Гендерлік теңдік – отбасы беріктігі мен қоғам тұрақтылығының негізі

Гендерлік теңдік – отбасы беріктігі мен қоғам тұрақтылығының негізі

 

Отбасы – қоғамның негізгі тірегі, адамгершілік пен тәрбиенің алтын бесігі. Әрбір отбасының берік болуы өзара сыйластыққа, түсіністікке, сенім мен жауапкершілікке негізделеді. Отбасындағы татулық пен бірлік тек ерлі-зайыптылардың ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығы үшін маңызды.

Гендерлік теңдік – әйелдер мен ерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің тең болуы. Бұл ұғым отбасы ішіндегі міндеттерді әділ бөлісу, бір-бірінің пікірін құрметтеу, шешім қабылдауда өзара қолдау көрсету сияқты құндылықтармен тығыз байланысты. Әйел мен ер адамның қоғамдағы орны ерекше. Сондықтан олардың әрқайсысына құрметпен қарап, құқықтары мен қадір-қасиетін бағалау – өркениетті қоғамның басты қағидаларының бірі.

Отбасының беріктігі ең алдымен ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен жауапкершіліктен басталады. Бала тәрбиесінде ата-ананың екеуінің де рөлі маңызды. Әкенің өнегесі мен ананың мейірімі ұрпақ тәрбиесінде өзара үйлесім тапқанда ғана отбасында береке мен бірлік қалыптасады. Сонымен қатар отбасында зорлық-зомбылыққа, кемсітуге және түсінбеушілікке жол берілмеуі тиіс. Әрбір адам өзін қауіпсіз әрі қадірлі сезінетін ортада өмір сүруге құқылы.

Қазіргі таңда гендерлік саясатты дамыту, отбасылық құндылықтарды сақтау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жастарға отбасылық жауапкершілікті насихаттау және ұлттық тәрбиені дәріптеу ерекше маңызға ие.

Қорытындылай келе, гендерлік теңдік пен отбасы беріктігі – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Теңдік бар жерде сыйластық, сыйластық бар жерде татулық пен береке болады. Әрбір отбасы бір-біріне құрмет пен қамқорлық танытып, ортақ жауапкершілікті сезіне білсе, қоғамымыз да мықты әрі тұрақты болмақ. Өйткені берік отбасы – берекелі қоғамның негізі!

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-kyzylkogy/documents/details/1096826?lang=kk