Архитектура және қала құрылысы саласындағы Басқарма қызметі

 

Архитектура және қала құрылысы саласындағы Басқарма қызметі

Архитектура және қала құрылысы

Абай облысының архитектура, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы облыс аумағында архитектура және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады. Басқарма қызметі елді мекендерді орнықты дамытуға, аумақтарды жоспарлы ұйымдастыруды жетілдіруге және халықтың жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Бұл бағыттың негізін қалалар мен ауылдық елді мекендерді дамыту перспективаларын, тұрғын үй құрылысын, қоғамдық кеңістіктерді, әлеуметтік, инженерлік және көліктік инфрақұрылым объектілерін орналастыруды айқындайтын қала құрылысын жоспарлау құрайды. Бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары халықтың қажеттіліктерін, табиғи жағдайларды және қолданыстағы құрылысты ескере отырып, аумақтарды дамытуға кешенді тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыстық деңгейде Басқарма қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу, түзету және іске асыру мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады. Тиісті жұмыстардың тапсырыс берушілері ретінде қалалардың әкімдіктері әрекет етеді. Өз құзыреті шегінде Басқарма архитектура және қала құрылысының жергілікті органдарымен, жобалау ұйымдарымен және мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды, елді мекендердің қала құрылысы құжаттамасымен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізеді.

Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі елді мекендердің архитектуралық келбетін жетілдіру болып табылады. Урбанистиканы дамыту шеңберінде шебер-жоспарлау (мастер-жоспарлау), дизайн-кодтарды әзірлеу, абаттандыру мен көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру мәселелері қарастырылады. Бұл жұмыс елді мекендердің тарихи-мәдени ерекшеліктерін сақтай отырып, тұтас әрі қолжетімді қалалық ортаны құруға бағытталған.

Қала құрылысы ақпаратын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді. Басқарма өз құзыреті шегінде мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізу үшін мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етеді, аумақтар мен қала құрылысы құжаттамасы туралы деректерді өзектендіру мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайды.

Ақпараттық ашықтық архитектура және қала құрылысы саласындағы жұмыстың құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Осы бөлімде аумақтарды дамыту, қала құрылысы жобаларын әзірлеу және түзету, жоспарланған құрылыс өзгерістері туралы мәліметтер, сондай-ақ хабарландырулар мен қоғамдық талқылау материалдары орналастырылады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-agz/documents/details/1095171?lang=kk