«Шиелі ауданы, Шиелі кентінің жергілікті қоғамдастық жиналысының Регламентін бекіту туралы» Шиелі аудандық мәслихатының 2018 жылғы 31 мамырдағы № 24/3 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Шиелі аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
«Шиелі ауданы, Шиелі кентінің жергілікті қоғамдастық жиналысының Регламентін бекіту туралы» Шиелі аудандық мәслихатының 2018 жылғы 31 мамырдағы № 24/3 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6337 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
Көрсетілген шешіммен бекітілген Жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентінде:
2-тармақтың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«2) жергілікті қоғамдастық жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – Заңда айқындалған шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті өзін-өзі басқару органы;
3) жергілікті маңызы бар мәселелер – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының тыныс-тіршілігін тікелей қамтамасыз ету мәселелері, оларды шешуді әкім және (немесе) жергілікті өзін-өзі басқару органдары жүзеге асырады;»;
мынадай мазмұндағы 3-4-тармақпен толықтырылсын:
«3-4. Жергілікті қоғамдастық жиналысын ұйымдастыру және тарату туралы шешімді жергілікті қоғамдастық жиыны Заңға сәйкес қабылдайды.»;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:
бағдарламалық құжаттардың, Шиелі кенті жоспарларының жобаларын талқылау және қарау;
Шиелі кенті бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;
аудандық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемде қаражат бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда, Шиелі кенті бюджетін түзетуді келісу;
Шиелі кентінің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі Шиелі кенті әкімі аппаратының шешімдерін келісу;
Шиелі кенті бюджетінің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;
Шиелі кенті бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;
Шиелі кентінің коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;
Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда Шиелі кенті аумағына карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-3-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларда одан әрі ілгерілету үшін Шиелі кенті әкімі лауазымына аудан әкімі ұсынған кандидатураларды келісу;
Шиелі кенті әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті Шиелі кенті аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;
жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелерін талқылау.»;
мынадай мазмұндағы 11-1-тармақпен толықтырылсын:
«11-1. Жергілікті қоғамдастық жиналысын жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің талқылауға және шешімдер қабылдауға қатысуын қамтамасыз ететін цифрлық объектілерді пайдалана отырып өткізуге жол беріледі.».
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.