Павлодар ауданының Қоғамдық кеңесі Луган ауылдық округіндегі Ашық әкімдік пен ауылдық кітапханалардың жұмысын мониторингтен өткізді

Павлодар ауданының Қоғамдық кеңесінің мүшелері Луган ауылдық округінің шағын ауылдарындағы Ашық әкімдіктің қызметі мен ауылдық кітапханалардың жұмысын мониторингтен өткізді.

Богдановка ауылында Луган ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Н.Г. Калиновская азаматтарды қабылдады. Қабылдау барысында ауылдың екі тұрғыны – А.Е. Гаврилов пен А.Я. Ташкина сенімхат алу мәселесі бойынша жүгінді. Сондай-ақ ауыл тұрғыны         Т.К. Жунусов жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесін рәсімдеу тәртібі мен іс-қимыл алгоритмі бойынша түсініктеме алды.

Айта кету керек, Ашық әкімдік жұмысы аясында азаматтарды қабылдау бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі. Қабылдау күні мен уақыты туралы ақпарат шағын ауылдардың тұрғындарына алдын ала хабарланады. Сонымен қатар, тұрғындардан өтініштер түскен жағдайда азаматтарды қабылдау белгіленген кестеден тыс уақытта да қосымша ұйымдастырылуы мүмкін.

Мониторинг барысында Қоғамдық кеңес мүшелері Богдановка ауылында ұзындығы 1,4 шақырым болатын ауылішілік автомобиль жолының құрылыс барысымен де танысты. Құрылыс жұмыстарын «Иверис» ЖШС мердігер ұйымы жүргізуде.

Бұдан бөлек, ауылдық кітапханаларда Қоғамдық кеңес өкілдері тұрғындарды кітап оқуға тарту бағытындағы жұмыстардың ұйымдастырылуымен және оқырмандардың «Оқитын ұлт» республикалық акциясына қатысуымен танысты. Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, акцияға 35 оқырман қатысуда.

Өткізілген мониторинг Ашық әкімдіктің жұмысын ұйымдастыру, инфрақұрылымдық жобаның іске асырылу барысы, сондай-ақ ауылдық кітапханалардың тұрғындар арасында кітап оқуды насихаттау бағытындағы қызметімен танысуға мүмкіндік берді.

 

 

 

 

 

 

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-audan/documents/details/1095465?lang=kk