Халықтыңсанитариялық- эпидемиологиялық саламаттығы саласындағы тергеп-тексеру жүргізу
қағидаларына 7-қосымша
Тергеп-тексеру жүргізу нәтижелері туралы ақпарат
- Тергеп-тексеру жүргізудің негізі «Белгісіз этиологиялы химиялық затпен жедел ингаляциялық улану» диагнозымен 22.09.2026 ж. келіп түскен шұғыл хабарлама.
- Тергеп-тексеру жүргізетін бақылау және қадағалау органы
«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау Министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаменті Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Басқармасы» РММ
- Тартылған сарапшылар(деректерді пайдалануға келісім)
Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Өндірістік және радиациялық қауіпті объектілерді бақылау бөлімінің басшысы, Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Өндірістік және радиациялық қауіпті объектілерді бақылау бөлімінің бас маманы.
- Тергеп-тексеру жүргізу мерзімі 23.09.2026 жылдан бастап 20.10.2026 жылға дейін.
- Тергеп-тексеру жүргізілген жеке және (немесе) заңды тұлғалар «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС.
- Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының анықталған бұзушылықтарының себептері мен сипаты: Атырау қаласы, Атырау–Доссор трассасы, 295-құрылыс мекенжайында орналасқан дайын жөнелтуге арналған химиялық өнімдерді сақтау қоймасы жеке тұрған бір қабатты ғимаратта орналасқан. Қоймадағы қызметті «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС-мен жасалған 2025 жылғы 29 сәуірдегі № [1077210/2025](tel:1077210/2025)/1 қызмет көрсету шарты негізінде «VG SERVICE» ЖШС жүзеге асырады. «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС-не тиесілі дайын өнім қоймасының ғимаратында жүргізілген тергеп-тексеру барысында үй-жайларда қажетті ауа алмасуды қамтамасыз ететін механикалық сору-сыртқа тарату желдету жүйесінің тиісті деңгейде ұйымдастырылмағаны анықталды. Аталған жағдай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 3 тамыздағы № ҚР ДСМ-72 бұйрығымен бекітілген «Өнеркәсіп объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 39 және 161-тармақтарының талаптарын бұзу болып табылады. Қажетті ауа алмасуды қамтамасыз ететін желдету жүйесінің болмауы жұмыс аймағының ауасында зиянды заттардың жиналуына ықпал етуі мүмкін және жұмысшылардың белгісіз химиялық затпен өндірістік улану жағдайын тергеп-тексеру барысында бағалауға жататын факторлардың бірі болып табылады.
«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС әзірлеген өндірістік бақылау бағдарламасында технологиялық процестің ерекшеліктерін ескере отырып, полимер шаңын бақылауды қоспағанда, жабық үй-жайлар мен жұмыс аймағының ауасындағы негізгі ластаушы заттардың құрамына бақылау жүргізу көзделмеген.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 25 қыркүйектегі № 2260001038929348 жабық үй-жайлар мен жұмыс аймағы ауасының сынамаларын алу және зерттеу хаттамасына сәйкес, ауа сынамаларында формальдегид, метан, көміртегі оксиді, этан қышқылы, ксилол, азот оксиді, күкірт диоксиді, күкіртсутек және фенол анықталған. Аталған химиялық заттардың концентрациясы белгіленген гигиеналық нормативтерден аспайды.
Осылайша, өндірістік бақылау бағдарламасында жабық үй-жайлар мен жұмыс аймағының ауасындағы аталған химиялық заттардың құрамына бақылау жүргізу қарастырылмаған, бұл өндірістік ортадағы химиялық факторлардың жұмысшылар денсаулығына ықтимал әсерін жүйелі бақылауды қамтамасыз етпейді. Аталған жағдай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі № 62 бұйрығымен бекітілген «Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 8, 10 және 12-тармақтарының талаптарын бұзу болып табылады.
«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС тарапынан жанама өнімді биг-бэгтерде герметикалық емес күйде, өнімді таңбалау талаптарын сақтамай, оның ішінде ескерту белгілерінсіз, ашық аспан астында сақтау фактісі анықталды. Бұл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 3 тамыздағы № ҚР ДСМ-72 бұйрығымен бекітілген «Өнеркәсіп объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының 39-тармағының талаптарын бұзу болып табылады.
- Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзуға жол берген жеке және (немесе) заңды тұлғалар: «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС.
- Қабылданған шаралар: «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС-не қатысты 2026 жылғы 22 қыркүйектегі № 262312030015749 улану жағдайының тіркелуіне байланысты № 262312031000626 қылмыстық істің қозғалуына орай, қылмыстық іс аяқталғанға дейін шаралар қабылдау тоқтатылды.