МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРДЫҢ САЙЛАУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРДЫҢ САЙЛАУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

2026 жылғы 26 қарашада Талас аудандық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жанынан құрылған мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Отырысқа аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Жанаева, сондай-ақ бөлім мамандары С.Серікова  аудан әкімі аппаратының әлеуметтік сала инспекторы Ә.Алтынкоп қатысты.

Жұмыс тобының отырысында 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық аясында мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын толыққанды іске асыруына қажетті жағдайлар жасау мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау учаскелеріндегі дауыс беруге арналған үй-жайларға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету, оларды сайлау учаскелеріне тасымалдау үшін инватакси қызметін ұйымдастыру қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар, көру және есту қабілеті бұзылған азаматтарға қызмет көрсету кезінде сурдоаудармашылардың көмегін ұйымдастыру, тірек-қимыл аппараты бұзылған сайлаушылар үшін қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, бюллетень берілетін үстел жанынан кресло-арбамен қозғалатын азаматтарға арнайы орын қарастыру, жасырын дауыс беруге арналған кабинаға дейін алып бару, дауыс беру үй-жайынан шығуына және автокөлікке отыруына қажетті көмек көрсету жөнінде ұсыныстар айтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша алдағы сайлау науқанында мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, олардың дауыс беруіне тең мүмкіндік жасау және сайлау учаскелерінде қолжетімді әрі кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігі атап өтілді.

 

Талас аумақтық сайлау комиссиясы

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/documents/details/1104756?lang=kk