасқан ұйымдардың маңдайшаларын көше жақтан жеке кіреберісі болған жағдайда ғана орналастыруға рұқсат етіледі. Мұндай маңдайшалар тиісті кіреберіс тобының, кіреберіс ойығының, күнқағардың немесе қалқаның шегінде орналастырылады.
  7. Бірінші қабаттарда орналасқан ұйымдардың маңдайшалары кіреберіс ойығының үстіне орнатылады: кіреберіс ортада орналасқан жағдайда — кіреберіс ойығының тік осі бойымен, ал кіреберіс ығыстырыла орналасқан жағдайда — пайдаланушы алып отырған қасбет бөлігінің тік осі бойымен.
  8. Екінші және одан жоғары қабаттарда орналасқан ұйымдардың маңдайшаларын қасбетке орналастыруға көше жақтан бөлек, дербес кіреберісі болғанда немесе ғимарат қасбетінде маңдайшаларды орналастыру схемасында не маңдайшаларды орналастырудың үлгілік схемасында көзделген орналастыру аймағы болғанда ғана рұқсат етіледі.
  9. Осы Дизайн-кодтың 126–128-тармақтарында көзделмеген жағдайларда пайдаланушы туралы мәліметтер кіреберіс тобының жанындағы немесе ғимараттың ішіндегі жиынтық ақпараттық конструкцияда орналастырылады.
  10. Бір қасбетке екі немесе одан да көп маңдайша, оның ішінде кіреберіс топтарының күнқағарларының және (немесе) қалқаларының фриздеріне маңдайшалар орналастырылған жағдайда, олардың барлығы бір деңгейде орналастырылып, маңдайшаларды орналастырудың үлгілік схемасына не ғимарат қасбетінде маңдайшаларды орналастыру схемасына сәйкес бірыңғай көлденең ось бойымен түзуленуге тиіс. Маңдайшаларды белгіленген түзулеу сызығынан жоғары немесе төмен орналастыруға жол берілмейді.
  11. Екі немесе одан да көп пайдаланушыға арналған ортақ кіреберіс ойығы болған жағдайда, олардың маңдайшалары бір деңгейде орналастырылады. Маңдайшаларды екі немесе одан да көп деңгейде, сондай-ақ тігінен орналастыруға жол берілмейді. Орын жеткіліксіз болған жағдайда пайдаланушылар туралы мәліметтер жиынтық ақпараттық конструкцияда орналастырылады.
  12. Барлық маңдайшаларда жасырын немесе конструкцияға ұқыпты кіріктірілген бекіткіштер болуға тиіс. Ашық кабельдерді, монтаж көбігін, боялмаған металл кронштейндерді, уақытша бекіткіштерді, салбырап тұрған сымдарды және өзге де техникалық элементтерді қолдануға жол берілмейді.

16-тарау. Маңдайшалардың жекелеген түрлеріне қойылатын ерекше талаптар

  1. Негізсіз көлемді және (немесе) жазық жеке әріптер мен белгілер түріндегі маңдайшаларды К2 санатындағы көшелерді қоса алғанда, барлық санаттағы көшелерде орналастыруға рұқсат етіледі. Мұндай маңдайшалар көшелердің, алаңдардың және өзге де қоғамдық кеңістіктердің бойында орналасқан ғимараттар үшін басым нұсқа болып табылады.
  2. Көлемді әріптер мен белгілерді ішкі және (немесе) контражарықпен жарықтандыруға, оның ішінде К2 санатындағы көшелерде де рұқсат етіледі.
  3. Көлемді әріптер мен белгілер орналастырылатын жазықтыққа тығыз жанасатындай етіп, жасырын бекіткіштерді пайдалану арқылы немесе жасырын қашықтық ұстағыштарға орнатылады.
  4. Жазық әріптер мен белгілер орналастырылатын жазықтықтан кемінде 25 миллиметр қашықтықта қашықтық ұстағыштарға орнатылады.
  5. К2 санатындағы көшелерде төсеме негізі бар көлемді және (немесе) жазық жеке әріптер мен белгілер түріндегі маңдайшаларды орналастыруға жол берілмейді.
  6. Негізді тауар белгісінің, қызмет көрсету белгісінің немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген дараландырудың өзге де құралының құрамдас бөлігі болған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі.
  7. Негіз жарық өткізетін болмауға тиіс. Негіздің ішкі жарықтандырылуын орнатуға, жарық өткізетін материалдарды қолдануға, сондай-ақ тұтас немесе ішінара жарық шығаратын бет әсерін жасауға жол берілмейді.
  8. Ғимараттың бастапқы сәулеттік шешімінде осындай элементтер көзделген жағдайларды қоспағанда, К2 санатындағы көшелерде жарық қораптары түріндегі маңдайшаларды орналастыруға жол берілмейді.
  9. Жарық қораптары орналастырылатын жазықтыққа тығыз жанасатындай етіп, жасырын бекіткіштерді пайдалану арқылы орнатылады.
  10. Жарық қорабында жарық өткізетін етіп тек әріптер мен белгілерді ғана орындауға рұқсат етіледі. Жарық қорабының фондық бөлігі жарықтандырылмайтын болуға тиіс. Тұтас жарық шығаратын бет әсерін жасауға жол берілмейді.
  11. Жарық қорабының ені тиісті пайдаланушы алып отырған қасбет бөлігінің енінің 60 пайызынан аспауға тиіс.
  12. Пайдаланушы ғимаратты толығымен немесе ғимарат ауданының кемінде 50 пайызын құрайтын үй-жайларды алып отырған жағдайда ғана шатырға орнатылатын құрылымды орналастыруға рұқсат етіледі.
  13. Шатырға орнатылатын құрылымдарды қасбеттері К1 және К3 санатындағы көшелерге қараған ғимараттарда ғана орналастыруға рұқсат етіледі. К2 және К4 санатындағы көшелерде, сондай-ақ көше санатына қарамастан, тұрғын үйлерде шатырға орнатылатын құрылымдарды орналастыруға жол берілмейді.
  14. Шатырға орнатылатын құрылымдар тек фондық негізі және тұтас негізі жоқ көлемді жеке әріптер мен белгілер түрінде орындалуға тиіс. Жарық қораптарын, экрандарды және қалқанды конструкцияларды шатырға орнатылатын құрылымдар ретінде пайдалануға жол берілмейді.
  15. Шатырға орнатылатын құрылымның биіктігі келесідей шамалардан аспауға тиіс:

1) биіктігі 5 қабатқа дейінгі ғимараттар үшін — 1000 миллиметр;

2) биіктігі 6-дан 9 қабатқа дейінгі ғимараттар үшін — 1500 миллиметр;

3) биіктігі 10 қабат және одан жоғары ғимараттар үшін — 2000 миллиметр.

  1. Шатырға орнатылатын құрылымның тірек және көтергіш элементтері, электрмен қоректендіру желілері мен бекіту элементтері жасырылуға немесе жалпы композицияға кіріктірілуге тиіс.
  2. Бір кіреберіс тобына бір консольдік маңдайшадан артық орналастыруға жол берілмейді.
  3. Бекіту элементтерін қоса алғанда, консольдік маңдайшаның қасбет жазықтығынан шығыңқы бөлігі келесі шамалардан аспауға тиіс:

1) К1 және К3 санатындағы көшелерде — 1000 миллиметр;

2) К2 және К4 санатындағы көшелерде — 800 миллиметр.

  1. Консольдік маңдайшаның төменгі жиегінен жаяу жүргіншілер жолы жабынының деңгейіне дейінгі биіктік кемінде 2,5 метр болуға тиіс.
  2. Консольдік маңдайшалар бірінші қабат деңгейінде, кіреберіс тобының жанында, жоғары орналасқан қабаттардың терезе ойықтары аймағынан тыс орналастырылады.
  3. Бір қасбетке екі немесе одан да көп консольдік маңдайша орналастырылған жағдайда, олар бірыңғай көлденең ось бойымен, бір-бірінен кемінде 5 метр қашықтықта орналастырылады.
  4. Жеке тұрған маңдайшаларды жеке бөлінген жер учаскесін алып отырған объектілерде, оның ішінде автожанармай құю станцияларында, техникалық қызмет көрсету станцияларында, сауда және сауда-ойын-сауық орталықтарында, базарларда, қонақүйлерде, медициналық ұйымдарда, білім беру ұйымдарында, өндірістік, қоймалық және логистикалық объектілерде орналастыруға рұқсат етіледі.
  5. Жеке тұрған маңдайшалардың саны пайдаланушы алып отырған аумаққа кіретін көлік кіреберістері мен жаяу жүргіншілер кіреберістерінің санынан аспауға тиіс, бірақ бір объектіге екі маңдайшадан артық орналастыруға жол берілмейді.
  6. Жеке тұрған маңдайшаның шекті параметрлері:

1) құрылымның биіктігі – 6 метрден аспауға тиіс;

2) құрылымның жоспардағы ең үлкен өлшемі – 1,5 метрден аспауға тиіс;

3) ақпараттық өрістің ауданы бір жағынан 6 шаршы метрден аспауға тиіс;

  1. К2 санатындағы көшелерде жеке тұрған маңдайшаның биіктігі 3 метрден, ал ақпараттық өрісінің ауданы бір жағынан 2,2 шаршы метрден аспауға тиіс.
  2. Жеке тұрған маңдайша пайдаланушы алып отырған жер учаскесінің шегінде орналастырылуға және оның шекарасынан шықпауға тиіс. Оны жаяу жүргіншілер жолдарында, көгалдарда, гүлзарларда және ағаш діңдерінің айналасындағы шеңберлер шегінде орналастыруға жол берілмейді.
  3. Жеке тұрған маңдайшада жарнамалық сипаттағы мәліметтерді, оның ішінде тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер, олардың сапасы, құны және сатып алу шарттары туралы ақпаратты, сондай-ақ өзге тұлғалардың дараландыру құралдарын орналастыруға жол берілмейді.
  4. Жеке тұрған маңдайша сол пайдаланушының сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерімен біртұтас конструкциялық және түстік шешімде орындалуға тиіс. Тіректер, іргетастар, кабель желілері мен бекіту элементтері жасырылуға тиіс.
  5. Жарықтандырумен жабдықталған жеке тұрған маңдайшалар осы Дизайн-кодтың 18-тарауының талаптарын сақтай отырып орналастырылады.

17-тарау. Маңдайшалардың габариттері

  1. Маңдайшаның габариттері оның көрінетін элементтерінің шеткі нүктелері бойынша айқындалады. Оларға әріптер, цифрлар, логотиптер, символдар, сәндік элементтер, негіз, қорап, жақтау және бекіту элементтерінің көрінетін бөліктері кіреді.
  2. Төсеме негізі жоқ немесе төсеме негізі бар көлемді және (немесе) жазық жеке әріптер мен белгілер түрінде орындалған маңдайшадағы әріптердің, цифрлардың, белгілер мен логотиптердің ең үлкен биіктігі, сондай-ақ логотип пен қосымша жолды қоса алғанда, маңдайша композициясының ең үлкен биіктігі кестеде көрсетілген мәндерден аспауға тиіс:

Көше санаты

Әріптердің, цифрлардың, белгілер мен логотиптердің ең үлкен биіктігі, мм

Маңдайша композициясының ең үлкен биіктігі, мм

К1

800

1000

К2

400

450

К3

550

700

К4

450

550

  1. Маңдайшаның әріптері, цифрлары, белгілері мен логотиптері композицияның визуалды тұтастығын қамтамасыз ететіндей етіп, орналастыру бетінің (негіздің, қораптың, күнқағардың немесе бастырманың маңдайлық бөлігінің, пайдаланушы алып отырған қасбет бөлігінің) шеттерінен тиісті арақашықтық сақтала отырып орналастырылады. Әріптерді, цифрларды, белгілер мен логотиптерді орналастыру бетінің шеттеріне тақап орналастыруға, сондай-ақ оның шекарасынан тыс шығаруға жол берілмейді.
  2. Маңдайшаның жалпы ұзындығы тиісті пайдаланушы алып отырған қасбет бөлігінің енінің 70 пайызынан аспауға тиіс. К2 санатындағы көшелерде маңдайшаның жалпы ұзындығы осы қасбет бөлігінің енінің 60 пайызынан аспауға тиіс.
  3. Қасбеттері К1 және К3 санатындағы көшелерге қараған ірі қоғамдық объектілердің (мемлекеттік мекемелердің, вокзалдардың, спорт кешендерінің, сауда-ойын-сауық орталықтарының) ғимараттары үшін осы Дизайн-кодтың 162-тармағында белгіленген шекті мәндерді 25 пайыздан аспайтын мөлшерде ұлғайтуға болады. Бұл ретте әріптердің биіктігі 1000 миллиметрден, ал маңдайша композициясының биіктігі 1250 миллиметрден аспауға тиіс. Осы тармақтың талаптары К2 және К4 санатындағы көшелерге қолданылмайды.
  4. Аралық ұстағыштарды, бекіткіштерді және өзге де конструкциялық элементтерді қоса алғанда, маңдайшаның қасбет жазықтығынан шығып тұруы 150 миллиметрден аспауға тиіс. Осы тармақтың талаптары консольдік маңдайшалар мен шатырға орнатылатын құрылымдарға қолданылмайды. Олардың габариттері осы Дизайн-кодтың 146 және 149-тармақтарында айқындалады.

18-тарау. Сыртқы (визуалды) ақпаратты жарықтандыру

  1. Сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерінің жарықтандырылуы біркелкі және жыпылықтаусыз болуға тиіс.
  2. Жыпылықтау, пульсациялау (лүпілдеуші), стробоскопиялық әсер, динамикалық қозғалыс, анимация немесе түстердің ауысуы әсерлері бар, сондай-ақ жүгіртпе жол әсерін тудыратын жарықтандыруды қолдануға жол берілмейді.
  3. Жарықтандырумен жабдықталған сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерінде жарықтық деңгейін реттеу жүйесі немесе тәуліктің қараңғы уақытында жарықтықты автоматты түрде төмендету режимі болуға тиіс.
  4. Жарықтандыру қасбеттің, көшенің немесе қоғамдық кеңістіктің тұтас жарыққа толып кетуіне, жарық сәулелерінің тұрғын үй-жайлардың терезелеріне бағытталуына, сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерінің көзін қарықтыруға жол бермеуге тиіс.
  5. Жарықтандыруы істемейтін немесе ішінара істемейтін сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерін пайдалануға жол берілмейді.

19-тарау. Сыртқы (визуалды) ақпараттың өзге де түрлері

  1. Ақпараттық тақтайша үй-жайдың кіреберісіне (кіреберіс есігіне немесе оған іргелес қасбет не қабырға бөлігіне) орналастырылады. Әрбір кіреберіске бір тақтайшадан артық орналастыруға жол берілмейді.
  2. Ақпараттық тақтайшаның өлшемдері 300 × 400 миллиметрден аспауға тиіс.
  3. Ақпараттық тақтайша кіреберіс ойығына сәйкестендіріліп, қабылдауға ыңғайлы биіктікте орналастырылады. Қасбетте бірнеше ақпараттық тақтайша болған жағдайда, олар бір ось бойымен, бірдей өлшемде және бірізді форматта ретімен орналастырылады.
  4. Ақпараттық тақтайшада жарнамалық сипаттағы мәліметтерді орналастыруға жол берілмейді. Ақпараттық тақтайша сыртқы (визуалды) жарнамаға жатпайды.
  5. Жұмыс режимі туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық тақтайшада тек жұмыс күндері мен сағаттары, үзіліс уақыты және демалыс күндері туралы мәліметтер орналастырылады. Мұндай тақтайшада өзге мәліметтерді, суреттерді, логотиптерді, QR-кодтарды және басқа да графикалық элементтерді орналастыруға жол берілмейді.
  6. Витриналар мен терезелердің ішкі безендірілуі әйнектің визуалды өткізгіштігін және үй-жай мен көше арасындағы визуалды байланысты сақтай отырып орналастырылады.
  7. Осы Дизайн-кодтың талаптары витрина аймағы шегіндегі витриналар мен терезелердің ішкі безендірілуіне қолданылады. Витрина аймағынан тыс орналасқан үй-жайдың безендірілуі осы Дизайн-кодпен реттелмейді.
  8. Витрина аймағы шегінде орналасқан витриналар мен терезелердің ішкі безендірілуіндегі мөлдір емес элементтердің жалпы ауданы әрбір жеке әйнектелген элемент ауданының және қасбеттегі витриналық әйнектеудің жалпы ауданының келесі үлестерінен аспауға тиіс:

1) К1 және К2 санатындағы көшелерде – 10 пайыз;

2) К3 және К4 санатындағы көшелерде – 20 пайыз;

  1. Витринаның немесе терезенің мөлдір емес жазықтыққа айналуына әкелетін әйнектеуді тұтас немесе ішінара жабуға жол берілмейді.
  2. Витриналар мен терезелердің ішкі безендіру элементтері композициялық тұрғыдан реттеліп, бір ось бойымен орналастырылуға тиіс. Витрина аймағында безендіру элементтеріне жатпайтын қойма мүлкін, қаптамаларды, инженерлік және сауда жабдықтарын орналастыруға жол берілмейді.
  3. Витриналар мен терезелердің ішкі безендіру элементтерін, сондай-ақ өзге де мүлікті әйнектің ішкі бетінен 100 миллиметрден аз қашықтықта орналастыруға жол берілмейді.
  4. Мәдени, спорттық және бұқаралық спорттық іс-шаралардың афишалары оларды орналастыруға арнайы бөлінген орындарда ғана орналастырылады.

183.1. Мәдени, спорттық және бұқаралық спорттық іс-шаралардың афишаларын орналастыруға арнайы бөлінген орындардың тізбесін жергілікті атқарушы орган бекітеді.

  1. Мәдени, спорттық және бұқаралық спорттық іс-шаралардың афишаларын ғимараттардың қасбеттеріне, жарықтандыру тіректеріне, ағаштарға, қоршауларға, аялдама павильондарына, сондай-ақ арнайы бөлінген орындардан тыс жерлерге орналастыруға жол берілмейді.
  2. Афиша іс-шара аяқталған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде оның иесі тарапынан бөлшектелуге тиіс.
  3. Ғимараттың кіреберіс тобының жанына жиынтық ақпараттық құрылымды орналастыруға болады. Бұл жағдайда құрылым қасбеттің материалдары мен түс шешіміне сәйкес келетін бірыңғай сәулеттік және графикалық шешімде орындалуға, оның габариттері 1000 × 1500 миллиметрден аспауға және қасбет жазықтығынан 100 миллиметр шығып тұруға тиіс.

20-тарау. Сыртқы (визуалды) ақпаратты күтіп-ұстау, пайдалану және бөлшектеу

  1. Сыртқы (визуалды) ақпарат объектісінің иесі оны пайдалану мерзімі бойы тиісті техникалық, санитариялық және эстетикалық жай-күйде ұстауға міндетті. Бұл ретте:

1) ластанудан, қар мен мұздан тазарту;

2) өңі кеткен, бүлінген және оқылмай қалған элементтерді ауыстыру;

3) құрылымның, бекітпелердің және жарықтандыру элементтерінің зақымдануын жою;

4) бөгде хабарландырулар мен жазуларды алып тастау қамтамасыз етілуге тиіс.

  1. Мынадай сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерін пайдалануға жол берілмейді:

1) элементтері зақымданған, деформацияланған немесе ішінара жоғалған;

2) өңінің кету, коррозия және ластану іздері бар;

3) жарықтандыруы жұмыс істемейтін немесе ішінара істемейтін;

4) тиісті үй-жайда қызметін тоқтатқан пайдаланушы туралы мәліметтерді қамтитын.

  1. Пайдаланушының қызметі тоқтатылған немесе үй-жайды иелену не пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда, сыртқы (визуалды) ақпарат объектісінің иесі оны 10 жұмыс күні ішінде бөлшектеп, орналастырылған бетті бастапқы қалпына келтіруге міндетті.
  2. Осы Дизайн-кодтың талаптарын бұза отырып орналастырылған немесе пайдаланылатын сыртқы (визуалды) ақпарат объектісі Қарағанды қаласының Дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларында белгіленген тәртіппен осы талаптарға сәйкестендірілуге немесе бөлшектелуге тиіс.
  3. Осы Дизайн-код қолданысқа енгізілгенге дейін орналастырылған сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерін оның талаптарына сәйкестендіру мына жағдайларда жүзеге асырылады:

1) ғимаратты реконструкциялау, күрделі жөндеу немесе оның қасбетінің сәулеттік шешімін өзгерту кезінде;

2) сыртқы (визуалды) ақпарат объектісін ауыстыру, жөндеу немесе өзгерту кезінде;

3) үй-жайдың меншік иесі немесе пайдаланушысы ауысқан кезде;

4) тиісті ғимараттың қасбетінде маңдайшаларды орналастыру схемасын әзірлеу кезінде.

  1. Осы Дизайн-кодтың 191-тармағында көзделген негіздер бойынша оның талаптарына сәйкестендірілмеген сыртқы (визуалды) ақпарат объектілері осы Дизайн-код қолданысқа енгізілген күннен бастап 6 айдан кешіктірілмей осы талаптарға сәйкестендірілуге тиіс.

4-БӨЛІМ. ОРНАЛАСТЫРЫЛАТЫН СЫРТҚЫ (ВИЗУАЛДЫ) ЖАРНАМАҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

21-тарау. Сыртқы (визуалды) жарнамаға қойылатын жалпы талаптар

  1. Осы бөлім Қарағанды қаласының аумағында сыртқы (визуалды) жарнаманың түрлеріне, сыртқы көрінісіне, габариттеріне, орналастыру орындары мен тәсілдеріне, мазмұнына, күтіп-ұсталуына, пайдаланылуына және бөлшектелуіне қойылатын талаптарды белгілейді.
  2. Объектіні сыртқы (визуалды) жарнамаға жатқызу Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
  3. Сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыру тәртібі, оның ішінде орналастыру туралы хабарламаны жіберу тәртібі Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңымен және белгіленген тәртіппен бекітілетін елді мекендердегі үй-жайлардан тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, сондай-ақ елді мекендерден тыс жерлерде және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс үй-жайлардан тыс ашық кеңістікте сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыру қағидаларымен айқындалады.
  4. Осы бөлімнің талаптары жарнама берушілер, жарнама таратушылар, жарнамалық құрылымдардың меншік иелері (иеленушілері), сондай-ақ жарнамалық құрылымдар орналастырылатын ғимараттардың, құрылыстардың және жер учаскелерінің меншік иелері (заңды пайдаланушылары) үшін міндетті болып табылады.
  5. Осы бөлімнің талаптары осы Дизайн-кодтың 3-тарауында белгіленген көшелердің санаттары (К1, К2, К3, К4) ескеріле отырып, сараланған түрде қолданылады.
  6. Осы бөлімде тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Дизайн-кодтың 3-бөлімінде белгіленген сыртқы (визуалды) ақпаратқа қойылатын талаптар сыртқы (визуалды) жарнамаға қолданылмайды.
  7. Жарнамалық құрылымдарды мына жерлерде орналастыруға жол берілмейді:

1) тарихи-мәдени мұра объектілерінде және олардың қорғау аймақтарының шекараларында;

2) ғибадат үйлерінде және олар орналасқан аумақтарда;

3) мемлекеттік органдардың, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының ғимараттарында, сондай-ақ олар орналасқан аумақтарда;

4) ескерткіштерде, монументтерде, мемориалдық құрылыстарда және монументтік өнер элементтерінде;

5) тұрғын үйлердің қасбеттерінде, шатырларында, қоршауларында және өзге де конструкцияларында, сондай-ақ тұрғын үйлердің үй маңындағы аумақтарында;

6) ғимараттар мен құрылыстардың қоршау конструкцияларында және инженерлік жабдықтарының элементтерінде;

7) ағаштарда, бұталарда және жасыл желектерді қоршау құрылымдарында;

8) жарықтандыру тіректерінде, байланыс желісінің тіректерінде және инженерлік жабдық элементтерінде;

9) құрылымның биіктігі жүріс бөлігінің деңгейінен 0,5 метрден асатын жағдайда, көшелердің реттелмейтін қиылыстарындағы көріну үшбұрышының шекараларында;

10) магистральдық коллекторлардың, құбырлардың, кабель желілері мен электр беру желілерінің техникалық (қорғау) аймақтарында;

11) қала құрылысының басым нысандары мен тарихи-мәдени мұра объектілеріне көрініс ашылатын нүктелердің бойында.

  1. Осы Дизайн-кодтың 220-тармағының 5) тармақшасын қолдану мақсатында кондоминиум объектісіне жататын үй маңындағы аумақтар мен жер учаскелері тұрғын үйлерге теңестіріледі.
  2. Осы Дизайн-кодтың 220-тармағының 5) тармақшасының ережелері тұрғын ғимаратқа жапсарлас орналасқанына қарамастан, онымен ортақ көтергіш конструкциялары мен қабатаралық жабындары жоқ, дербес жылжымайтын мүлік объектілері болып табылатын тұрғын емес ғимараттар мен құрылыстарға қолданылмайды.
  3. Осы бөлімнің талаптары осы Дизайн-кодтың 3-бөліміне сәйкес тұрғын үйлердің жапсарлас салынған, кіріктірілген-жапсарлас салынған және стилобат бөліктерінде маңдайшалар мен сыртқы (визуалды) ақпараттың өзге де объектілерін орналастыруды шектемейді.
  4. Мына объектілерді жауып қалатын жарнамалық құрылымдарды орналастыруға жол берілмейді:

1) терезе және есік ойықтарын, витраждар мен панорамалық әйнектелген бөліктерді;

2) қасбеттердің сәулеттік және сәндік элементтерін;

3) жол белгілерін, бағдаршамдарды, қауіпсіздік белгілері мен көше атауларының көрсеткіштерін;

4) осы Дизайн-кодтың 3-бөліміне сәйкес орналастырылған сыртқы (визуалды) ақпарат объектілерін.

  1. Жарнамалық құрылым орналастырылғаннан кейін жаяу жүргіншілер жолының бос өту бөлігінің ені кемінде 2,0 метр болуға тиіс.
  2. Жарнамалық құрылымдардың бекітпелері берік әрі орнықты болуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген электр және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келуге тиіс.
  3. Жарнамалық құрылымдар климаттық әсерлерге, механикалық зақымдануға және түсінің оңуына төзімді материалдардан жасалуға тиіс. Өңделмеген фанераны, торларды, профилденген табақтарды, пенопластты және ұзақ мерзімді пайдалануға арналмаған өзге де материалдарды қолдануға жол берілмейді.

22 -тарау. Жарнамалық құрылымдардың түрлері

  1. Қарағанды қаласының аумағында жарнамалық құрылымдардың мынадай келесі түрлерін орналастыруға жол беріледі:

1) жеке тұрған жарнамалық құрылымдар;

2) ғимараттар мен құрылыстарға орналастырылатын медиаэкрандар мен медиафасадтар;

3) медиабордтар;

4) ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттеріне орналастырылатын лайтбокстар;

5) тасымалды жарнамалық құрылымдар (штендерлер);

6) уақытша жарнамалық құрылымдар.

  1. Өзге түрдегі жарнамалық құрылымдарды орналастыруға жол берілмейді.
  2. Осы Дизайн-кодтың 27-тарағында көзделген жағдайларды қоспағанда, баннерлер, кермелер, транспаранттар, полотнолар, жалаулар композициялары, әуе шарлары мен аэростаттар түрінде жарнама орналастыруға, сондай-ақ жарнамалық бейнелерді қасбеттердің, жаяу жүргіншілер қатынасы жолдары жабындарының және жүріс бөлігінің бетіне тікелей түсіруге жол берілмейді.

23-тарау. Ғимараттар мен құрылыстарға жарнамалық құрылымдарды орналастыру

  1. Ғимараттар мен құрылыстарға жарнамалық құрылымдарды осы Дизайн-кодтың 26-тарауына сәйкес медиаэкрандар мен медиафасадтар түрінде, сондай-ақ осы Дизайн-кодтың 235–240-тармақтарына сәйкес лайтбокстар түрінде ғана орналастыруға жол беріледі. Ғимараттар мен құрылыстарға өзге түрдегі жарнамалық құрылымдарды орналастыруға жол берілмейді.
  2. Осы Дизайн-кодтың 220-тармағының 5) тармақшасына және 221-тармағына сәйкес тұрғын ғимараттарға, оның ішінде олардың жапсарлас салынған, кіріктірілген-жапсарлас салынған және стилобат бөліктеріне медиаэкрандарды қоса алғанда, жарнамалық құрылымдарды орналастыруға жол берілмейді.
  3. Медиаэкрандар ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттеріндегі жарнама аймағының шегінде орналастырылады.
  4. Медиаэкранның бекіту элементтерін қоса алғанда, қасбет жазықтығынан шығыңқы бөлігі 200 миллиметрден аспауға тиіс.
  5. Лайтбокстар ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттеріндегі жарнама аймағының шегінде, қасбет жазықтығына параллель орналастырылады. Бұл ретте терезе, есік және витрина ойықтары, сондай-ақ ғимараттың сәулеттік және сәндік элементтері жабылмауға тиіс.
  6. Бір лайтбокстың ақпараттық өрісінің ауданы 3 шаршы метрден, ал бір қасбетке орналастырылатын лайтбокстардың жалпы ауданы тиісті қасбет ауданының 5 пайызынан аспауға тиіс.
  7. Лайтбокстың бекіту элементтерін қоса алғанда, қасбет жазықтығынан шығыңқы бөлігі 150 миллиметрден аспауға тиіс. Жаяу жүргіншілер қатынасы жолының үстіне орналастырылатын лайтбокстың төменгі жиегі жабын деңгейінен кемінде 2,5 метр биіктікте орналасуға тиіс.
  8. Бір қасбетке орналастырылатын лайтбокстардың өлшемдері, конструкциялық және түстік шешімдері бірдей болуға және олар біртұтас көлденең ось бойымен орналастырылуға тиіс.
  9. Лайтбокстардың жарықтандырылуы ішкі, біркелкі және жарықтығы тұрақты болуға, жыпылықтау, жүгіртпе жол және өзге де динамикалық бейне әсерлері болмауға тиіс. Лайтбокстардың жарықтандырылуына осы Дизайн-кодтың 26-тарауында белгіленген өзге де талаптар қолданылады.
  10. Лайтбокстарды тұрғын ғимараттардың бірінші қабат аражабыны деңгейінен жоғары бөліктеріне, цоколіне, шатырына, балкондар мен лоджиялардың қоршауларына, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілері болып табылатын ғимараттар мен құрылыстарға орналастыруға жол берілмейді.
  11. Осы тарауда белгіленген шектеулер медиафасадтарға қолданылмайды.

24-тарау. Жеке тұрған жарнамалық конструкциялар

  1. Жеке тұрған жарнамалық конструкциялар олар орналасатын көшенің санатын ескере отырып орналастырылады.
  2. Қарағанды қаласының аумағында жеке тұрған жарнамалық конструкциялардың келесі түрлерін орналастыруға жол беріледі:

1) шағын форматты жеке тұрған жарнамалық конструкциялар (лайтбокстар (ситиформат), ситилайттар, пилондар, пилларлар);

2) афишалық тумбалар;

3) медиабордтар;

4) стелалар.

  1. Атауы қандай болғанына қарамастан, жеке тұрған жарнамалық конструкциялардың өзге түрлерін орналастыруға жол берілмейді.
  2. Шағын форматты жеке тұрған жарнамалық конструкциялардың шекті параметрлері:

1) ақпараттық өрістің ауданы – бір жағына 4 шаршы метрден аспауға тиіс;

2) ақпараттық өрістерінің саны – үштен аспауға тиіс;

3) конструкцияның жоспардағы ең үлкен өлшемі – 2 метрден аспауға тиіс;

4) конструкцияның биіктігі – 3,5 метрден аспауға тиіс.

  1. Шағын форматты жеке тұрған жарнамалық конструкцияларды К1, К3 және К4 санаттарындағы көшелерде орналастыруға жол беріледі.
  2. Афишалық тумбаның шекті параметрлері:

1) конструкцияның жоспардағы ең үлкен өлшемі – 1,4 метрден аспауға тиіс;

2) конструкцияның биіктігі – 3,5 метрден аспауға тиіс;

3) ақпараттық өрістің биіктігі – 2,2 метрден аспауға тиіс.

  1. Афишалық тумбаларды барлық санаттағы көшелерде орналастыруға жол беріледі.
  2. Медиабордтардың шекті параметрлері мен оларды орналастыру шарттары осы Дизайн-кодтың 26-тарауында айқындалады.
  3. Жеке тұрған жарнамалық конструкциялардың келесі түрлерін орналастыруға жол берілмейді:

1) өлшемі 3 × 6 метр жарнамалық қалқандарды (билбордтарды), сондай-ақ бір жағының ақпараттық өрісінің ауданы 4 шаршы метрден асатын өзге де қалқанды конструкцияларды;

2) суперсайттарды, супербордтарды, ситибордтарды және өзге де ірі форматты конструкцияларды;

3) осы Дизайн-кодтың 246-тармағына сәйкес орналастырылатын шағын форматты жеке тұрған жарнамалық конструкцияларды қоспағанда, бейнесі механикалық немесе электрондық тәсілмен ауыстырылатын призматрондарды, призмавижндерді және өзге де конструкцияларды;

4) медиабордтарды қоспағанда, жарықдиодты (цифрлық) экранмен жабдықталған конструкцияларды;

5) жалаулар, вымпелдер және полотнолар ілінетін конструкцияларды, тіреулер мен діңгектерд;

6) көлемдік-кеңістіктік конструкцияларды, тауарлардың макеттерін, үрлемелі және пневматикалық конструкцияларды, әуе шарлары мен аэростаттарды;

7) жүріс бөлігінің және жаяу жүргіншілер қатынасы жолдарының үстіне орналастырылатын көлденең кермелер мен тартпаларды;

8) ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттеріне, жаяу жүргіншілер қатынасы жолдарының жабындарына, жүріс бөлігіне және өзге де беттерге жарнамалық бейне түсіретін проекциялық қондырғыларды;

9) сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыру мақсатында тұрақты орнатылған көлік құралдары мен тіркемелерге орналастырылатын конструкцияларды.

  1. Медиабордтарды қоспағанда, жеке тұрған жарнамалық конструкцияның биіктігі 3,5 метрден аспауға тиіс.
  2. Көшенің бір жағында орналасқан жеке тұрған жарнамалық конструкциялар арасындағы қашықтық кемінде 50 метр, ал медиабордтар арасындағы қашықтық кемінде 150 метр болуға тиіс.
  3. Жеке тұрған жарнамалық конструкциядан жүріс бөлігінің шетіне, жаяу жүргіншілер өткеліне, қоғамдық көлік аялдамасына және көшелердің қиылысу шекарасына дейінгі қашықтық сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге және жол жүрісі қауіпсіздігінің талаптарына сәйкес айқындалады.
  4. Жеке тұрған жарнамалық конструкциялардың тіректері бірыңғай конструкциялық және түстік шешімде орындалуға тиіс. Ашық кабельдерге, жабылмаған іргетастарға, уақытша және қосымша тіректерге жол берілмейді.
  5. Жеке тұрған жарнамалық конструкцияларды көгалдарға, гүлзарларға, велосипед жолдарына және ағаш діңдерінің айналасындағы шеңберлер шегінде орналастыруға жол берілмейді.

25-тарау. Тасымалды жарнамалық конструкциялар (штендерлер)

  1. Бір объектіге (үй-жайға) біреуден артық тасымалды жарнамалық конструкция орналастыруға жол берілмейді.
  2. Тасымалды жарнамалық конструкцияның габариттік өлшемдері 600 × 900 миллиметрден, ал қалыңдығы 80 миллиметрден аспауға тиіс.
  3. Тасымалды жарнамалық конструкция үй-жайдың кіреберіс есігінен 2 метрден аспайтын қашықтықта орналастырылады. Оны орналастырғаннан кейін жаяу жүргіншілер қатынасы жолындағы бос өтетін жолдың ені кемінде 2 метр болуға тиіс.
  4. Тасымалды жарнамалық конструкция объектінің жұмыс уақытында ғана орналастырылады және жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін үй-жайдың ішіне жиналады.
  5. Тасымалды жарнамалық конструкцияларды:

1) көгалдарға, гүлзарларға, велосипед жолдарына, жүріс бөлігіне, автотұрақ орындарына және ағаш діңдерінің айналасындағы шеңберлер шегінде;

2) К2 санатындағы көшелерде;

3) осындай аумақтың шегінде орналасқан үй-жайдың кіреберісіне орналастыру жағдайларын қоспағанда, жаяу жүргіншілер қозғалысы режимі белгіленген ортақ пайдаланылатын аумақтарда;

4) жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіретін мөлшерде орналастыруға жол берілмейді.

  1. Тасымалды жарнамалық конструкция орнықты болуға және жаяу жүргіншілерге қауіп төндіретін өткір жиектері мен шығыңқы элементтері болмауға тиіс.
  2. Іс-шара өткізілетін кезеңде жарнамалық конструкцияларды іс-шара өткізілетін аумақта орналастыру конструкцияның түріне қарамастан, осы Дизайн-кодтың 27-тарауына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл жағдайда осы тараудың талаптары қолданылмайды.

26-тарау. Медиаэкрандар, медиафасадтар, медиабордтар, жарықтандыру және динамикалық бейнелер

  1. Медиаэкрандарды К1 және К3 санаттарындағы көшелерде орналасқан тұрғын емес ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттеріне ғана орналастыруға жол беріледі.
  2. Медиаэкран мен медиабордтың ақпараттық өрісінің ауданы бір жағына 18 шаршы метрден аспауға тиіс.
  3. Медиабордтың биіктігі 8 метрден аспауға тиіс.
  4. Көшенің бір жағында орналасқан медиабордтар арасындағы, сондай-ақ медиаборд пен өзге де жеке тұрған жарнамалық конструкция арасындағы қашықтық кемінде 150 метр болуға тиіс.
  5. Медиаэкрандар мен медиабордтардың саны және оларды орналастыру орындары осы Дизайн-кодқа № ___ қосымшаға сәйкес үлгілік шешімдерді ескере отырып айқындалады.
  6. Қасбеттері К1 және К3 санаттарындағы көшелерге қараған тұрғын емес ғимараттар мен құрылыстарға медиафасадтарды, егер олар ғимараттың немесе құрылыстың сәулеттік (жобалық) шешімінде не оның қасбетін өзгерту жөніндегі шешімде көзделген болса, орналастыруға жол беріледі.
  7. Медиафасад қасбеттің немесе оның бір бөлігінің бірыңғай сәулеттік шешімі ретінде әзірленеді. Медиафасадтың ауданы, пішіні, қисықтығы, бедері мен бөлшектенуі сәулеттік (жобалық) шешіммен айқындалады және осы Дизайн-кодпен шектелмейді.
  8. Медиафасад ғимараттың композициясы мен пропорцияларын бұзбауға, осы Дизайн-кодтың 224-тармағында көзделген элементтерді бүркемелемеуге, сондай-ақ ғимарат сұлбасының өзгеруіне әкеп соқпауға тиіс. Медиафасадтың көтергіш және бекіткіш элементтері, кабель желілері мен жабдықтары жасырылуға немесе сәулеттік шешімнің құрамына енгізілуге тиіс.
  9. Медиафасад элементтерінің қасбет жазықтығынан шығып тұру шамасы осы Дизайн-кодтың 225 және 226-тармақтарының талаптарын сақтай отырып, сәулеттік (жобалық) шешіммен айқындалады.
  10. Осы Дизайн-кодтың 275-тармағында белгіленген талаптан ерекшелік ретінде медиафасадта бейнежазбалар мен анимацияны қоса алғанда, динамикалық бейнелерді көрсетуге мынадай шарттар сақталған жағдайда жол беріледі:

1) жыпылықтауға, стробоскопиялық әсерге және жарықтықтың күрт өзгеруіне жол берілмеуге тиіс;

2) жол белгілеріне, бағдаршам сигналдарына, жедел қызметтердің көлік құралдарына және жол жүрісін реттеудің өзге де сигналдарына ұқсайтын бейнелер болмауға тиіс;

3) осы Дизайн-кодтың 276, 277 және 278-тармақтарының талаптары сақталуға тиіс;

4) сағат 22:00-ден 6:00-ге дейінгі кезеңде медиафасадтың жарықтығы ең жоғары жарықтық деңгейімен салыстырғанда кемінде 90 пайызға төмендетілуге тиіс.

  1. Медиафасадтарды тұрғын ғимараттарда, сондай-ақ медиафасадтан 50 метрден аз қашықтықта орналасқан тұрғын үй-жайлардың терезелеріне қараған беттерге орналастыруға жол берілмейді.
  2. Медиафасадтарды К2 және К4 санаттарындағы көшелерде, сондай-ақ осы Дизайн-кодтың 220-тармағында көзделген орындарда орналастыруға жол берілмейді.

274-1. Медиаэкрандар мен медиабордтарды келесі жерлерде орналастыруға жол берілмейді:

1) ортақ пайдаланылатын көгалдандырылған аумақтарда;

2) тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарының шекараларында;

3) жаяу жүргіншілер қозғалысы режимі белгіленген ортақ пайдаланылатын аумақтарда;

4) осы Дизайн-кодтың 220-тармағының 1)–4) тармақшаларында көзделген объектілер мен орындарда.

275-1. Медиаэкран мен медиабордтағы бейнені 10 секундта бір реттен жиі ауыстыруға жол берілмейді. Бейнебейнелерді, анимацияны, бейнелер арасындағы ауысу әсерлерін, жыпылықтауды және жүгіртпе жолды қолдануға жол берілмейді.

276-1. Жарықтандырумен, медиаэкранмен, медиафасадпен немесе медиабордпен жабдықталған жарнамалық конструкцияларда жарықтықты реттеу жүйесі немесе тәуліктің қараңғы уақытында жарықтықты автоматты түрде төмендету режимі болуға тиіс.

277-1. Жарнамалық конструкцияларды жарықтандыру біркелкі және жыпылықтаусыз болуға тиіс. Жыпылықтайтын, пульсациялық, стробоскопиялық немесе түсі өзгеретін әсері бар жарықтандыруды қолдануға жол берілмейді.

  1. Жарықтандыру тұрғын үй-жайлардың терезелеріне бағытталған сәулелердің түсуіне, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің көзін қарықтыруға, сондай-ақ қасбеттің немесе қоғамдық кеңістіктің тұтас жарықтануына әкеп соқпауға тиіс.
  2. Жарықтандыруы жұмыс істемейтін немесе ішінара жұмыс істемейтін жарнамалық конструкцияларды, сондай-ақ бейнелеу элементтері ақаулы медиаэкрандарды, медиафасадтарды және медиабордтарды пайдалануға жол берілмейді.

27-тарау. Әлеуметтік жарнама және уақытша жарнамалық конструкциялар

  1. Осы бөлімде белгіленген сыртқы көрініске, габариттік өлшемдерге және орналастыру тәсілдеріне қойылатын талаптарды сақтай отырып, әлеуметтік жарнаманы Қарағанды қаласының бүкіл аумағында орналастыруға жол беріледі.
  2. Саябақтардың, бақтардың, демалыс аймақтары мен жағалаулардың аумақтарында әлеуметтік жарнама бір жағының ақпараттық өрісінің ауданы 2,2 шаршы метрден аспайтын және биіктігі 3 метрден аспайтын конструкциялар түрінде орналастырылады.
  3. Мәдени, спорттық, бұқаралық спорттық және өзге де көпшілік іс-шараларды өткізу кезеңінде олар өткізілетін аумақта, оның ішінде ортақ пайдаланылатын көгалдандырылған аумақтарда және жаяу жүргіншілер қозғалысы режимі белгіленген ортақ пайдаланылатын аумақтарда уақытша жарнамалық конструкцияларды орналастыруға жол беріледі.
  4. Уақытша жарнамалық конструкцияларды олардың түріне қарамастан, оның ішінде осы Дизайн-кодтың 230-тармағына сәйкес өзге жағдайларда орналастыруға жол берілмейтін конструкцияларды да орналастыруға жол беріледі. Осы Дизайн-кодтың 25-тарауына сәйкес іс-шара өткізуге байланысты емес жағдайларда орналастырылатын тасымалды жарнамалық конструкциялар (штендерлер) уақытша жарнамалық конструкцияларға жатпайды.
  5. Уақытша жарнамалық конструкциялар іс-шара басталғанға дейін күнтізбелік 3 күннен ерте орналастырылмауға және орналастыру орны бастапқы қалпына келтіріле отырып, іс-шара аяқталғаннан кейін 24 сағат ішінде бөлшектеліп алынуға тиіс.
  6. Уақытша жарнамалық конструкцияларды орналастыру жасыл желектерге, жабындарға, шағын сәулет нысандарына және абаттандыру элементтеріне зиян келтірмеуге тиіс.
  7. Уақытша жарнамалық конструкцияларды осы Дизайн-кодтың 220-тармағының 1)–4) тармақшаларында көзделген объектілер мен орындарда орналастыруға жол берілмейді.

28-тарау. Күтіп-ұстау, пайдалану және демонтаждау (бөлшектеу)

  1. Жарнамалық конструкцияның меншік иесі (иеленушісі) оны пайдаланудың бүкіл мерзімі ішінде тиісті техникалық, санитариялық және эстетикалық жай-күйін қамтамасыз етуге міндетті, оның ішінде:

1) шаңнан, кірден, қардан, мұздан және коррозия іздерінен уақтылы тазартуға;

2) өңі кеткен, бүлінген, деформацияланған және оқуға жарамсыз болып қалған бейнелерді ауыстыруға;

3) қаңқаның, тіректердің, бекіткіштердің, қаптаманың, электротехникалық және жарықтандыру элементтерінің зақымдарын жоюға;

4) бөгде хабарландырулар мен жазуларды алып тастауға.

  1. Мынадай жарнамалық конструкцияларды пайдалануға жол берілмейді:

1) элементтері бүлінген, деформацияланған немесе ішінара жоғалған;

2) өңінің кету, коррозия, ластану және ұқыпсыз жөндеу іздері бар;

3) жарықтандыруы жұмыс істемейтін немесе біркелкі емес.

  1. Жарнамалық конструкцияның ақпараттық өрісі бос қалмауға тиіс.
  2. Сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыру тоқтатылған кезде жарнамалық конструкцияның меншік иесі (иеленушісі) оны 10 жұмыс күні ішінде бөлшектеп алуға және орналастыру орнын, оның ішінде қасбеттің бетін, жабынды мен абаттандыру элементтерін бастапқы қалпына келтіруге міндетті.
  3. Осы Дизайн-кодтың талаптарын бұза отырып орналастырылған немесе пайдаланылып отырған жарнамалық конструкция Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қарағанды қаласының дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларында белгіленген тәртіппен осы талаптарға сәйкестендірілуге немесе бөлшектеп алынуға тиіс.
  4. Осы Дизайн-код қолданысқа енгізілгенге дейін орналастырылған жарнамалық конструкцияларды оның талаптарына сәйкестендіру келесі жағдайларда жүзеге асырылады:

1) ғимаратты реконструкциялау, күрделі жөндеу немесе оның қасбетінің сәулеттік шешімін өзгерту кезінде;

2) жарнамалық конструкцияны ауыстыру, жөндеу немесе өзгерту кезінде;

3) жарнамалық конструкцияны орналастыру туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталған кезде.

  1. Осы Дизайн-кодтың 293-тармағында көзделген негіздер бойынша оның талаптарына сәйкестендірілмеген жарнамалық конструкциялар осы Дизайн-код қолданысқа енгізілген күннен бастап 3 айдан кешіктірілмейтін мерзімде оның талаптарына сәйкестендірілуге тиіс.

5-бөлім. АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ ҚАЛАЛЫҚ ОРТА ЭЛЕМЕНТТЕРІ

29-тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы бөлім Қарағанды қаласының аумағындағы абаттандыру элементтері мен қалалық ортаның өзге де элементтерінің сыртқы көрінісіне, материалдарына, түс шешіміне, орналастырылатын орындары мен тәсілдеріне, сондай-ақ оларды күтіп-ұстауға және пайдалануға қойылатын талаптарды белгілейді.
  2. Осы бөлімнің талаптары сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтермен қатар қолданылады. Осы Дизайн-код абаттандыру элементтерін жобалауға, олардың конструкцияларына, беріктігіне, орнықтылығына және қауіпсіздігіне қойылатын техникалық талаптарды белгілемейді және олардың сыртқы көрінісіне, материалдарына, түс шешіміне, орналастырылатын орындары мен тәсілдеріне қойылатын талаптар бөлігінде қолданылады.
  3. Осы бөлімнің мақсаттары үшін абаттандыру элементтері мен қалалық ортаның өзге де элементтеріне келесілер жатады:

1) жаяу жүргіншілер қатынасы жолдарының және алаңшалардың жабындары, сондай-ақ беттерді түйістіру элементтері;

2) ағаштарды, бұталарды, көгалдарды, гүлзарларды, сондай-ақ жылжымалы және тік көгалдандыру құрылғыларын қамтитын көгалдандыру элементтері;

3) монументтік-сәндік безендіру элементтерін қоса алғанда, шағын сәулет нысандары;

4) көше жиһазы;

5) көшедегі коммуналдық-тұрмыстық және техникалық жабдықтар;

6) қоршаулар;

7) жарықтандыру жабдықтары;

8) ойын және спорт жабдықтары;

9) су құрылғылары;

10) стационарлық емес сауда объектілері мен қоғамдық тамақтандыру объектілерін қоса алғанда, стационарлық емес объектілер;

11) қоғамдық көліктің аялдама павильондары;

12) велосипед инфрақұрылымының элементтері;

13) қалдықтарды жинауға арналған алаңшалар және олардың қоршаулары.

  1. Осы бөлімнің талаптары осы Дизайн-кодтың 3-тарауында белгіленген көшелердің санаттары ескеріле отырып, сараланған түрде қолданылады. Жаяу жүргіншілер қозғалысы режимі белгіленген ортақ пайдаланылатын аумақтарда орналастырылатын абаттандыру элементтеріне осы Дизайн-кодтың 20-тармағының талаптары қолданылады.
  2. Абаттандыру элементтерін орналастыруды келісу тәртібі, шешімдер қабылдаудың негіздері мен мерзімдері, сондай-ақ шешімдер қабылдау тәртібі Қарағанды қаласының дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларында айқындалады.
  3. Абаттандыру элементтері осы Дизайн-кодқа қосымшаның __ бөлімінде көзделген абаттандыру элементтерінің үлгілік шешімдеріне сәйкес орналастырылады.
  4. Абаттандыру элементтерінің үлгілік шешімдері олардың сыртқы көрінісін, габариттік өлшемдерін, материалдарын, түс шешімін және қолдану шарттарын айқындайды.
  5. К2 санатындағы көшелерде, сондай-ақ жаяу жүргіншілер қозғалысы режимі белгіленген ортақ пайдаланылатын аумақтарда шағын сәулет нысандары, көше жиһазы мен қоршаулар қалыптасқан құрылыс салудың сәулеттік және композициялық шешімдерін ескеретін жеке жобалық шешімдер негізінде орналастырылады. Көрсетілген аумақтарда үлгілік шешімдерді олардың құрылыс салу сипатына сәйкес келген жағдайда қолдануға жол беріледі.
  6. Бір көшенің, алаңның, сквердің, бульвардың немесе өзге де ортақ пайдаланылатын аумақтың шегінде орналастырылатын абаттандыру элементтері бірыңғай стильдік, конструкциялық және түстік шешімде орындалады.
  7. Жекелеген элементтерді бірыңғай шешімге келтіргенге дейін уақытша ауыстыру жағдайларын қоспағанда, бір аумақта конструкциясы, материалдары немесе түс шешімі бойынша ерекшеленетін бір түрдегі абаттандыру элементтерін орналастыруға жол берілмейді.
  8. Абаттандыру элементтері климаттық әсерлерге, механикалық зақымдануға, өңінің кетуіне және коррозияға төзімді, сыртқы орта жағдайында ұзақ уақыт пайдалануға жарамды материалдардан дайындалады.
  9. Өңделмеген сүректі, өңделмеген металды, баннерлік матаны, торларды, профилденген табақтарды, пенопластты, автомобиль шиналарын, сондай-ақ абаттандыру элементтері ретінде пайдалануға арналмаған өзге де материалдар мен бұйымдарды қолдануға жол берілмейді.
  10. Абаттандыру элементтерінің габариттік өлшемдері, пропорциялары мен пластикасы олар орналастырылатын көшенің, құрылыс салынған аумақтың және жаяу жүргіншілер кеңістігінің ауқымына сәйкес келуге тиіс.
  11. Абаттандыру элементтері қала құрылысының басым нысандарына, тарихи-мәдени мұра нысандарына және монументтік өнер элементтеріне ашылатын көріністі жауып қалмауға тиіс.
  12. Абаттандыру элементтерін орналастыру жаяу жүргіншілер мен көлік құралдарының қозғалысына, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қозғалуына, ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануға, аумақты тазалауға және күтіп-ұстауға, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым нысандары мен өрт сөндіру құралдарына қол жеткізуге кедергі келтірмеуге тиіс.
  13. Абаттандыру элементі орналастырылғаннан кейін жаяу жүргіншілер қатынасы жолындағы бос өтетін жолдың ені кемінде 2,0 метр болуға тиіс.
  14. Жаяу жүргіншілер қатынасы жолының жабыны деңгейінен абаттандырудың шығыңқы элементтерінің астындағы бос кеңістіктің биіктігі кемінде 2,5 метр болуға тиіс.
  15. Көшелердің бағдаршаммен реттелмейтін қиылыстарындағы көріну үшбұрышының шегінде және жаяу жүргіншілер өткелдері аймағында абаттандыру элементінің биіктігі 0,5 метрден аспаған жағдайда оны орналастыруға жол беріледі. Көріну үшбұрышының өлшемдері сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтермен айқындалады.
  16. Абаттандыру элементтерінің халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділігіне қойылатын талаптар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтермен айқындалады және осы бөлімнің талаптарына қарамастан сақталуға тиіс.

30-тарау. Жаяу жүргіншілер қатынасы жолдары мен алаңшалардың жабындары

  1. Жаяу жүргіншілер қатынасы жолдары мен алаңшалардың жабындары, сондай-ақ беттерді түйістіру элементтері жабынның тегістігін, жерүсті суларын бұруды және жаяу жүргіншілердің, оның ішінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қауіпсіз қозғалуын қамтамасыз ететін материалдардан орындалады.
  2. Бетон және тастан жасалған тротуар тақталарын, табиғи және жасанды тастан жасалған тақталарды, сәндік бетонды және асфальтбетонды қолдануға жол беріледі. К3 және К4 санаттарындағы көшелерде, ал жалпы пайдаланылатын көгалдандырылған аумақтарда бұларға қоса қиыршықтастан, гранит үгіндісінен жасалған жабындар мен ағаш төсемдер қолданылуы мүмкін. Балалар және спорт алаңшаларында тиісті жабдық түріне арналған жабындар қолданылады.
  3. Жол берілмейді:

1) жабын төсеуге арналмаған материалдарды, сондай-ақ бұрын пайдаланылған және бүлінген бұйымдарды қолдануға;

2) функционалдық аймақтар мен қозғалыс бағыттарын белгілеу жағдайларын қоспағанда, жаяу жүргіншілер қатынасы жолының бір учаскесінде материалы, өлшемі немесе түсі бойынша ерекшеленетін жабындарды төсеуге;

3) жол таңбасын салу, сондай-ақ ойын және спорт алаңшаларының жабындарын бояу жағдайларын қоспағанда, жабындарды бояуға;

4) бір көшенің шегінде әртүрлі типтегі жиектастар мен әртүрлі түс шешімдерін қолдануға.

  1. К1 және К2 санаттарындағы көшелерде жаяу жүргіншілер қатынасы жолдарының жабындары көше шегінде бірыңғай шешімде орындалады. Олардың түс шешімі осы Дизайн-кодқа қосымшаның __ бөлімінде көзделген колористикалық шешімдерге сәйкес айқындалады.

31-тарау. Көгалдандыру

  1. Қолданыстағы көгалдандыру сақталуға тиіс. Жасыл желектерді кесу, басқа жерге көшіріп отырғызу және бұтау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
  2. Ағаштарды, бұталарды, тірі қоршауларды, көгалдарды, гүлзарларды, сондай-ақ жылжымалы көгалдандыру құрылғыларын (вазондарды, кашполарды, контейнерлерді) және тік көгалдандыру құрылғыларын орналастыруға жол беріледі.
  3. Жылжымалы көгалдандыру құрылғылары абаттандыру элементтерінің үлгілік шешімдеріне сәйкес көше немесе өзге де ортақ пайдаланылатын аумақ шегінде бірыңғай шешіммен орналастырылады. Ағаштарды жаяу жүргіншілер қатынасы жолының жабынына отырғызған кезде бір типтегі дің маңындағы торлар немесе қоршаулар қолданылады.
  4. Жол берілмейді:

1) автомобиль шиналарын, бөшкелерді, сантехникалық бұйымдар мен ыдыстарды қоса алғанда, көгалдандыруға арналған сыйымдылықтар ретінде осы мақсаттарға арналмаған заттарды пайдалануға;

2) спорт алаңшаларын қоспағанда, ортақ пайдаланылатын аумақтарда жасанды материалдардан жасалған көгалдарды орнатуға;

3) өсімдіктерді күтіп-баптау мақсатында өңдеу жағдайларын қоспағанда, ағаш діңдерін, дің маңындағы торлар мен қоршауларды колористикалық шешімдерде көзделмеген түстерге бояуға;

  1. Ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін тік көгалдандыру осы Дизайн-кодтың 2-бөлімінің талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.

32-тарау. Шағын сәулет нысандары, көше жиһазы, ойын және спорт жабдықтары, су құрылғылары

  1. Шағын сәулет нысандары мен көше жиһазы жаяу жүргіншілер бағыттарының бойында, демалыс және күту орындарында, ғимараттардың кіреберістерінде және ортақ пайдаланылатын көгалдандырылған аумақтарда жаяу жүргіншілер өтетін аймақтан тыс жерде бір қатарға орналастырылады.
  2. Шағын сәулет нысандары мен көше жиһазының сыртқы көрінісі, габариттік өлшемдері, материалдары мен түс шешімі абаттандыру элементтерінің үлгілік шешімдеріне сәйкес айқындалады. К2 санатындағы көшелерде және жаяу жүргіншілер қозғалысы режимі белгіленген ортақ пайдаланылатын аумақтарда осы Дизайн-кодтың 306-тармағының талаптары ескеріледі.
  3. Ойын және спорт жабдықтары демалыстың немесе сабақтардың тиісті түріне арналған, жабындары мен қауіпсіздік аймақтары сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерде көзделген алаңшаларда орналастырылады.
  4. Су құрылғылары (субұрқақтар, сәндік су айдындары, ауызсу бұрқақтары) алаңдарда, саябақтарда, бақтарда, скверлер мен бульварларда орналастырылады. Пайдаланылуы тоқтатылған су құрылғылары консервациялануға немесе бөлшектеп алынуға (демонтаж) тиіс.
  5. Жол берілмейді:

1) қолдан жасалған конструкцияларды, сондай-ақ осы Дизайн-кодтың 306-тармағында көрсетілген материалдардан жасалған бұйымдарды орналастыруға;

2) кіреберіс топтарын, витриналарды, өрт сөндіру жолдарын, инженерлік инфрақұрылым нысандары мен өрт сөндіру құралдарына баратын жолдарды жауып қалатын шағын сәулет нысандары мен көше жиһазын орналастыруға.

  1. Шағын сәулет нысандарына, көше жиһазына және қоршауларға сыртқы (визуалды) ақпарат пен сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыру осы Дизайн-кодтың 3 және 4-бөлімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
  2. Монументтік-сәндік безендіру элементтері (мүсіндер, стелалар, сәндік композициялар) жеке жобалық шешімдер негізінде орналастырылады. Уәкілетті органның осындай элементтерді орналастыратын тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау тәртібі Қарағанды қаласының дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларында айқындалады.

33-тарау. Қоршаулар

  1. Бір көшенің, алаңның, ортақ пайдаланылатын көгалдандырылған аумақтың немесе жер учаскесінің шегінде қоршаулар бір үлгіде, бір материалдан және бірыңғай түс шешімінде орындалады.
  2. Мыналарды орналастыруға жол беріледі:

1) биіктігі 0,6 метрден аспайтын сәндік қоршаулар мен көгал қоршауларын;

2) жол жүрісі қауіпсіздігі талаптарында көзделген орындарда жаяу жүргіншілер қатынасы жолдары мен алаңшаларының қорғаныш қоршауларын;

3) жер учаскелерінің көрініп тұратын (торлы, секциялық) қоршауларын;

4) балалар және спорт алаңшаларының, сондай-ақ қалдықтарды жинауға арналған алаңшалардың қоршауларын;

5) құрылыс алаңшаларының қоршауларын.

  1. Жол берілмейді:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында қоршау орнату көзделген нысандардың және құрылыс алаңшаларының қоршауларын қоспағанда, К1 және К2 санаттарындағы көшелердің бойында тұтас қоршаулар орнатуға;

2) құрылыс алаңшаларының қоршауларын қоспағанда, профилді табақты, торды, баннерлік матаны, сондай-ақ осы Дизайн-кодтың 306-тармағында көзделген материалдарды қолдануға;

3) ортақ пайдаланылатын аумақтарға қараған қоршауларда тікенекті және кескіш сымды қолдануға;

4) қоршауларды колористикалық шешімдерде көзделмеген түстерге бояуға.

  1. Құрылыс алаңшаларының қоршаулары тұтас етіп, бірыңғай түс шешімінде орындалады және жарамды күйде күтіп-ұсталады. Құрылыс алаңшасының қоршауында салынып жатқан нысан туралы ақпарат орналастыруға жол беріледі. Сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыру осы Дизайн-кодтың 4-бөліміне сәйкес жүзеге асырылады.

34-тарау. Көшедегі коммуналдық-тұрмыстық және техникалық жабдықтар, велосипед инфрақұрылымы және аялдама павильондары

  1. Қоқыс жәшіктері (урна) ғимараттардың кіреберістерінің жанында, аялдама пункттерінде, орындықтардың жанында және адамдар жаппай болатын орындарда аумақ үшін бірыңғай шешімге сәйкес орналастырылады.
  2. Қалдықтарды жинауға арналған алаңшалар К1 және К2 санаттарындағы көшелерден тікелей көзге түсетін аймақтан тыс орналастырылады. Өзге жерде орналастыру мүмкін болмаған жағдайда, мұндай алаңшалар қоршалады немесе жасыл желектермен бүркемеленеді.
  3. Ортақ пайдаланылатын аумақтарда орналастырылатын сыртқы тарату шкафтары, жәшіктер, блоктар және өзге де техникалық жабдықтар колористикалық шешімдерге сәйкес боялады. Оларға сыртқы (визуалды) ақпаратты, сыртқы (визуалды) жарнаманы және хабарландыруларды орналастыруға жол берілмейді.
  4. Велосипед инфрақұрылымының элементтері ғимараттардың кіреберістерінің жанында, аялдама пункттерінде және жаяу жүргіншілер өтетін аймақтан тыс қоғамдық кеңістіктерде аумақ үшін бірыңғай шешімге сәйкес орналастырылады.
  5. Аялдама павильондары абаттандыру элементтерінің үлгілік шешімдеріне сәйкес орналастырылады және атмосфералық жауын-шашыннан қорғануды, сырттан еркін көрінуді, жарықтандыруды және қалалық навигация элементтерін орналастыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
  6. Байланыс желілерінің жеке тұрған мұнаралары, діңгектері мен тіректері, сондай-ақ оларға орналастырылатын антенна-фидерлік құрылғылар, шкафтар және өзге де жабдықтар бірыңғай түс шешімінде орындалады. Беті күңгірт немесе жартылай күңгірт бейтарап ахроматикалық түстер (сұр, қою сұр, графит түсті) қолданылады. Авиациялық қауіпсіздік талаптарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, контрастты жолақты (сигналдық) бояуға, сондай-ақ қанық, флуоресцентті және айнадай шағылыстыратын жабындарды қолдануға жол берілмейді. Сондай-ақ, құрылыстың меншік иесі (иеленушісі) туралы ақпаратты қоспағанда, мұндай құрылыстарда сыртқы (визуалды) ақпарат пен сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыруға жол берілмейді.

35-тарау. Ортақ пайдаланылатын аумақтарды жарықтандыру және мерекелік безендіру

  1. Бір көшенің, алаңның немесе ортақ пайдаланылатын көгалдандырылған аумақтың шегіндегі тіректер, шамдар және өзге де жарықтандыру жабдықтары бірыңғай үлгіде және түс шешімінде орындалады.
  2. Жаяу жүргіншілер қатынасы жолдарын, алаңшалар мен демалыс орындарын жарықтандыру жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің көзін қарықтырмайтындай және тұрғын үй-жайлардың терезелеріне жарық тікелей түспейтіндей етіп, біркелкі қамтамасыз етіледі.
  3. Қалалық навигация элементтерін, мерекелік безендіру элементтерін және орналастырылуы осы Дизайн-кодта тікелей көзделген элементтерді қоспағанда, жарықтандыруға қатысы жоқ заттар мен конструкцияларды жарықтандыру тіректері мен түйіспелі желі тіректеріне орналастыруға жол берілмейді.
  4. Мерекелік безендіру тиісті мерекелер мен іс-шараларға дайындық және оларды өткізу кезеңінде аумақ үшін бірыңғай шешімге сәйкес орналастырылады және олар аяқталған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде бөлшектеп алынады.
  5. Мерекелік безендіру кезеңінен тыс уақытта ағаштарды, қоршаулар мен шағын сәулет нысандарын сәндік (жарықтық) жарықтандыруға осы Дизайн-кодтың 341-тармағының талаптары сақталған жағдайда К1 санатындағы көшелерде және ортақ пайдаланылатын көгалдандырылған аумақтарда жол беріледі.

36-тарау. Стационарлық емес объектілер мен жазғы алаңшалар

  1. Стационарлық емес нысандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған орындарда орналастырылады. Осы Дизайн-код олардың сыртқы көрінісіне, материалдарына, түс шешіміне, аумақта орналастыру орындары мен тәсілдеріне және күтіп-ұсталуына қойылатын талаптар бөлігінде қолданылады.
  2. Стационарлық емес нысандардың сыртқы көрінісі абаттандыру элементтерінің үлгілік шешімдеріне сәйкес айқындалады, ал К1 және К2 санаттарындағы көшелерде осы Дизайн-кодтың 306-тармағының талаптары ескеріледі. Стационарлық емес нысандарға маңдайшаларды орналастыру осы Дизайн-кодтың 3-бөліміне сәйкес жүзеге асырылады.
  3. Жол берілмейді:

1) блок-контейнерлер мен зауытта дайындалған модульдерді қоса алғанда, сыртқы әрлеуі жоқ стационарлық емес объектілерді орналастыруға;

2) сыртқы әрлеу үшін профилді табақты, баннерлік матаны, полимер үлдірлерін, торларды, сондай-ақ осы Дизайн-кодтың 306-тармағында көзделген материалдарды қолдануға;

3) стационарлық емес объектілердің әйнектелген беттерін тұтас жапсыруға;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын маусымдық сауда жағдайларын қоспағанда, стационарлық емес объектіден тыс тоңазытқыш, сауда және өзге де жабдықтарды, ыдыстар мен тауарларды орналастыруға.

  1. Жазғы алаңшалар қоғамдық тамақтандыру объектісіне іргелес аумақта маусымдық кезеңге орналастырылады және осы кезең аяқталғаннан кейін негізін, қоршауын және қалқа элементтерін қоса алғанда, бөлшектеп алынады.
  2. Жазғы алаңшалар тереңдетілген іргетастар орнатылмай, жеңіл құрастырмалы-бөлшектемелі конструкциялардан орындалады. Олардың биіктігі 0,9 метрден аспайтын, сырттан көрініп тұратын қоршауы болады. Қолшатырлар мен қалқалар бір түсті шешімде орындалады.
  3. Жол берілмейді:

1) жазғы алаңшаларда тұтас қабырғалар, тұтас әйнектелген қоршаулар мен күрделі үлгідегі шатырлар орнатуға;

2) қоршау элементтері мен жабындар ретінде баннерлік матаны, полимер үлдірлерін және торларды қолдануға;

3) осы Дизайн-кодтың 348-тармағының талаптарын бұза отырып, жазғы алаңшаларды орналастыруға.

37-тарау. Күтіп-ұстау, пайдалану және сәйкестікке келтіру

  1. Абаттандыру элементтерін күтіп-ұстауды олардың меншік иелері (иеленушілері), ал ортақ пайдаланылатын аумақтарда тиісті аумақтарды күтіп-ұстау міндеті жүктелген тұлғалар қамтамасыз етеді.
  2. Абаттандыру элементтерін күтіп-ұстау оларды тазалауды, бояуды, жөндеуді және зақымдалған бөліктерін ауыстыруды, жабындарды қалпына келтіруді, сондай-ақ бөгде хабарландыруларды, жапсырмаларды, жазулар мен бейнелерді алып тастауды қамтиды.
  3. Абаттандыру элементтерін келесі жағдайларда пайдалануға жол берілмейді:

1) зақымдалған, деформацияланған немесе жоғалған бөліктері болған кезде;

2) коррозия, түсінің оңуы және ластану іздері болған кезде;

3) жарықтандыру жабдықтары жұмыс істемеген кезде;

4) бөгде хабарландырулар, жапсырмалар мен жазулар болған кезде.

  1. Жер қазу және құрылыс жұмыстары жүргізілгеннен кейін абаттандыруды қалпына келтіру Қарағанды қаласын абаттандыру қағидаларында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
  2. Осы Дизайн-код қолданысқа енгізілгенге дейін орналастырылған абаттандыру элементтерін оның талаптарына сәйкестікке келтіру мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

1) абаттандыру элементін ауыстыру, жөндеу немесе қайта жабдықтау кезінде;

2) аумақты абаттандыру, реконструкциялау немесе күрделі жөндеу кезінде;

3) аумақты абаттандыруға арналған жобалау құжаттамасын әзірлеу кезінде.

  1. Осы Дизайн-кодтың 355-тармағында көзделген негіздер туындағанға дейін бұрын орналастырылған абаттандыру элементтері сақталады.

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karagandy/press/events/details/49323?lang=kk