Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің 2026 жылғы ІІІ тоқсанда атқарған жұмыстары туралы

Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарын іске асыру бағытында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

         2026 жылғы 9 айында  Қоғамдық келісім және тіл орталығы арқылы 319 адам (93 – мемлекеттік тіл, 119 – орыс тілі, 107 – ағылшын тілі) тілдік курстардан өтіп, сертификат алды. Сонымен қатар, 11 мекемеде тіл туралы заң талаптарының сақталуына тексеру жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша ұсынымдар берілді.

         2026 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» және «Сыр өңірінің эргонимдері» атты әлеуметтік жобалары іске асырылуда.

         «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» әлеуметтік жобасы аясында «Тіл Quiz» интеллектуалды сайыс, «Жастар және мемлекеттік тіл» дебат турнирі және Абай күніне орай «Абай мұрасы – ұлт руханиятының темірқазығы» атты облыстық байқау,  көрнекі ақпараттарды сауатты жазуға бағытталған «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты байқау және Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл. Бірлік. Болашақ.» атты облыстық форум өткізілді.  

         Жалпы, мемлекеттік тілді дәріптеу, қолданыс аясын кеңейту    мақсатында барлығы 136 шара өткізіліп, оған 7000-ға жуық адам қамтылды.

         Есепті кезеңде 9 мекемеге оқу-әдістемелік құралдар таратылып, 5 мақала жарияланды. Қазақ тіліндегі интернет контентті арттыру мақсатында Уикипедияны толықтыру жұмыстары жалғасуда.

         Сондай-ақ, орталықтың әлеуметтік желілерінде «Сөзтүзер», «Ұлылар ұлағаты», «Трендтегі сленгтер», «Practical English» айдарлары тұрақты жүргізілуде.

         Облыс әкімдігі бойынша 2026 жылғы ІІІ тоқсанның қорытындысымен мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 96,0% құрады.

         «Сыр өңірінің эргонимдері» әлеуметтік жобасы аясында кәсіпкерлік нысандарға мазмұнды, сауатты әрі тартымды атау таңдауға әдістемелік тұрғыдан кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беру мақсатында әдістемелік нұсқаулықтың жобасы әзірленіп, баспадан шығаруға келісім берілді.

         Көрнекі ақпараттың заң талаптарына сәйкестігін зерделеу мақсатында 72 рейдтік іс-шара өткізіліп, 23 кәсіпкерлік субъектісіне заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұсынымдар берілді. Сонымен қатар,
6 кәсіпкерлік нысанға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделді. Түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында «Көрнекі ақпарат және заң» тақырыбындағы ақпараттық бейнеролик әзірленіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен таратылды.

         Ономастика саласы бойынша республикалық жобаның аясында «Сыр даласында – көне есімдердің сыры» атты тарихи-танымдық ғылыми экспедиция мүшелерімен аудандар мен облыс орталығында кездесулер өткізілді.

         «Қызылорда облысы ойконимдерінің этномәдени негізі мен этнолингвистикалық табиғаты»  әлеуметтік жобасы аясында шығарылған «Қызылорда облысы ойконимдері» атты монографияның тұсаукесері өткізілді.

         Сондай-ақ 2026 жылға арналған мерейтойлық даталар аясында Қызылорда қаласынан көшелерге  белгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің және көрнекті ақын Шөмішбай Сариевтің есімдерін  беру туралы ұсыныстар Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды.

         2026 жылғы 20-25 шілде аралығында «Мемлекеттік тіл саясаты және ономастика мәселелері» тақырыбында аудандарда көшпелі семинарлар ұйымдастырылып, саладағы өзекті мәселелер талқыланды.

          Есепті мерзімде облыстық ономастика комиссиясының І отырысы өткізіліп, «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне 27 топоним енгізілді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-sayasat/documents/details/1080640?lang=kk