Жануарларды тасымалдау кезінде олардың қауіпсіздігін, денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету, сондай-ақ соғылу, жарақат алу, сүйек сынуы және басқа да зақымдану жағдайларының алдын алу мақсатында жануарларды тасымалдау қағидалары әзірленді.
Жануарларды тасымалдау кезінде жануардың иесі және (немесе) жауапты тұлға келесіні қамтамасыз етуі қажет:
1) ветеринария саласындағы заңнамаға сәйкес жануардың ветеринариялық құжатының болуын;
2) жануарлардың азыққа, суға, ауаға және қозғалысқа деген қажеттіліктерін қанағаттандыруды, сондай-ақ оларды зиянды сыртқы әсерлерден қорғауды. Көлік құралының кеңістігі тасымалданатын жануарлардың биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес болуы тиіс;
3) тасымалданатын жануарлардың жолаушылар мен көлік қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуін.
Жануардың иесі және (немесе) жауапты тұлға айқын ауру белгілері бар жануарлармен (ашық жаралар, іріңдеу, теміреткі, жағымсыз иіс), сондай-ақ агрессивті немесе мазасыз мінез-құлық танытатын жануарлармен жолаушыларды тасымалдауға жол бермейді.
Ауру жануарлар ветеринариялық көмек көрсету мақсатында тасымалдануға жатады. Ауру жануарды тасымалдау басқа жануарлармен жанасуына жол бермеу мақсатында оқшауланған түрде жүзеге асырылады.
Жануарларды тасымалдауға пайдаланылатын көлік құралы жануарларды тиеу, тасымалдау және түсіру кезінде олардың мертігуін, денсаулығына өзге де зиян келуін немесе өлуін, сондай-ақ көлік құралынан өздігінен шығып кетуін болдырмайтындай етіп жабдықталуы тиіс.
Ірі және ұсақ жануарларды тасымалдау кезінде олардың бір-бірімен тікелей жанасуына жол берілмейді.