СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНДА «ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН МҰРАСЫ – ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ӨТТІ
23 қазан күні «Семей медицина университеті» КеАҚ базасында жоғары және орта арнаулы медициналық оқу орындарының студенттері арасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі Әлихан Бөкейханның 160 жылдық мерейтойына арналған «Әлихан Бөкейхан мұрасы – ұлт қазынасы» халықаралық олимпиада өтті.
Салтанатты ашылу рәсімінде Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Алтай Дүсіпов және Министрліктің Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы, Терминология комиссиясының хатшысы Айжан Алданғорова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Олимпиаданың мақсаты Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси және рухани мұрасын насихаттау, ұлттық бірегейлікті және патриотизмді нығайту.
Іс-шара бағдарламасы медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін біріктірді. Қатысушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдері, Қазақстан тарихы, әлеуметтік-саяси пәндер, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша білімдерін сарапқа салды. Байқау секциялық форматта, соның ішінде командалық есеп бойынша өткізілді.
Олимпиаданың Семей қаласында өтуінің өзіндік мәні бар. Себебі Семей қаласы «Алаш» қозғалысының тарихында маңызды орын алады және оның көрнекті өкілдерінің қызметімен тығыз байланысты. Бұл өз кезегінде іс-шараның тек білім беру ғана емес, сонымен қатар терең тарихи-мәдени маңызын арттыра түседі.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталса, өзге қатысушыларға сертификаттар табысталды.














