«Степногорск қаласының кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесінің СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ СТАНДАРТЫ

«Степногорск қаласының

кәсіпкерлік бөлімі» ММ  

басшысы

А.С. Жексенбаеваның

____________________________

2026 жылғы «17» қараша

№ 20  бұйрығымен         

БЕКІТІЛДІ

 

«Степногорск қаласының кәсіпкерлік бөлімі»

 мемлекеттік мекемесінің

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ СТАНДАРТЫ

 

1-тарау. Жалпы ережелер

1.   Осы «Степногорск қаласының кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты (бұдан әрі – Стандарт, Бөлім) Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы»                      заңдарына, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне,                           сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы                          іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының                       2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 285 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес әзірленді.

2.   Стандарт кәсіпкерлік, өнеркәсіп, сауда, инвестициялық қызмет және шағын және орта бизнесті дамыту салаларындағы функцияларын ескере отырып, Бөлім қызметінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұсынымдар мен мінез-құлық қағидаларының жүйесін білдіреді.

3.   Стандарттың мақсаты – Бөлім қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы орнықты мінез-құлқын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, заңдылықты, ашықтықты және кәсіпкерлік субъектілеріне, инвесторларға, жеке және заңды тұлғаларға тең көзқарасты қамтамасыз ету.

4.   Стандарт Бөлім басшысы мен қызметкерлеріне олардың лауазымдық өкілеттіктері шегінде қолданылады. Қызметкерлер лауазымдық міндеттерін орындау, құжаттарды дайындау, шешімдер қабылдау және мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, кәсіпкерлермен және инвесторлармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Стандартты басшылыққа алады.

5.   Стандарт мемлекеттік органдар құзыретінің аражігін ажыратуды ескере отырып қолданылады. Бөлім заңнамаға сәйкес басқа мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдер қабылдамайды және міндетті нұсқаулар бермейді.

6.   Стандарттың негізгі міндеттері: сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және оларды анықтау; мүдделер қақтығысының алдын алу; рәсімдердің ашықтығын және ақпаратқа тең қол жеткізуді қамтамасыз ету; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру; жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.

7.   Бөлім қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауапты болады.

2-тарау. Бөлім қызметкерлерінің мінез-құлық қағидалары

1)  Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдары мен өзге                    де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады;

2)  заңды, адал, объективті, бейтарап және тек берілген өкілеттіктері шегінде әрекет етеді;

3)  лауазымдық жағдайын, қызметтік ақпаратты, Бөлімнің мүлкі мен ресурстарын жеке мүддесі немесе үшінші тұлғалардың мүддесі үшін пайдаланбайды;

4)  кәсіпкерлерден, инвесторлардан, ұйым өкілдерінен және өзге                         де тұлғалардан лауазымдық міндеттерін орындауына байланысты ақшалай қаражат, сыйлықтар, көрсетілетін қызметтер, қарыздар, шығыстарды төлеу         немесе өзге де игіліктер қабылдамайды, заңнамада тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда;

5)  жекелеген кәсіпкерлерге, инвесторларға, ұйымдарға немесе азаматтарға негізсіз артықшылықтар бермейді және олар үшін кедергілер жасамайды;

6)  дөрекілікке, біржақтылыққа, созбалаңдыққа, негізсіз бюрократизмге және өтініш берушілерге бейресми талаптар қоюға жол бермейді;

7)  өтініш берушілерден заңнамада немесе тиісті рәсімде көзделмеген құжаттарды, мәліметтерді және әрекеттерді талап етпейді;

8)  белгіленген рәсімдерді айналып өтіп, шешім қабылдауға, қолдау көрсетуге, жобаны тізбеге енгізуге не жәрдемдесуге уәде бермейді;

9)  жекелеген тұлғалардың немесе ұйымдардың коммерциялық мүдделерін ілгерілету үшін қызметтік байланыстары мен өкілеттіктерін пайдаланбайды;

10)  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет туралы заңнамада белгіленген шектеулер мен тыйымдарды, сондай-ақ қолданылатын қызметтік әдеп талаптарын сақтайды;

11)  өзге тұлғаларды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға көндірмейді және өзіне белгілі болған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы дереу хабарлайды;

12)  дербес деректердің, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге                         де құпияның құпиялылығын сақтайды.

 

 

 

3-тарау. Бөлім функцияларын жүзеге асыру кезіндегі

сыбайлас жемқорлыққа қарсы қағидалар

8. Кәсіпкерлік субъектілерімен, инвесторлармен және ұйымдармен өзара                  іс-қимыл жасау кезінде Бөлім қызметкерлері:

1) меншік нысанына, бизнес көлеміне, жеке байланыстарының болуына және құқықтық маңызы жоқ өзге де мән-жайларға қарамастан, кәсіпкерлік субъектілеріне тең және кемсітусіз көзқарасты қамтамасыз етеді;

2) бөлімнің құзыреті шегінде заңнама мен ресми рәсімдер негізінде консультациялар мен түсіндірмелер береді;

3) кәсіпкерлер мен инвесторлардың мәселелерін қарау үшін жеке немесе бейресми шарттар белгілемейді;

4) келіп түскен өтініштерді, сұрау салуларды және құжаттарды белгіленген тәртіппен тіркейді, олардың объективті әрі уақтылы қаралуын қамтамасыз етеді;

5) өтінішті құзыреті бойынша басқа органға жолдау қажет болған жағдайда, өтініш берушіні хабардар ете отырып, оның заңнамада көзделген тәртіппен уәкілетті органға жіберілуін қамтамасыз етеді;

6) жеке өтініш, таныстық, туыстық немесе өзге де қызметтік емес байланыстар бойынша инвестициялық жобаларға басым тәртіппен қолдау көрсетуге жол бермейді;

7) қызметтік қызмет үшін қажет болған жағдайларда кездесулерді, кеңестерді, тапсырмаларды және қол жеткізілген уағдаластықтарды құжатпен ресімдеуді қамтамасыз етеді;

8) тиісті өкілеттіктері болмаса, өзге мемлекеттік органдардың, коммуналдық кәсіпорындар мен ұйымдардың атынан міндеттемелер қабылдамайды.

9. Инвестициялық жобаларға қолдау көрсету және инвестициялық ақпаратты жүргізу кезінде Бөлім қызметкерлері:

   1) инвестициялық жобалар туралы ақпаратты жинау, талдау және өзектендіру үшін бірыңғай әрі алдын ала айқындалған өлшемшарттарды қолданады;

   2) жобалардың іске асырылу барысы, инвестициялар көлемі, мерзімдері, жұмыс орындары және туындайтын проблемалар туралы мәліметтердің анықтығын қамтамасыз етеді;

   3) көрінеу жалған мәліметтер енгізбейді, елеулі мән-жайларды жасырмайды және жекелеген инвесторлардың мүддесі үшін көрсеткіштерді өзгертпейді;

  4) егер мұндай шешімдерді басқа уәкілетті органдар қабылдаса немесе арнайы рәсімдерді сақтауды талап етсе, инвесторларға жер учаскелерін, инфрақұрылымды, бюджеттік қаржыландыруды, жеңілдіктерді немесе қолдау шараларын беруге кепілдік бермейді;

5) инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстар мен материалдарды дайындау кезінде тең көзқарасты қамтамасыз етеді, оларды қарауды жасанды түрде жеделдетуге немесе созуға жол бермейді;

6) жобалар, коммерциялық жоспарлар, келіссөздер және инвесторлардың қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жеке мақсатта немесе бәсекелес ұйымдардың мүддесі үшін пайдаланбайды;

7) берілген қол жеткізу құқықтары шегінде ақпараттық жүйелер мен дерекқорлардағы өзгерістердің қадағалануын қамтамасыз етеді.

10. Өңірде бизнесті дамыту жөніндегі функцияларды іске асыру кезінде Бөлім қызметкерлері:

1) талдамалық материалдарды, болжамдарды, кәсіпорындар тізбелерін, ұсыныстар мен есептілікті дайындау кезінде объективтілікті қамтамасыз етеді;

2) кәсіпкерлік субъектілерін тізбелерге, бағдарламаларға, мониторингке және өзге де ақпараттық материалдарға жеке өтініш бойынша немесе құжатпен расталған негіздерсіз енгізбейді және олардан шығармайды;

3) өндіріс, жұмыспен қамту, инвестициялар, сауда және кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі туралы деректердің бұрмалануына жол бермейді;

4) жәрмеңкелерді, көрмелерді, іскерлік кездесулерді және өзге де                                            іс-шараларды ұйымдастыру кезінде, егер мұндай шарттарды Бөлім белгілесе, қатысудың түсінікті әрі тең шарттарын қамтамасыз етеді;

5) лауазымдық міндеттеріне кіретін және тегін жүзеге асырылатын әрекеттер үшін ақы алмайды және қарсы қызмет көрсетуді талап етпейді;

6) Бөлімнің өкілеттіктері шегінен тыс кәсіпкерлік субъектілерінің шаруашылық қызметіне араласпайды.

11. Мемлекеттік қолдау шаралары, кәсіпкерлердің бағдарламаларға, жобаларға және қолдаудың өзге де тетіктеріне қатысуы туралы ұсыныстарды дайындау кезінде Бөлім қызметкерлері:

1) тиісті бағдарламаның бекітілген қағидаларын, өлшемшарттары мен шарттарын басшылыққа алады;

2) мүдделі тұлғаларға талаптар, мерзімдер, құжаттар тізбесі және қарау тәртібі туралы анық ақпарат жеткізеді;

3) өтінімді қараудың оң нәтижесіне кепілдік бермейді және комиссиялардың, қаржы институттарының немесе өзге де уәкілетті ұйымдардың шешімдеріне ықпал етпейді;

4) жасанды кедергілер жасамайды және құжаттарға консультация беру, оларды қабылдау, беру немесе сүйемелдеу үшін сыйақы талап етпейді;

5) дайындалған ұсынымдар мен жолданған материалдардың құжаттамалық расталуын қамтамасыз етеді.

4-тарау. Құжаттарды дайындау және шешімдер қабылдау

12. Хаттардың, қорытындылардың, анықтамалардың, талдамалық материалдардың, жоспарлардың, бағдарламалардың және өзге де құжаттардың жобаларын дайындау кезінде Бөлім қызметкерлері:

1)    құжаттардың заңнамаға және Бөлімнің құзыретіне сәйкестігін тексереді;

2)   анық, тексерілетін және өзекті мәліметтерді пайдаланады, қажет болған жағдайда деректердің көздерін көрсетеді;

3) еркін түсіндіруге, негізсіз артықшылықтарға немесе белгіленген өлшемшарттарсыз дискрециялық шешімдер қабылдауға жол беретін тұжырымдарды болдырмайды;

4) бәсекелестікті шектеуге немесе жекелеген ұйымдарға артықшылық жасауға бағытталған талаптар мен шарттарды құжаттарға енгізбейді;

5) құжаттардың мүдделі бөлімшелермен және органдармен белгіленген тәртіппен келісуін қамтамасыз етеді;

6) қабылданған шешімдер мен жасалған әрекеттерді тіркеуді, сақтауды және кейіннен растау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

13. Бөлімнің шешімдері мен ұсыныстары негізделген, бейтарап болуы және құжаттармен расталуы тиіс. Түпкілікті шешім қабылдауға өкілеттіктер болмаған жағдайда, қызметкер өзінің ұсыныстары мен ұсынымдарын уәкілетті органның шешімдерінен нақты ажыратуға міндетті.

5-тарау. Мүдделер қақтығысының алдын алу және қаржылық бақылау

14.             Бөлім қызметкерлері жеке мүдделері мен лауазымдық міндеттерін тиісінше орындауы арасында мүдделер қақтығысына жол бермеуге міндетті.

15.             Мәселені қараудың объективтілігіне ықпал етуі мүмкін жеке мүдделілік туындаған кезде қызметкер бұл туралы тікелей басшысына дереу жазбаша хабарлайды және оның шешіміне, сондай-ақ заңнама талаптарына сәйкес әрекет етеді.

16.             Қызметкер заңнамада көзделген жағдайларда және тәртіппен өзі, оның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе онымен байланысты өзге                       де тұлғалар әрекеттердің объективтілігіне ықпал етуі мүмкін жеке мүдделілікке             ие болған мәселе бойынша шешімдерді дайындауға, қарауға, келісуге немесе қабылдауға қатыспайды.

17.             Егер мүдделер қақтығысы тікелей басшыда туындаса, қызметкер               бұл туралы жоғары тұрған басшылыққа хабарлайды. Бөлім басшысы                               өз өкілеттіктері шегінде мүдделер қақтығысын реттеу жөнінде шаралар қабылдайды.

18.             Қызметкерлер қаржылық бақылау жөніндегі заңнамада белгіленген талаптарды, оның ішінде тиісті қызметкерге осындай міндет жүктелген жағдайда декларациялар мен мәліметтерді ұсыну талаптарын сақтайды.

19.             Өзі немесе үшінші тұлғалар үшін кірістер, мүлік, көрсетілетін қызметтер, жеңілдіктер немесе өзге де артықшылықтар алу мақсатында қызметтік жағдайды пайдалануға жол берілмейді.

6-тарау. Мемлекеттік сатып алу және бюджет қаражатын пайдалану

20. Мемлекеттік сатып алуды жоспарлауға және жүзеге асыруға қатысатын Бөлім қызметкерлері тиісті рәсімдерді орындау кезінде:

1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын басшылыққа алады;

2) қажеттіліктің, жоспарлаудың және техникалық ерекшеліктің негізділігін қамтамасыз етеді;

3) заңда көзделген негіздерсіз техникалық талаптарды нақты өнім берушіге, тауар белгісіне немесе өндірушіге бейімдемейді;

4) бәсекелестікті негізсіз шектеуге және жекелеген әлеуетті өнім берушілерге артықшылық беруге жол бермейді;

5) сатып алуға қатысушылардың мүддесі үшін қызметтік ақпаратты пайдаланбайды;

6) мүдделер қақтығысы туралы уақтылы хабарлайды және заңнамада көзделген негіздер болған кезде рәсімдерге қатыспайды;

7) әрекеттер мен шешімдердің құжатпен ресімделуін, сондай-ақ сатып алу құжаттамасының сақталуын қамтамасыз етеді.

21. Бөлімнің иелігіндегі бюджет қаражаты, мүлік және өзге де ресурстар тек қызметтік міндеттерді орындау үшін, ұтымды және нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылады.

7-тарау. Ашықтық, есептілік және жұртшылықпен өзара іс-қимыл

22. Бөлім заңнама талаптары шегінде өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді, оның ішінде қоғам үшін маңызды ақпаратты уақтылы ұсынуды, көзделген мәліметтерді жариялауды және өтініштерді қарауды қамтамасыз етеді.

23. Бөлім қызметкерлері:

1) жеке және заңды тұлғаларға құзыреті шегінде және қол жеткізуге қойылатын шектеулерді сақтай отырып, толық әрі анық ақпарат береді;

2) өтініштерді қабылдаудан және қараудан негізсіз бас тартуға, созбалаңдыққа және белгіленген мерзімдерді бұзуға жол бермейді;

3) мүдделі тұлғаларға рәсімдер мен талаптар туралы ақпараттың біркелкі берілуін қамтамасыз етеді;

4) дербес деректерді, коммерциялық құпияны және заңмен қорғалатын өзге                     де ақпаратты жария етпейді;

5) заңды сынға кедергі келтірмейді және кемшіліктерді жою үшін келіп түскен ұсыныстарды пайдаланады;

6) Стандарт жобасын және оған кейінгі өзгерістерді заңнамада белгіленген тәртіппен жұртшылықтың талқылауына мүмкіндік береді.

24. Кеңестерді, кездесулерді және жария іс-шараларды өткізу кезінде қызметкерлер жекелеген қатысушыларға бейресми артықшылықтар жасауға, сондай-ақ мұндай іс-шараларды жеке пайда алу үшін пайдалануға жол бермейді.

8-тарау. Персоналды басқару және сыбайлас жемқорлыққа

қарсы мәдениетті қалыптастыру

25. Міндеттер мен тапсырмаларды бөлу және жұмыс нәтижелерін бағалау кезінде Бөлім басшысы объективтілікті, әділдікті және ашықтықты қамтамасыз етеді, фаворитизмге, жеке берілгендікке, туыстық немесе өзге де қызметтік емес артықшылықтарға жол бермейді.

26. Қызметкерлерге олардың лауазымдық міндеттеріне қатысы жоқ, көрінеу орындалмайтын немесе заңнамаға қайшы тапсырмалар жүктеуге, сондай-ақ қызметкерлердің еңбегін жеке мақсатта пайдалануға жол берілмейді.

27. Бөлім басшысы қызметкерлерді Стандартпен таныстыруды, оның ережелерін түсіндіруді және оқыту іс-шараларына қатысуды қоса алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөнінде шаралар қабылдауды қамтамасыз етеді.

28. Қызметкерлер кәсіби құзыреттілігін арттыруға, қызметтік тәртіпті, іскерлік әдеп нормаларын сақтауға және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға жәрдемдесуге міндетті.

9-тарау. Сыбайлас жемқорлық көріністері туралы

хабарлау және қорытынды ережелер

29. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері, оны жасауға көндіру, заңсыз пайда ұсыну немесе алу туралы өзіне белгілі болған қызметкер заңнамада белгіленген тәртіппен бұл туралы Бөлім басшысына және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға дереу хабарлауға міндетті.

30. Бөлім басшысы келіп түскен ақпаратты қарауды, құзыреті шегінде шаралар қабылдауды және заңнамада белгіленген жағдайларда әрі тәртіппен сыбайлас жемқорлықтың ықтимал көріністері туралы адал ниетпен хабарлағаны үшін қызметкерлерді қудалауға жол бермеуді қамтамасыз етеді.

31. Қызметкерлер сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға жәрдемдесуге, оның ішінде Бөлім қызметінің бағыттары бойынша тәуекелдерді бағалауға және картаға түсіруге қатысуға міндетті.

32. Заңнама, Бөлімнің функциялары өзгерген, жаңа сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған немесе оны қолдану мониторингінің нәтижелері бойынша Стандарт қайта қаралуға және өзектендірілуге жатады.

33. Стандарттың сақталуын бақылауды Бөлім басшысы берілген өкілеттіктері шегінде жүзеге асырады.

34. Стандарт Бөлім басшысының тиісті актісімен бекітілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі. Бекітілгенге дейін Стандарт жобасы заңнамада белгіленген тәртіппен жұртшылықтың қатысуымен талқылануға жатады.

35. Бөлім қызметкерлері Стандартпен қол қойғызып таныстырылады. Егер мұндай орналастыру заңнамада және ішкі рәсімдерде көзделсе, Стандарт интернет-ресурста орналастырылады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-stepnogorsk/documents/details/1102062?lang=kk