Анықтама
РММ «Ертіс аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу нәтижелері бойынша
Павлодар.қ 23.09.2026 жыл
Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының 08.09.2026 жылғы № 23-36-1-03-204-ө «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы» бұйрығының негізінде жұмыс тобы РММ «Ертіс аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында» (бұдан әрі – Басқарма) 01.05.2025 жылдан 01.05.2026 жылға дейінгі кезеңде жетекшілік ететін сала мәселелері бойынша тексеру жүргізді.
Ауруханаішілік инфекцияларды бақылау бөлімі
Тексерілетін кезеңде Басқарма тергеп-тексеру нәтижелері бойынша анықталған 5 жоспардан тыс тексеруді, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында 8 тергеп-тексеруді талдады.
Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің фактілері анықталған жоқ.
Білім беру және тәрбиелеу объектілерін бақылау
Тексерілетін кезеңде білім беру және тәрбиелеу объектілерін бақылау бөлімі бойынша Басқарма жоспарлы, жоспардан тыс тексерулер жүргізбеген, өтініштер мен шағымдар түспеген.
Басқарма Буланбай ауылының «Буланбай жалпы білім беретін орта мектебі» КММ-не қатысты бармай профилактикалық бақылау жүргізді. Профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша 2025 жылғы 21 қазанда қызметке тыйым салу туралы жедел ден қою шарасын (ЖДШ) қолдану жөнінде № 1 МСЭҚ қаулысы шығарылды; анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсыным жолданды.
Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің фактілері анықталған жоқ.
Мемлекеттік қызметтер көрсету
Тексерілетін кезеңде білім беру және тәрбиелеу объектілерін бақылау бөлімі бойынша Басқарма 1 санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды берген, уәжді бас тартулар берілмеген.
2025 жылғы 24 желтоқсанда берілген № KZ96VWF00487213 СЭҚ-да, Павлодар облысы білім басқармасының Ертіс ауданының білім бөліміне қарасты «Буланбай негізгі жалпы білім беретін мектебі» КММ-не берілген, объектінің санитариялық қағидалар талаптарына сәйкестігін бағалау үшін қажетті мәліметтер толық көлемде ұсынылмаған.
Атап айтқанда, спорт залының үй-жайлар жиынтығы, шкафтардың (ілгіштердің), орындықтардың болуы және спорттық мүкәммалдың жай-күйі туралы; кір жуатын орынның болуы немесе кір жуатын орынмен жасалған шарттың болуы туралы мәліметтер жоқ.
Жоғарыда көрсетілген бұзушылықтар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатады.
Тамақтану объектілерін бақылау
Қоғамдық тамақтану объектілерін бақылау бөлімі бойынша Басқарма азаматша Белоусова Л.В.-ның 09.09.2025 жылғы № ЖТ-2025-03100561 өтініші негізінде Иртышск қаласы, Исы Байзаков көшесі, 8А мекенжайында орналасқан «Tasty Food» кафесіне, ЖК Кошкарова М.-ға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді (тексеруді тағайындау туралы акт № 2555460000602012/00025, 12.09.2025 жылғы).
Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша өтініште көрсетілген фактілер расталды. ЖК Кошкарова М.-ға қатысты айыппұл түрінде әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды 25.10.2025 жылға дейін жою туралы нұсқама берілді.
Сонымен бірге жоспардан тыс тексеру материалдарын зерделеу кезінде оны тағайындау және жүргізу тәртібінің бұзылғаны анықталды.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – ҚР КК) 144-бабы 4-тармағының 2-бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу туралы жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс тексеру бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) алдын ала хабардар етпестен жүргізіледі. Алайда Басқарманың маманы бақылау субъектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізілетіні туралы хабарлама жолдаған, бұл ретте хабарламада тексеру жүргізудің дұрыс көрсетілмеген кезеңі де көрсетілген.
Бұдан басқа, тексеруді Тексерулерді тіркеу және есепке алудың бірыңғай жүйесінде (ТТТЕБЖ) тіркеу кезінде бұрын берілген рұқсат беру құжатына сәйкестігіне мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау жүргізуге арналған тексеру парағы қолданылған. Бұл ретте тексеру парағында жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған азаматшаның өтінішінде көрсетілген фактілер мен мән-жайларға байланысты емес тармақтар, оның ішінде үй-жайларды әрлеуге, жасанды жарықтандыруға және өзге де мәселелерге қойылатын талаптар қолданылған.
Өтініштің фактілері мен мән-жайларына және жоспардан тыс тексеруді тағайындау негіздеріне байланысты емес мәселелердің тексеру парағына енгізілуі ҚР КК 144-бабының 7) тармақшасының талаптарын сақтамауды көрсетеді.
Кейіннен бұрын берілген нұсқаманың орындалуын бақылау мақсатында Басқарма 2025 жылғы 11 қарашадағы № 2555460000602012/00035 тексеруді тағайындау туралы акт негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Аталған тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жоқ. Сонымен бірге нұсқаманың тармақтарының орындалуы бойынша ЖК Кошкарова М. қол қойған жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы акт ұсынылған материалдарда жоқ.
Осылайша, анықталған кемшіліктер жоспардан тыс тексерулерді тағайындаудың, тіркеудің және жүргізудің белгіленген тәртібінің тиісінше сақталмағанын, сондай-ақ мемлекеттік бақылау материалдарын ресімдеудің жеткіліксіз толықтығын көрсетеді.
Мемлекеттік қызметтер көрсету
Тексерілетін кезеңде тамақтану объектілерін бақылау бөлімі бойынша Басқарма жобалық құжаттамаға сараптама жүргізбеген, объектілерге санитариялық- эпидемиологиялық қорытындылар берілмеген, уәжді бас тартулар берілмеген.
Коммуналдық объектілерді бақылау
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу тізімі бойынша 2026 жылдың I жартыжылдығына жүргізілген тексеру барысында Ертіс ауданы Голубовка ауылының КХ «Нан» сенімгерлік басқаруындағы су құбыры бойынша бақылау субъектісінің тексеру нәтижелері туралы актімен және нұсқамамен танысу мерзімдерін бұзу анықталды. Осылайша, 20.04.2026 жылғы № 3 тексеру нәтижелері туралы акт және нұсқама тапсырысты хатпен жолданған ( RN149649757KZ түбіртегі, 04.05.2026 ж.).
Құқықтық жұмыс бөлімі
2026 жылғы 01 мамырдан 31 мамырға дейінгі тексеру материалдарын және 2025 жылғы 01 мамырдан бастап Басқарма ұсынған материалдарды зерделеу барысында келесі бұзушылықтар анықталды:
Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындау туралы актімен субъект танысқанға дейін объектіге шығу фактісі бар.
Осылайша, 2025 жылғы 02 мамырдағы № 4 бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау актісі бойынша тексеруді тағайындау туралы актімен тексерілетін субъект 2025 жылғы 05 мамырда танысқан, ал нәтижелер туралы актіде көрсетілген мәліметтер бойынша тексеру 02 мамырда басталып, 12 мамырда аяқталған, яғни тексерілетін субъект лауазымды тұлғаның тексеруге шығу күнінен кейін танысқан.
Кәсіпкерлік кодекстің талаптарын бұза отырып (147-баптың 2-тармағы), бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізудің басталуы бақылау және қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті тұлғасына, жеке тұлғаға) бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні табыс ету күні және тексеру парағымен (ол болған жағдайда) бақылау және қадағалау субъектісінің танысуы болып есептеледі, онда бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауға және (немесе) тексеруге жататын талаптардың тармақтары көрсетіледі, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе.
2025 жылғы 12 мамырдағы № 4 бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нәтижелері туралы акт, 2025 жылғы 12 мамырдағы № 4 бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілмеген. 2025 жылғы 19 мамырдағы № RN 149645097KZ хабарламасы бар тапсырысты хатпен жолданған, бұл жөнелту туралы түбіртекпен және бұзушылықтарды жою туралы нұсқамадағы лауазымды тұлғаның белгісімен расталады.
2025 жылғы 12 мамырдағы № 4 тексеруді тағайындау туралы акт бойынша тексеру нәтижелері туралы актінің 9-тармағында тексеру нәтижелері бойынша тексерілетін субъектінің ескертулері және (немесе) қарсылықтары бар екендігі туралы белгі жоқ.
2025 жылғы 12 мамырдағы № 4 бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың 7-тармағында «Бақылау және қадағалау субъектісі өкілінің (заңды тұлғаның басшысы не уәкілетті тұлғасы, жеке тұлға), сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан тұлғалардың нұсқамамен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолдары немесе қол қоюдан бас тартуы» деген жерде тексерілетін субъектінің нұсқамамен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы қолы жоқ.
Әкімшілік істерді зерделеуге қатысты
2025 жылғы 01 мамырдан 31 желтоқсанға дейінгі және 2026 жылғы 01 қаңтардан 01 мамырға дейінгі тексерілетін кезеңде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізулер планшет арқылы қысқартылған тәртіппен қозғалған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы барлық істер бойынша өндіріп алу толық көлемде жүргізілген.
РММ «Ертіс аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына» ұсынымдар:
РГУ «Иртышское районное управление санитарно-эпидемиологического контроля ДСЭК ПО КСЭК МЗ РК» ұсынымдары:
1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-336/2020 «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес мемлекеттік қызметтерді сапалы қарауды және көрсетуді қамтамасыз ету.
2. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қолданыстағы заңнаманың талаптарын, оның ішінде актілерді, құжаттарды тиісінше ресімдеу және тексерулерді тағайындау мен жүргізу тәртібін сақтау бөлігінде сақтау.
3. Анықталған бұзушылықтарды ұсынымдар бойынша жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, Департаменттің персоналды басқару қызметіне 05.10.2026 жылға дейін ұсыну.
4. Анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпаратты Департаменттің персоналды басқару қызметіне 15.10.2026 жылға дейін ұсыну.