Рудный қаласы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есебі

Рудный қаласы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есебі

 

Құрметті депутаттар!

 

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, 2026 жылдың 8 айында өзіме жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есепті назарларыңызға ұсынамын.

Есепті кезеңде Рудный қаласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, қала тұрғындары үшін тікелей маңызы бар өзекті мәселелерді шешуге басты назар аударылды.

Бүгін назарларыңызға атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижелері, қол жеткізілген көрсеткіштер, одан әрі шешуді талап ететін мәселелер, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер ұсынылады.

1. Экономиканың негізгі салаларын дамыту

Өнеркәсіп Рудный қаласының экономика құрылымында негізгі орын алады және Қостанай облысының экономикасына елеулі үлес қосады. Салада 137 кәсіпорын жұмыс істейді, оларда 17 мыңнан астам адам еңбек етеді. Рудный қаласының үлесіне облыстың жалпы өнеркәсіптік өндіріс көлемінің шамамен 20%-ы тиесілі.

Ағымдағы жылдың 8 айында 414 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өндірістің жекелеген сегменттеріндегі көлемдердің белгілі бір өзгерістеріне қарамастан, қаланың өнеркәсіптік кешені тұрақты өндірістік базасын және жоғары әлеуетін сақтап отыр.

Тау-кен өнеркәсібінде 296,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді (нақты көлем индексі – 93,1%). Өндіріс көлемінің төмендеуі, ең алдымен, темір кенін өндіру және темір кенінің концентратын өндіру көлемдерінің азаюымен байланысты. Сонымен қатар, тау-кен өнеркәсібі қаланың өнеркәсіптік әлеуетінің негізін қамтамасыз ете отырып, жетекші рөлін сақтап келеді.

Өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалады. Есепті кезеңде 94,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7%-ға артық. Өсім сүт өнімдерін өндірудің 3%-ға, металлургиялық өнім өндірудің 8%-ға, кірпіш өндірудің 30%-ға және сыра өндірудің 4%-ға артуы есебінен қамтамасыз етілді.

Қаланың өнеркәсіптік құрылымында өңдеу секторының үлесі біртіндеп артып келе жатқаны оң нәтиже болып табылады. Тау-кен өнеркәсібінің үлесі 71,7%-ды құрайды, бұл бір жыл ішінде 4,3 пайыздық тармаққа төмендеді. Ал өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2,9 пайыздық тармаққа артты. Бұл динамика өндірістік базаның кеңейіп, қала экономикасының біртіндеп әртараптандырылып келе жатқанын көрсетеді.

Есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар 38,9 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1%-ға артық. Инвестициялар құрылымында бұрынғысынша жеке инвестициялар басым, олардың үлесі 93,8%-ды құрайды, ал көлемі 19,2%-ға өсті. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі «ССГПО» АҚ мен «Качары руда» АҚ сияқты қала құраушы кәсіпорындардың үлесі 73%-ды құрайды.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылған инвестициялар 95,7%-ға төмендеп, 130 млн теңгені құрады.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынған инвестициялар бойынша да айтарлықтай төмендеу байқалады: олардың көлемі 81,6%-ға азайып, 321 млн теңгені құрады.

Ағымдағы жылдың 8 айында құрылыс жұмыстарының көлемі 16,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,9%-ға төмендеді. 20 362 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың деңгейінен 54,5%-ға аз.

Бұл жағдай 2025 жылы ірі нысандардың едәуір көлемі іске асырылған кезде қалыптасқан жоғары базамен түсіндіріледі. Атап айтқанда, 2 мектеп, 2 спорт кешені, 8 көппәтерлі тұрғын үй салынып, ясли-бақшаға күрделі жөндеу жүргізілді. Ағымдағы жылы динамикаға бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың болмауы да әсер етті.

         Бөлшек сауда айналымы 5,7 млрд теңгеге ұлғайып, 63 млрд теңгені құрады (нақты көлем индексі – 100,2%).

         Көтерме сауда айналымында да айтарлықтай өсім байқалды: оның көлемі 9,6 млрд теңгеге артып, 73 млрд теңгені құрады (нақты көлем индексі – 105,7%).

2. Бюджет

Әлеуметтік-экономикалық дамудың жекелеген көрсеткіштерінің динамикасына жергілікті бюджеттің қаржылық мүмкіндіктерінің шектеулілігі әсер етеді. Бұл ағымдағы нәтижелерден де айқын көрінеді. Қала қажеттіліктерінің едәуір көлеміне қарамастан, бюджет қаражатының жеткіліксіздігі бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды шектеудің себептерінің бірі болды. Бұл жағдай өткен жылдың жоғары базасымен қатар құрылыс жұмыстары мен тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің төмендеуіне әсер етті.

Қаланың кіріс әлеуеті жыл сайын артып келеді. Егер 2025 жылы кірістер қалалық бюджетке 100% түскен жағдайда, оның көлемі 41,9 млрд теңгені құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 46,4 млрд теңгеге жетті. 2027 жылы оның 52,3 млрд теңгеге дейін, ал 2028 жылы 59,1 млрд теңгеге дейін өсуі болжануда.

Алайда кіріс әлеуетінің өсуімен қатар жоғары тұрған бюджетке аударылатын қаражат көлемі де ұлғаюда. Нәтижесінде кірістердің өсімі едәуір дәрежеде қала қарамағында қалмайды және жинақталған мәселелерді шешуге әрі даму жобаларын қаржыландыруға толық көлемде бағытталмайды.

2025 жылы ықтимал кірістер көлемі 41,9 млрд теңгені құраған кезде қала қарамағында 10,6 млрд теңге немесе 25,2% қалды. Ал 2026 жылы кіріс әлеуеті 4,5 млрд теңгеге өсіп, 46,4 млрд теңгеге жеткенімен, қала қарамағында небәрі 10,8 млрд теңге қалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бар болғаны 219 млн теңгеге артық.

Осылайша, қаланың кіріс әлеуетінің 10,9%-ға өсуі қала қарамағында қалатын қаражат көлемінің небәрі 2,1%-ға ұлғаюын қамтамасыз етті. Бұл ретте жоғары тұрған бюджетке берілетін қаражат көлемі 31,3 млрд теңгеден 35,6 млрд теңгеге дейін өсті.

Мұндай жағдай алдағы жылдары да сақталады. Кірістердің өсуі қаланың қаржылық мүмкіндіктерінің сәйкесінше ұлғаюына әкелмейді. Қолданыстағы бюджетаралық бөлу тетігі жағдайында кіріс базасының негізгі өсімі бюджет қаражатын алып қою көлемінің тиісінше артуымен қатар жүреді. Нәтижесінде қаланың ағымдағы қажеттіліктерін, әсіресе даму шығыстарын қаржыландыру үшін өз бетінше пайдалана алатын қаражат көлемі іс жүзінде бұрынғы деңгейде қалып отыр.

3. Инфрақұрылымды дамыту

Басты міндеттердің бірі – қаланың инфрақұрылымын дамыту, атап айтқанда инженерлік желілерді салу және реконструкциялау, көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй салу және сатып алу, көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу.

Қалада инженерлік желілерді реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда.

Ағымдағы жылы 8,2 км су құбыры және 3,6 км кәріз желілері жөнделді. Рудный қаласының сүзгі станциясындағы № 2 станцияның сүзгілер блогы мен тұндырғыштарын, сондай-ақ ысырмалар галереясын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны – 5,8 млрд теңге, 2,6 млрд теңге қаржыландырылды. Жоғары тұрған бюджеттерден қаражаттың болмауына байланысты жобаны одан әрі іске асыру күрделене түсуде.

«Сокол» қосалқы станциясы ауданынан Ульяновка ауылы ауданына дейінгі Қаратамар–Қашар су құбыры учаскесін реконструкциялау аясында 13,7 км желі төселді. Жобаны іске асыру осы учаскедегі су құбырының тозу деңгейін 97,5%-дан 41,3%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Нысанды пайдалануға беру үшін қалған 1,3 км су құбырын реконструкциялау қажет. Жұмыстардың құны – 496 млн теңге.

2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аяқталды. Бастапқыда 433,5 млн теңге сомасына 5,1 км желіні жөндеу жоспарланған болатын. Іс жүзінде 6,06 км желі жөнделді, бұл жоспардың 118%-ын құрайды.

Жөндеу жұмыстарының қорытындысы бойынша 2026–2027 жылдары магистральдық жылу желілерінің тозу деңгейі 3,7%-ға, яғни 36,2%-дан 32,5%-ға дейін төмендейді.

Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы органда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру жұмыстары жүргізілуде.

2023 жылдан 2026 жылға дейінгі кезеңде 18 көппәтерлі тұрғын үй салынды және реконструкцияланды (1 179 пәтер). Оның ішінде ағымдағы жылы 2 тұрғын үй реконструкцияланды: Рудный қаласындағы Ленин көшесі, 213Б мекенжайындағы және Қашар кентінің 1-шағынауданындағы № 84 үй. Нәтижесінде 164 пәтер пайдалануға берілді.

Ағымдағы жылы тағы 3 көппәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары аяқталады: Рудный қаласындағы Ленин көшесі, 48 мекенжайындағы үй және Қашар кентіндегі 2 үй. Сонымен қатар, Ленин көшесі, 70Б мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үйді кейіннен қалпына келтіру мақсатында оны өткізу бойынша аукцион өткізілді.

Строительная көшесі, 52 мекенжайындағы және Горняков көшесі, 26, 20 мекенжайларындағы үйлерді газдандыру желілерін салу, сондай-ақ 19-шағынауданда жылумен жабдықтау желілерін салу жобалары аяқталды.

Рудный қаласын дамытудағы өзекті мәселелердің бірі – автомобиль жолдарының, аулаішілік өтпе жолдардың және тротуарлардың жағдайын жақсарту, сондай-ақ аулаларда автотұрақтар салу қажеттілігі. Әлеуметтік нысандардың құрылысы оларға кіреберіс жолдар тарту арқылы автомобиль жолдарын реконструкциялау қажеттілігін туындатады.

Жыл басынан бері 33 мың шаршы метр аумақта көшелерге ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы 7 мың шаршы метр аумақта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Ленин және Иван Франко көшелерінің қиылысында, сондай-ақ № 2 гимназия ауданында бағдаршамдар орнатылды. Бұдан бөлек, тағы 3 бағдаршам нысанын орнату жоспарланған.

Жаңа бағдаршамдарды орнату орындары көлік қозғалысының қарқындылығы, әлеуметтік нысандардың орналасуы және тұрғындардың өтініштері ескеріле отырып айқындалды. Жобаны іске асыру жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қала көшелерінде жүріп-тұруды барынша қолайлы етуге мүмкіндік береді.

3. Қаланы абаттандыру

Тұрғын үй құрылысының дамуымен қатар қалалық аумақты абаттандыруға, яғни тұрғындар үшін қолайлы, заманауи және қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылады.

Ағымдағы жылы 5 мыңнан астам ағаш және 132 мың дана гүл отырғызу жұмыстары жүргізілді.

Қаланың 11-шағынауданында скверді абаттандыру жұмыстары орындалды: шамамен 5 мың шаршы метр аумаққа брусчатка төселді.

Парковая және Фрунзе көшелерінің қиылысында балалар мен жасөспірімдерге арналған көпфункционалды алаң пайдалануға берілді. Оның ауданы 1 000 шаршы метрге жуық.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 5 балалар алаңы, сондай-ақ автотұрақ пен футбол алаңы салынды.

Өткен жылы аяқталмаған Сандригайло көшесіндегі № 63/1, 65, 67, 69 үйлердің ауласында жаттығу алаңын орнату жобасы бойынша қажетті материалдар мен шағын сәулет нысандары сатып алынды. Қазіргі уақытта оларды орнату жұмыстары жүргізілуде.

Қала құраушы кәсіпорынның қаражаты есебінен қаржыландырылатын «TuganQala» қоғамдық аумақтарды абаттандыру жобасын іске асыру жалғасуда. Ағымдағы жылы балалар ойын және спорт алаңдарын жайластыру, автотұрақтар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын салу, сондай-ақ шағын сәулет нысандарын орнату бойынша 9 жобаны іске асыру жоспарланған. Қаржыландыру көлемі 109 млн теңгені құрайды.

3 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттерін ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Осы мақсаттарға қалалық бюджет қаражатынан 57,4 млн теңге бөлінді.

11-шағынаудандағы, әмбебап дүкен (ЦУМ) ауданында орналасқан «BALALAND» аттракциондар паркі пайдалануға берілді. Ашық аспан астындағы заманауи отбасылық ойын-сауық кешені барлық жастағы келушілерге арналған.

Саябақ аумағында жеке кәсіпкер 10 заманауи аттракцион орнатты. Жаңа нысан қала тұрғындары мен қонақтарының отбасылық демалысы мен белсенді уақыт өткізуіне қолайлы жағдай жасайды.

Қоғамдық көлікті жаңғырту аясында Рудный қаласының тасымалдаушылары «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, автобус паркін жаңарту жобасын іске асыруда. Қаржылық лизинг шарттары және Қостанай облысының әкімдігі, Рудный қаласының әкімдігі, «QazTehna» ЖШС, тасымалдаушылар мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арасындағы бесжақты келісімдер жасалды. Отандық өндірістің 37 жаңа автобусы сатып алынды. Бұл жылжымалы құрамды едәуір жаңартуға, халыққа көрсетілетін көлік қызметінің сапасын арттыруға және жолаушылар үшін барынша қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік берді.

Ағымдағы жылы мобильді байланыс желісін ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Қостанай облысының әкімдігі мен «MobileTelecomService» ЖШС (Tele2/Altel брендтері) арасындағы меморандум аясында қалада 14 биік байланыс тірегін орнату жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа мұнаралар қаладағы желінің өткізу қабілетін шамамен 50%-ға арттырады деп жоспарлануда. Бір станция бір мезгілде 200-ден 300-ге дейін абонентке қызмет көрсетеді, ал тәулігіне ол арқылы 2 000-нан 5 000-ға дейін бірегей пайдаланушы өтеді. Қамту радиусы 500 метрден 1,5 километрге дейінгі аралықты құрайды.

4. Әлеуметтік сала нысандарын дамыту

Білім берудің барлық деңгейінде сапалы білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету Рудный қаласын одан әрі дамытудың маңызды шарттарының бірі болып табылады.

Ағымдағы жылдың 5 ақпанынан бастап «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған, оқыту қазақ тілінде жүргізілетін 900 орындық № 8 мектеп жұмысын бастады. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.

Биыл Рудный қаласындағы 29 білім беру ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бұқаралық спортты дамыту жұмыстары спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу арқылы жүзеге асырылуда. 8 ай ішінде 449 іс-шара өткізілді. Қалада барлығы 2 279 спорт секциясы (тобы) жұмыс істейді, онда 47 мың адам жаттығады. Қаланың спорттық инфрақұрылымында 63 спорт түрі қамтылған, оның 27-сі – олимпиадалық спорт түрлері.

Қала спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Жарыстарда 19 алтын, 10 күміс және 10 қола медаль жеңіп алынды.

Рудный спортшыларының облыстық чемпионаттар мен біріншіліктерге, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуы дене шынықтыруды насихаттауға және қала тұрғындары арасында спортты кеңінен танымал етуге ықпал етеді.

5. Инвестициялық қызмет

Қала экономикасын одан әрі дамытуда инвестициялық қызмет маңызды рөл атқарады. Жеке инвестицияларды тартуға, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейтуге, экономиканы әртараптандыруға, инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жаңа жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылады.

Жалпы, Рудный қаласы бойынша 2026–2030 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалар пулы жалпы сомасы 315 млрд теңгені құрайтын 25 жеке инвестициялық жобаны қамтиды. Оларды іске асыру нәтижесінде 1 408 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. 2026 жылы жалпы сомасы 8,6 млрд теңгеге 12 инвестициялық жобаны іске асыру және 115 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Ағымдағы жылдың басынан бері жалпы сомасы 7,7 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, нәтижесінде 101 жаңа жұмыс орны құрылды.

«ССГПО» АҚ сүзу бөлімшесін жаңғыртуды аяқтады. «Казогнеупор-2015» ЖШС екі жобаны іске асырды: Тәжірибелік цехтың бір бөлігін орталық зауыт зертханасы ретінде қайта жаңарту және Тәжірибелік цехтың бір бөлігін престелген отқа төзімді бұйымдар өндіретін учаскеге айналдыру бойынша реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. «Фортуна» супермаркеті салынды.

Жаңа аттракциондар паркі ашылды. «L-Trading» ЖШС қолданыстағы өндірісті кеңейту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асырды. Қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу үшін қосымша арнайы техника сатып алынды. «Nephrolife» ЖШС диализ орталығы ашылды. «МонЭлит» ЖШС автокөлік жуу кешенінің ғимараты реконструкцияланды.

Жыл соңына дейін жалпы сомасы 870 млн теңгені құрайтын тағы 4 инвестициялық жобаны аяқтау және 14 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Олардың қатарында «Казогнеупор-2015» ЖШС-нің өндірісті дайындау цехының бір бөлігін және дайын өнім қоймасын бокситті ұсақтау және кептіру цехына айналдыру бойынша реконструкциялау, нарық аумағында «Бірлік» сауда павильонын, Парковая көшесінде сауда орталығын және өндірістік базаны салу жобалары бар.

Инвестицияларды тартуға және іске асырылуы қаланың экономикалық әлеуетін нығайтуға әрі жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін перспективалы жобалар портфелін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінеді.

Жалпы инвестициялық пул 306 млрд теңге көлеміндегі инвестицияларды көздейтін 13 перспективалы жобаны қамтиды. Оларды іске асыру нәтижесінде 1 293 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Ең ірі жобалардың бірі – «Qostanai Grain Industry» ЖШС-нің құны 71 млрд теңгені құрайтын бидайды терең өңдеу зауытын салу жобасы. Жоба жылына 415 000 тонна бидай өңдеуге есептелген және 650 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жобаның екінші кезеңі «KazFoodProducts» ЖШС-нің құны 151 млрд теңгені құрайтын SAF авиациялық отынын өндіру зауытын салуды көздейді. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға дейін биоэтанол өндіруге мүмкіндік береді. Жоба аясында 150 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында «Turan Sugar – Tobyl» ЖШС-нің құны 106 млрд теңгені құрайтын қант зауытын салу жобасы жоспарлануда. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 200 мың тоннаға дейін қант өндіруге мүмкіндік береді. Жоба аясында 350 жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар, екі май экстракциялау зауытын салу жоспарланған. «Oil-Axis» ЖШС тәулігіне 1 мың тоннаға дейін шикізат өңдеп, өсімдік майы мен күнжара өндіретін, құны 7,5 млрд теңгені құрайтын жобаны іске асырады. Кәсіпорында 120 жұмыс орнын құру көзделген.

«Melton Kzk» ЖШС тәулігіне 300 тоннаға дейін күнбағыс, зығыр, рапс және соя тұқымдарын өңдейтін зауыт салуға 1,68 млрд теңге инвестиция салады. Жоба аясында 120 жұмыс орнын ашу жоспарланған.

«Kaz Golden Wheat Wave» ЖШС-нің құны 5 млрд теңгені құрайтын астық пен май өнімдерін өңдеу зауытын салу жобасы тәулігіне 500 тоннаға дейін шикізат өңдеп, жемдік ұн мен өсімдік майларын өндіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде 150 жұмыс орны құрылады.

«QazaqGaz Onimderi» ЖШС-нің құны 15,1 млрд теңгені құрайтын сұйытылған табиғи газ өндіру зауытын салу жобасы жылына 50 мың м³-ге дейін өнім шығаруға есептелген. Жоба аясында 62 жұмыс орнын құру көзделген.

«Құрылыс Стандарт-2026» ЖШС-нің құны 10 млрд теңгені құрайтын сауда алаңдары бар көпфункционалды коммерциялық орталық пен тұрғын үй кешенін салу жобасы жалпы ауданы 45 мың шаршы метр болатын 800 пәтерді, сондай-ақ 12 мың шаршы метр сауда және 4 мың шаршы метр коммерциялық алаңдарды салуды қамтиды. Жоба нәтижесінде 110 жұмыс орны ашылады.

«PROMO Торг 2025» ЖШС-нің құны 350 млн теңгені құрайтын ұсақтау-сұрыптау кешенін орнату жобасы құрылыс тасын өңдеп, жылына 375 мың тоннаға дейін қиыршық тас өндіруге мүмкіндік береді. 27 жұмыс орнын құру жоспарланған.

«Рудныйсоколовстрой» АҚ-ның құны 120 млн теңгені құрайтын өндірістік желілерді жаңғырту жобасы құрғақ құрылыс қоспалары мен ПВХ бұйымдарын өндіру көлемін арттыруға бағытталған. Нәтижесінде 6 жұмыс орны ашылады.

«Kaz-Com Group» ЖШС-нің құны 100 млн теңгені құрайтын алюминийді қайта балқыту цехын салу жобасы жылына 1 мың тоннаға дейін шикізат өңдеуге және 10 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау саласында «Рудный қаласының № 2 емханасы» ЖШС-нің құны 3,3 млрд теңгені құрайтын, бір ауысымда 150 адам қабылдайтын емхана салу жобасы жоспарлануда. Жобаны іске асыру нәтижесінде 152 жұмыс орны ашылады.

«Аят» кәсіби клубы» ЖШС-нің құны 5,2 млрд теңгені құрайтын спорттық-сауда-ойын-сауық орталығын салу жобасы спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған және 16 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«Deka-PS» ЖШС-нің құны 539 млн теңгені құрайтын жол бойындағы сервистік кешен салу жобасы жанармай құю станциясы мен автомобильдерге газ құю станциясын салуды қамтиды. Жоба аясында 15 жұмыс орнын құру көзделген.

Аталған жобаларды іске асыру қала экономикасын одан әрі әртараптандыруға, жаңа өндірістерді дамытуға және халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

6. Проблемалық мәселелер

Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика байқалғанымен, қазіргі уақытта кезең-кезеңімен шешуді және жақын перспективада тиісті шаралар қабылдауды талап ететін бірқатар жүйелі мәселелер сақталуда.

Бірінші мәселе – Рудный қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу.

Қолданыстағы бас жоспар қаланың одан әрі даму перспективаларын, атап айтқанда өнеркәсіптік инфрақұрылым нысандарын орналастыру мен дамыту мәселелерін толық көлемде ескермейді.

Қазіргі уақытта қалада және оған іргелес аумақта жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындар салуды көздейтін бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Осыған байланысты өндірістік нысандарды, инженерлік және көлік инфрақұрылымын орналастыруға арналған аумақтарды уақтылы айқындау, сондай-ақ тиісті қала құрылысы саясатын қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр.

2025 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен Рудный қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу жұмыстарын қаржыландыру басталды. Шарт екі жыл мерзімге жасалған, алайда 2026 жылға облыстық бюджеттен қаржыландыру көзделмеген.

Жұмыстарды жалғастыру үшін 192 млн теңге көлемінде қаржыландыру қарастыру қажет.

Екінші мәселе – автомобиль жолдарының жағдайы және жол қозғалысы қауіпсіздігі.

Қаладағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 252 км құрайды. Оның ішінде тек 126 км немесе 47%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Қалада, оның ішінде ауыр зардаптарға және адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғалары мәселесі өзекті болып отыр.

Апаттылықтың себептерінің бірі – жол төсемінің жекелеген учаскелерінің қанағаттанарлықсыз жағдайы, сондай-ақ кейбір автомобиль жолдарының өткізу қабілеті мен енінің жеткіліксіздігі.

Осыған байланысты автомобиль жолдарына ағымдағы және орташа жөндеу жүргізумен қатар, көше-жол желісін реконструкциялау мәселесін кешенді түрде шешу қажет. Бұл жекелеген жол учаскелерін кеңейтуді, олардың өткізу қабілетін арттыруды және жол инфрақұрылымын қауіпсіздіктің заманауи талаптарына сәйкестендіруді қамтиды.

2025 жылы қаланың 4 негізгі жолын – Ленин, Парковая, Марите көшелерін және Комсомольский даңғылын реконструкциялау бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаларды іске асыру үшін 14,1 млрд теңге қажет.

Үшінші мәселе – кварталішілік жолдардың жағдайы, автотұрақ орындарын ұйымдастыру және кварталішілік жарықтандыру.

Рудный қаласының тұрғын үй құрылысы халықтың автомобильдену деңгейі қазіргіге қарағанда едәуір төмен болған кезеңде қалыптасты. Сондықтан бүгінгі таңда бірқатар аулаларда автотұрақ орындарының тапшылығы байқалады.

Бұл мәселені шешу аула аумақтарын кешенді абаттандыруды талап етеді. Атап айтқанда, автотұрақтар салу, кварталішілік жолдарды жөндеу, көгалдарды қалпына келтіру, балалар және спорт алаңдарын абаттандыру, сондай-ақ жарықтандыру жүйесін дамыту қажет.

Төртінші мәселе – тұрғын үйлердің қасбеттерін бірыңғай сәулеттік келбетке келтіру.

Қаланың тұтас, заманауи және эстетикалық келбетін қалыптастыру үшін тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту және абаттандыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру қажет.

Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлердің шатырларын жөндеу мәселесі де өзекті болып отыр. Шатырлардың тозуы көбінесе су ағуына, үй-жайлардың жағдайының нашарлауына және тұрғындардың шағымдарына әкеледі. Бұл мәселені жоспарлы түрде шешіп, қосымша қаражат тартуды талап етеді.

Бесінші мәселе – емхана салу.

Денсаулық сақтау саласындағы проблемалық мәселелердің бірі – қалалық емханалардың шамадан тыс жүктелуі.

Медициналық көмектің тиімділігі мен сапасын одан әрі арттыру мақсатында бір ауысымда 150 адам қабылдайтын емхана салу жоспарлануда.

Алтыншы мәселе – стадион салу.

Рудный қаласында жеке меншіктегі бір ғана стадион жұмыс істейді. Бұл спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін және бұқаралық әрі ресми спорттық іс-шараларды өткізу мүмкіндіктерін шектейді.

Футбол алаңы, жеңіл атлетикалық жүгіру жолдары, трибуналар және жеңіл атлетика секторлары бар, 1 500 орындық мемлекеттік стадион салудың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі уақытта жоба сараптамадан өтуде, алайда оны қаржыландыру мәселесі әлі шешілген жоқ.

Жетінші мәселе – ескірген көше жарықтандыру жүйелерін ауыстыру.

Желілердің тозуына және қолданыстағы шамдардың тиімділігінің жеткіліксіздігіне байланысты қаладағы көше жарықтандыру жүйесін одан әрі жаңғырту қажет.

Қолданыстағы шамдарды ауыстыруды қоса алғанда, көше және кварталішілік жарықтандыруды жаңғырту бойынша жалпы сомасы 1,067 млрд теңгені құрайтын сметалық құжаттама әзірленді. Қаржыландыру мәселесін шешу қажет.

Қорытындылай келе, есепті кезеңге қойылған міндеттер жалпы алғанда орындалып жатқанын атап өткім келеді. Сонымен қатар бірқатар бағыттар бойынша одан әрі шешуді талап ететін мәселелер сақталуда.

Негізгі тежегіш фактор бюджет ресурстарының шектеулілігі болып отыр. Осыған байланысты қаланың барлық өзекті мәселелерін белгіленген мерзімде және қажетті көлемде шешу мүмкін болмай отыр.

Алдағы кезеңде негізгі күш-жігер жоспарланған жобаларды іске асыруға, инфрақұрылымды дамытуға, инвестициялар тартуға және қолда бар бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталады.

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-rudnyi-kalasy-akimat/documents/details/1080168?lang=kk